Акимат » Семей қаласында мәдениеттің дамуы 2013 жылдың 1 қаңтарына

Семей қаласында мәдениеттің дамуы 2013 жылдың 1 қаңтарына

Қаламызда мәдениет саласын кеңейту, дамыту бағытында біршама оң өзгерістер байқалуда, айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Соңғы жылдары бірқатар мәдениет ошақтары ашылды, бірнеше мәдениет мекемесінің ғимараттары күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізілді, қажетті негізгі құралдармен қамтамасыз етілді. Мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың мәдениет мекемелеріне келуін қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында барлық мекемелерде пандустар орнатылды. Полковничи аралында «Бейбітшілік мұражайының» алғашқы тасы қаланды.

Ауыл аумақтарын дамыту мақсатында жасалынған мемлекеттік және аймақтық бағдарламаларды іске асыру бағытында, ауыл тұрғындарын мәдени-демалыс өткізудің тиімді кешенімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы қала өңірі бойынша өткен көркемөнерпаздар байқауына ауыл клубтары белсене қатысып, жылдан-жылға шығармашылық ұжымдардың орындаушылық және сахналық костюмдері жақсаруда, көркемөнерпаздар ұжымдарының саны 2011жылы - 118, 2012 жылы - 132.  Белгілі өнер қайраткерлерін қолдау мақсатында биылғы жылы Невзоровтар отбасы атындағы өнер мұражайының директоры Стромская Т. А. Семей қаласының «Құрметті азаматы» атағына ие болса, Ф. Достоевский театрының директоры Горельников Я. В. «Құрмет» орденімен марапатталды.

Қала көлемінде жыл басынан бері 1 халықаралық форум, 1 Республикалық ән конкурсы, сонымен қатар 400-ден аса әртүрлі облыстық, қалалық және аймақтық деңгейде мәдени шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ биыл кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтың 115-жылдығына орай айтыс өткізіліп, Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 95-жыл толуына орай қалада тұңғыш рет «Алаш апталығы» ұйымдастырылды. Қаламызды өз өнерлерімен тамсандырған Республикалық және Әлемдік деңгейдегі жарық жұлдыздар опера әншілері Медет Шотабаев пен Жұпар Габдуллина,  Тимур Орманчаев, белгілі ақын Несіпбек  Айтұлы, жазушы, сазгер Тұрсынжан Шапай,әншілер Рамазан Стамғазиев, Ұлту Қабаева, әнші, продюсер Майра Ілиясова, жас әнші Әлия Әбікенова және Ресей елінен арнайы қонақ ретінде туған қаламызға келген Е. Петросянның шығармашылық кешін ерекше атауға болады. Семейдің игі қасиетін күллі жаһанға жария еткен 80-нен астам мемлекеттерден өкілдер қатысқан «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» атты Халықаралық  конференциясының орны бір бөлек. Жақында ғана ән дүлділі Әсет Найманбайұлы әндерін орындаушылардың «Інжу-маржан» - атты Республикалық конкурсы қарт Семейдің абыройын тағы бір паш етті.

Ағымдағы жылдың 31 желтоқсанында мәдениет қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Орталық Алаңда қала тұрғындары мен қонақтарына арналған Жаңа 2013 жылды қарсы алу мерекелік кеші өтті. Ұйымдастырылған кеште қаланың жездаңдай әншілері әуелете ән шырқаса, театр әртістері жаңа жылдық қойылымдар көрсетті. Мерекелік шарада Семей қаласының әкімі А.Кәрімов құттықтау сөз сөйлеп, тұрғындарды Жаңа 2013 жылымен құттықтады. Кеш соңы 15 минуттық отшашумен аяқталды.

Өңдеу күні: 16-04-2013