Басы » Акимат » Жаңалықтар » Шығыс Қазақстан облысы мәслихаттарының азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етудегі рөлі
Шығыс Қазақстан облысы мәслихаттарының азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етудегі рөлі
Автор: Акимат
21-02-2017 15:47
Шығыс Қазақстан облысы мәслихаттарының азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етудегі рөлі
17 ақпан, жұма күні Семей қалалық әкімдігінде «Шығыс Қазақстан облысы мәслихаттарының азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етудегі рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған қала әкімі Ермак Сәлімов пен Семей қаласы мәслихатының хатшысы  Бейсенбек Ақжалов, ШҚО-ға қарасты қалалар мен аудандардың мәслихат хатшылары қатысты. 
Мәслихат хатшыларының алғашқы басқосуының мақсаты кездесуді жүйелі сөз бен жүйрік ойдың жарыс алаңына айналдыру және тәжірибе алмасу, мемлекет басшысы тапсырмалары мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру жолдарын айқындау болатын. Сондай-ақ дөңгелек үстел басында жергілікті өзін-өзі басқарудағы мәслихаттардың рөлі, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен спортты дамыту мәселелері талқыланды. 
Аймағымыздағы қалалық, аудандық мәслихат хатшыларының киелі Семей шаһарындағы мәдени орындар мен білім ошақтарын аралап, мекемелердің жұмысымен танысуы да жоспарда қарастырылған. Алғашқы рет ұйымдастырылса да, мәслихат хатшыларының кездесуінің маңызына тоқталған Ермак Бидахметұлы дөңгелек үстел жұмысына сәттілік тілеп, аудандардағы дарынды балалар үшін Семейдегі білім және спорт нысандарының есігі әрқашан ашық екенін атап өтті.  
- Кездесу бағдарламасына сәйкес, сіздер Назарбаев Зияткерлік мектебімен танысасыздар. Дарынды балаларға арналған мектепте интернат та бар. Сіздердің аудандарыңыздағы талантты балақайлардың сол мектептің қабырғасында біліммен қарулануына мүмкіндік мол. Сондай-ақ спорт академиясында да 200 орынға арналған интернат жұмыс істеп тұр. Облыс әкімі Даниал Ахметов ауылдық жерлердегі болашағы жарқын жас спортшыларды тартуды тапсырған. Соған сәйкес, өңірлердегі спортқа ынтасы бар палуандар мен спорт саңлақтарын дайындауға жол ашық. Спорт нысанында жағдай жасалған, білікті жаттықтырушылар да осында,- деген Ермак Сәлімов дөңгелек үстел жұмысына қатысушыларды бұл бағытта бірлесе жұмыс атқаруға шақырды. 
Жиын барысында билік пен бұқара арасындағы алтын көпір іспетті халық қалаулыларының рөлі талқыланып, тақырыпты Бесқарағай аудандық мәслихатының хатшысы Қайырбек Сыдықов таразылады. 
-«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 97-98-ші қадамдары жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіруге бағытталған. Оның негізгі мақсаты – халық пен биліктің арасын жақындату. Биылғы жылдан бастап 6 түрлі салық төлеу түсімдері жергілікті әкімдерге берілді. Жергілікті әкімдік салықты өздері жинап, ауыз су немесе жол, өзге де түйткілді мәселелерін шешу мақсатында ұқсату мүмкіндігіне ие болды. Осы кезде депутаттардың, оның ішінде мәслихат депутаттарының рөлі жоғары болуы керек,- деп атап өтті Қайырбек Қажыбайұлы. 
Шараның негізгі бөлімі - дөңгелек үстелден кейін қонақтар шаһардағы тарихи, мәдени орындар мен білім ошақтарын аралады. Кездесу жоғары дәрежеде өтті деп бағалаған олар шараны ұйымдастыру дәстүрге айналса деген тілекпен тарқады.  
   
Әйгерім Сәрсенғали,
«Семей таңы»