Акимат » Ахмеров Ғабдулғазиз Ғайнутдинұлы

Ахмеров Ғабдулғазиз Ғайнутдинұлы

 

ҒАБДУЛҒАЗИЗ ҒАЙНУТДИНҰЛЫ АХМЕРОВ

1925 жылы туған. Еңбек қызметін 1942 жылғы ақпанда «Пимокат» артелінің жұмысшылығынан бастаған.
Ұлы Отан соғысына қатысушы. ІІ және ІІІ Украин майдандарында 114-гвардиялық Веналық Қызыл Тулы Суворов орденді әуе-десант дивизиясының құрамында соғысты, Венгрия, Австрия және Чехославакия сияқты Батыс Европа елдерін фашистерден азат етуге қатысты.
Соғыс аяқталғаннан кейін Ғ.Ғ.Ахмеров әуелі Украинада, одан кейін Белоруссияда әуе-десант әскерлеріндегі қызметін жалғастырды. Оған құрметті де жауапты міндет жүктелген еді, ол жауынгердің соғыстан кейінгі жас легін-әуе десантшыларын оқытты.
1950 жылғы сәуірде запасқа шығарылғаннан кейін, ішкі істер органдарында қызмет етті.
Қалалық партия комитетінің жолдамасы бойынша, ол ішкі істер органдарында қызмет атқарды.
1954 жылдан бастап партиялық органдарда жұмыс атқарған.
1973 жылы Киров аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайланып, 1985 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін сонда жұмыс істеді.
Қала және облыс әкімдері жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі.
Қазақстан халқының кіші Ассамблеясы мүшесі болып сайланған.
Жауынгерлік және еңбек қызметі үшін Ғ.Ғ.Ахмеров ІІ дәрежелі Отан соғысы және «Құрмет Белгісі» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Венаны алғаны үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін», «Ерлік еңбегі үшін», «Ерен еңбегі үшін» және басқа да көптеген медальдармен марапатталған.
Көп жылғы адал еңбегі, қаланың дамуына қосқан жеке үлесі, белсенді қоғамдық-саяси қызметі үшін Ғ.Ғ.Ахмеровке «Семей қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.

 

 
Өңдеу күні: 14-06-2011