Басы » Акимат » Мәдениет » Наурыз – көктемнің туған күні
Наурыз – көктемнің туған күні
Автор: Акимат
17-03-2017 16:32
Наурыз – көктемнің туған күні
Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Наурыз – көктемнің туған күні» атты әдеби-сазды кеш өткізілді. Шараға М.Төлебаев атындағы Музыкалық училищесінің және «Жастар» колледжінің студенттері   шақырылды. 
Кітапхана қызметкері кіріспе сөзінде шығыс халықтары үшін Наурыз мерекесі - өзіне ғана тән, қайталанбас сипаттарымен ерекшеленетінін, Наурызды мерекелеу дәстүрі - қайырымдылық, ізгілік, мейірімділік, көрегендік сынды үздік адами қасиеттерге бағытталғанын әңгімелеп берді. Сондай-ақ, бұл күннің келуін халық асыға күтетінін де тілге тиек етті.
«Наурыз жаңарудың, тазарудың, махаббаттың және сұлулықтың символы, көктем келіп, жаңа өмірдің басталуы», - деген кітапханашы орта ғасырдағы шығыстың ғұламалары Махмұт Қашқари, Əбу Райхан Бируни, Ə.Фердоуси, Ə.Науаи, О.Хаямнан бастап, көрнекті қазақ ғалымдары мен әдебиетшілері Абай Құнанбаев, Əлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сəкен Сейфуллиндердің осы тамаша мерекеге арнап әдеби шығармалар мен ғылыми еңбектер жазғанын атап өтті.
Бұдан әрі Б.Камзиннің жетекшілігімен М.Төлебаев атындағы Музыкалық училищесінің студенттері дайындаған «Наурыз-Думан» атты театрландырылған қойылым қатысушылар назарына  ұсынылды. 
Бұл көріністің әдемі бір ұмытылмас сәті Қыдыр атаның қатысушыларға игі бастамалар мен жақсылықтар тілеп, батасын беруі болды. Қойылымға Ару-көктем, Сері-жігіт, Айсұлу, Күнсұлу, Ақсақал және бәйбіше қатысты.
Шараның жалғасында оқырмандардың назарына кітаптар, журналдар, сонымен қатар ыдыс-аяқ, ұлттық киімдер қойылған «Айналаны нұрландырып Әз Наурыз келді!» атты  көрме-инсталляция ұсынылып, ұлттық тағамдармен толыққан мерекелік дастархан жайылды.
Шара барысында қатысушылар өз алғыстарын білдіріп, бүгін шарада көп дүниелерге қанық болғандарын жеткізіп, алған әсерлерімен бөлісті. 
Кештің соңында қатысушылар ұлтымыздың дәстүрлі де, сыйлы тағамы «Наурыз көжеден» дәм татып тарқасты.
 
 
Қалалық орталық кітапхана