Басы » Акимат » Мәдениет » «Жауһар жырды жүрегінде тербеген» атты оқу марафоны
«Жауһар жырды жүрегінде тербеген» атты оқу марафоны
Автор: Акимат
19-05-2017 09:21
«Жауһар жырды жүрегінде тербеген» атты оқу марафоны
Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкерлері Орталық мәдениет және демалыс саябағының қолдауымен «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында «Жауһар жырды жүрегінде тербеген» атты оқу марафонын өткізді. Саябақта өткен оқу марафонына барлық әдебиетке жаны жақын азаматтар, тұрақты оқырмандар, студенттер, қала тұрғындары мен қонақтары және жас ақындар қатысты.
Оқу марафоны – кітапты жаппай оқу үрдісін ілгерілетудің барынша тиімді жолы. Оны өткізу «Бір ел – бір кітап» акциясының мақсат-міндеттеріне өте ұқсас - оқуды насихаттау, оқу мәдениетін қалыптастыру, ғасырлар қойнауынан талып жеткен тарихи-мәдени мұраларымызды көздің қарашығындай етіп сақтау, сондай-ақ жастарымыздың бойында отаншылдық, өнегелілік тәрбие қалыптастыру.    
Оқу марафонының мақсаты – жыр сұлтаны атанған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өшпес мұраларына өздігімізше баға беру. Алаштың ардақты ақыны қалдырған өсиет-ойлар өзі өмір сүрген ортасында ғана емес, жылдар жылжып, ғасыр асса да мән-мағызын жоғалтпай отырғанын көпшілікке жеткізу.
Оқу марафонын алғаш боп бастаған жергілікті ақын Мұрат Сұлтанбеков: «Сұлтанмахмұт Торайғыров қазақ поэзиясына айтарлықтай үлес қосты, оның өлеңдері қазақ әдебиетінің асыл қазынасына енді, бірнеше ұрпақтың игілігіне айналды. Оның болашаққа ұмтылған әдеби мұрасы өсіп келе жатқан ұрпақты патриотизм мен Отанға деген махаббатқа тәрбиелеудің адамзаттық мәніне ие», - деп эстафетаны келесі қатысушыларға табыстады.
Марафон қатысушылары кезекпен қолдарына С.Торайғыровтың патриоттық, лирикалық өлеңдерін алып, мәнерлеп оқып қана қоймай, оның сезімге толы өршіл жырларының мән-маңызын терең талдап, жүрекке жылы тиіп, көңілге қонған ой орамдары жөнінде пікірлесті. Кітап дейтін киелі ұғымның алар орны айрықша екендігіне оқу марафоны арқылы тағы бір рет көз жеткізгендіктерін айтып, шараны ұйымдастырған кітапхана қызметкерлеріне шексіз ризашылықтарын білдірді. 
Сондай-ақ шара барысында тақырыптық көрме ұйымдастырылып, ОКЖ қызметі, акция тарихы жайлы түрлі жаднамалар, дайджест-ақпарат, буклеттер, бетбелгілер таратылды.
Марафонды ақын, республикалық айтыстар мен жыр мүшайраларының жүлдегері Жанарбек Торайғыров:  «С.Торайғыров – қазақ тарихында ой-санасы ең қырағы, ең қанатты, ең қазыналы қайраткерлердің бірі. Ол қалдырған өсиет-ойлар жылдар жылжып, қанша заман ауысса да мән-маңызын жоғалтпақ емес. Бұл өшпес мұралар - біздің өмірлік бағдаршамымыз болуға тиіс», - деп қорытындылады.
Шара соңында Орталық мәдениет және демалыс саябағы әншілерінің орындауындағы патриоттық әндерге кезек берілді.
 
Қалалық орталық кітапхана