Басы » Акимат » Қаланың басқа жаңалықтары » Ауыл жастары футболдан жарысқа түсті
Ауыл жастары футболдан жарысқа түсті
Автор: Акимат
31-08-2017 15:11
Ауыл жастары футболдан жарысқа түсті
Ертіс ауылдық округінің Мұқыр ауылында Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл, қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, Қазақстан ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың туғанына 120 жыл және Қазақстан Республикасының Конституциясы күні аясында футболдан жарыс өтті. Іс-шара Ертіс ауылдық округі әкімінің аппараты және «Қазақстан жастарын қолдау» ШҚО  ЖҚБ-ның ұйымдастырылуымен өтті.
Елбасы 2020 жылға дейін қазақстандықтардың 30 пайызы дене шынықтырумен айналысуы қажет деп мақсат қойған болатын. Және де «100 нақты қадам" ұлттық іс-шаралар жоспары аясында елде бұқаралық спортты дамытуға басымдық беріледі делінген.Сол себепті, Елбасымыздың Қазақстан халқы алдына қойған мақсаттарды орындау жолында өткізген жарысымыз біздің өңіріміздегі игі бастамалардың бірі. 
Жарыстың басты мақсаты Елбасымыздың «Дені сау ұлт- жалпы ұлттық міндет» стратегиялық жоспарын жүзеге асыруға атсалысып, салауатты өмір салтын насихаттау, өскелең ұрпақты жат қылықтардан аулақ болуға шақыру және көршілес округ жастары арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту. 
Футбол жарысында 6 команда бақ сынасты. Жарысқа қатысушылар нағыз аяқдоп шеберлері болмаса да ойыншылардың аяқ алысы жаман болмады, тартысты ойын көрсетті. 
Жарыстың қорытындысы бойынша  Қасқабұлақ ауылынан келген команда 4 орынға табан тіресе, 3 орынды «Бөкенші» командасы иеленді, 2 және 1 орынды алаң қожайындары Ертіс ауылдық округінің «Түрксіб 1», «Түрксіб 2» командалары қанжығаларына байлады.  Үздік атанғандар да құр қол қайтқан жоқ, марапаттарға ие болды. Аманов Сержан (Бөкенші ауылы) «Үздік қорғаушы» атанса, Жакенов Дидар (Мұқыр ауылы) «Ең үздік қақпашы», ал Нұрдыбек Ерқұлан «Үздік шабуылшы» номинациясына ие болды.     
Жеңімпаздар Кубокпен, дипломмен, мақтау қағаздарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. 
 
Ертіс ауылдық округі әкімінің аппараты