Акимат » Халықтың көші-қоны туралы

Халықтың көші-қоны туралы

Халықтың көші-қоны туралы

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңы

 

      Осы Заң халықтың көші-қоны саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, көші-қон процестерінің құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін айқындайды.

 

   1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР

 

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

 

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) бұрынғы отандас – Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында немесе Қазақстан Республикасында туған немесе бұдан бұрын азаматтығында болған және шетелде тұрақты тұратын адам;
      2) бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету – оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне қоғамға бейімдеу және ықпалдастыру мақсатында көрсетілетін (ақпараттық, заңдық, әлеуметтік, медициналық және білім беру) қызметтер кешені;
      3) келуге және кетуге берілетін рұқсат (бұдан әрі – виза) – осыған уәкілеттік берілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының көшіп-қонушының паспортындағы немесе оны ауыстыратын құжатындағы белгісі, ол визада белгіленген уақытқа, мақсаттарда және шарттармен Қазақстан Республикасының аумағына келуге, оның аумағы арқылы жүріп-тұруға, онда болуға және Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге құқық береді;
      4) еңбек көші-қоны – еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жеке тұлғалардың басқа мемлекеттерден Қазақстан Республикасына және Қазақстан Республикасынан, сондай-ақ мемлекет ішінде уақытша қоныс аударуы;
      4-1) еңбекші көшіп келушіге рұқсат – жұмыс беруші жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыстар орындау (қызметтер көрсету) үшін ішкі істер органдары еңбекші көшіп келушіге беретін, белгіленген нысандағы құжат;
      5) заңсыз көшіп келу – шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың келу және болу тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитті жол жүруді бұза отырып, Қазақстан Республикасына келуі және Қазақстан Республикасында болуы;
      6) заңсыз көшіп келуші – Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, Қазақстан Республикасына келген және Қазақстан Республикасында болатын шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;
      7) көшіп келу – шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру үшін келуі;
      8) көшіп келуші – Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру үшін келген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;
      9) көші-қон – жеке тұлғалардың бір мемлекеттен екінші мемлекетке, сондай-ақ мемлекет ішінде тұрақты немесе уақытша, ерікті түрде немесе мәжбүрлі түрде қоныс аударуы;
      10) көшіп-қонушы – себебі мен ұзақтығына қарамастан, Қазақстан Республикасына келген және Қазақстан Республикасынан кеткен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ішінде қоныс аударушы адам;
      10-1) қабылдаушы тұлға – шетелдіктерді Қазақстан Республикасына уақытша тұру үшін шақыру туралы және (немесе) оларды тіркеу туралы өтініш жасайтын, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматы, шетелдік және азаматтығы жоқ адам немесе Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлға;
      11) Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелері – Қазақстан Республикасының шет елде орналасқан дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктері, сондай-ақ консулдық мекемелері;
      12) қоныс аударушы – тұруға аса қолайсыз экологиялық жағдайлар қалыптасқан және даму әлеуеті төмен елді мекендерден тұрақты тұру үшін Қазақстан Республикасының экономикалық жағынан перспективалы өңірлеріне ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасына сәйкес Қазақстан Республикасының ішінде қоныс аударушы адам;
      13) оралман – тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге қоныстандырылатын және осы Заңда белгiленген тәртiппен тиiстi мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендiк алған кезде одан тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақ және оның Қазақстан Республикасы егемендiк алғаннан кейiн одан тыс жерде туған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары;
      14) оралмандар туралы деректер базасы – оралмандар мен олардың отбасы мүшелері туралы, сондай-ақ оларға көрсетілген мемлекеттік әлеуметтік көмек туралы деректер жиынтығы;
      15) оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі құратын және оралмандардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің уақытша тұруына және оларға бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсетуге арналған заңды тұлға;
       16) алып тасталды - ҚР 10.12.2013 № 153-VЗаңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      17) тұрақты тұруға арналған рұқсат – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтаған кезде көшіп келушілерге ішкі істер органдары беретін және оларға Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру құқығын беретін құжат;
      18) уақытша орналастыру орталығы – этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерінің оралман мәртебесін алғанға дейін уақытша тұруына арналған тұрғын жай;
      19) уақытша тұруға арналған рұқсат (тіркеу) – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтаған кезде көшіп келушілерге ішкі істер органдары беретін және болу мақсатына қарай оларға Қазақстан Республикасының аумағында белгілі бір мерзімге тұру құқығын беретін құжат;
      20) халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – көші-қон процестерін реттеуді және халықтың көші-қоны саласындағы жұмысты үйлестіруді өз құзыреті шегінде жүзеге асырушы мемлекеттік орган;
      20-1) халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      21) шақырушы адам – Қазақстан Республикасында тұратын және осы Заңға сәйкес отбасын біріктіру мақсатында өз отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасына келуіне жәрдемдесетін адам;
      22) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота – Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын белгілейтін, Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін тартылатын шетелдік жұмыс күшінің саны;
      23) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат – халықтың көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту үшін жұмыс берушіге жергілікті атқарушы орган беретін белгіленген нысандағы құжат;
      24) шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға берілетін рұқсат – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын адамдардың тізбесіне кіретін шетелдік қызметкерге Қазақстан Республикасында өз бетінше жұмысқа орналасу үшін халықтың көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде жергілікті атқарушы орган беретін белгіленген нысандағы құжат;
      25) ішкі көші-қон – жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының ішінде тұрақты немесе уақытша тұру мақсатында қоныс аударуы;
      26) ішкі көшіп-қонушы – тұрақты немесе уақытша тұру мақсатында қоныс аударушы немесе Қазақстан Республикасының ішінде өз бетінше қоныс аударушы адам;
      27) ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасы – өмір сүру үшін экологиялық жағдайы ерекше қолайсыз және даму әлеуеті төмен елді мекендерден Қазақстан Республикасының экономикалық тұрғыдан перспективалы өңірлеріне тұрақты тұру үшін қоныс аударатын Қазақстан Республикасы азаматтары отбасыларының Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін шекті саны;
      28) этникалық қазақ – шетелде тұрақты тұратын ұлты қазақ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.12.2013 № 153-V(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

 

      2-бап. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны
              саласындағы заңнамасы

 

      1. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан, өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың нормалары қолданылады.

 

      3-бап. Көшіп келудің негізгі түрлері

 

      Қазақстан Республикасының аумағына келу және Қазақстан Республикасының аумағында болу мақсатына қарай көшіп келудің мынадай негізгі түрлері бар:
      1) тарихи отанына оралу мақсатында;
      2) отбасын біріктіру мақсатында;
       3) білім алу мақсатында;
      4) еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында;
      5) гуманитарлық және саяси уәждер бойынша.

 

      4-бап. Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік
              саясаттың негізгі қағидаттары мен міндеттері

 

      1. Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясат мынадай негізгі қағидаттарға:
      1) Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарға және халықаралық шарттарға сәйкес көшіп-қонушылардың құқықтары мен бостандықтарын тану және оларға кепілдік беруге;
      2) ұлттық мүддені қорғау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге;
      3) жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін ұштастыруға;
      4) пайдаланылатын ақпараттың жаңартылуы және бірнеше рет қайталануы негізінде көші-қон процестерін реттеудің ашықтығына;
      5) мемлекеттің көшіп келудің әрқилы түрлерін реттеудегі сараланған тәсіліне негізделеді.
      2. Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттері:
      1) көшіп-қонушылардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау;
      2) өңірлердің демографиялық және әлеуметтік-экономикалық даму мүдделерін ескере отырып, оралмандарды ұтымды орналастыруды ұйымдастыру;
      3) Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жоғары білікті шетелдік жұмыс күшін тарту;
      4) ішкі еңбек нарығын шетелдік жұмыс күшін тартуды квоталау жолымен қорғау;
      5) Қазақстанның халықаралық еңбек нарығына ықпалдасуын қамтамасыз ету;
      6) халықтың жаппай көші-қонына әкеп соқтыруы мүмкін жанжалдардың алдын алу және оларды болғызбау мақсатында Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен ынтымақтастығын дамыту;
      7) ішкі көші-қон ағынын оңтайландыру, көшіп-қонушылардың ел аумағында ұтымды қоныстандырылуын қамтамасыз ету;
      8) шетелде тұратын бұрынғы отандастармен және этникалық қазақтармен өзара қарым-қатынасты, оның ішінде мәдени ынтымақтастық пен ақпараттық қамтамасыз ету саласындағы өзара қарым-қатынасты қолдау және дамыту;
      9) этникалық қазақтардың тарихи отанына қоныс аударуына жәрдемдесу;
      10) көші-қон процестерін реттеу саласындағы халықаралық ынтымақтастық, заңсыз көшіп келудің алдын алу және жолын кесу болып табылады.

 

      5-бап. Көшіп келушілердің құқықтары мен міндеттері

 

      1. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында:
      1) егер Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен білім, медициналық және әлеуметтік көмек алуға;
      3) Қазақстан Республикасының көшіп келушілердің болуы үшін ашық аумағы бойынша еркін жүріп-тұруға;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тұрғылықты жерін еркін таңдауға;
      5) өзіне тиесілі мүліктік құқықтарын және мүліктік емес жеке құқықтарын қорғау үшін сотқа және мемлекеттік органдарға жүгінуге;
      6) осы қызмет түрлері ақысыз негізде көрсетілетін оралмандарды және олардың отбасы мүшелерін қоспағанда, оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында ақылы бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін алуға құқығы бар.
      2. Көшіп келушілер Қазақстан Республикасында:
      1) егер Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген міндеттерді атқарады;
      2) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағына келудің, кетудің және онда болудың белгіленген тәртібін сақтауға міндетті.

 

      6-бап. Көшіп келушілердің келуінің, кетуінің және
             болуының жалпы шарттары

 

      1. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағына келуінің, кетуінің, онда болуының тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
      2. Келудің және болудың визасыз режимі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден келген көшіп келушілер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленген талаптарды сақтаған жағдайда, заңды паспорттары немесе оларды ауыстыратын құжаттары бойынша келеді.
      3. Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасына келуге және Қазақстан Республикасынан кетуге визаны ұлттық қауіпсіздік органымен келісім бойынша Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелері береді.
      Қазақстан Республикасының аумағындағы көшіп келушілерге Қазақстан Республикасынан кетуге және Қазақстан Республикасына келуге визаны ішкі істер органдары береді.
      4. Көшіп келушілер Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасынан өткеннен кейiн күнтiзбелiк бес күн iшiнде Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында тіркелуге міндетті. Көшіп келушілер тұратын жерлері өзгерген жағдайда, бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шыққан күннен бастап, күнтiзбелiк бес күн iшiнде тұрғылықты жері бойынша тіркелуге міндетті.
      Көші-қон карточкалары Қазақстан Республикасынан кеткен кезде тапсырылуға жатады.
      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

 

      7-бап. Көшіп келушілер болып табылмайтын шетелдіктер
             және азаматтығы жоқ адамдар

 

      Мыналар:
      1) осы Заңның 3-бабында көзделмеген мақсаттарда Қазақстан Республикасының аумағында күнтізбелік тоқсан күннен артық болмайтын шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдар көшіп келушілер болып табылмайды. Аталған адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өткеннен кейін күнтізбелік бес күн ішінде ішкі істер органдарында тіркелуге міндетті;
      2) бес тәуліктен аспайтын мерзім ішінде Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетін;
      3) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан бөлімдерде әскери қызметте жүрген;
      4) дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелер мен Қазақстан Республикасында аккредиттелген халықаралық ұйымдардың құрамына енетін;
      5) Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болып табылатын;
      6) теңіз және өзен кемелері, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан әуе, теміржол және автомобиль көлігі экипаждарының мүшелері болып табылатын;
      7) миссионерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының аумағына келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар көшіп келушілер болып табылмайды.
      Осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдардың құқықтық мәртебесі Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалады.
      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2013 № 102-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

 

   2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ХАЛЫҚТЫҢ КӨШІ-ҚОНЫ ПРОЦЕСТЕРІН БАСҚАРУДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЖҮЙЕСІ

 

      8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

 

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және оны жүзеге асыруды ұйымдастырады;
      2) Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны жыл сайын белгілейді;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      3) тармақша 01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі (63-баптықараңыз).
      3) ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасын белгілейді;
      4) халықты құжаттандыру және тіркеу тәртібін айқындайды;
      5) оралмандарды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындайды;
      6) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;
      7) көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің тәртібін айқындайды;
      7-1) Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысушылардың және (немесе) қатысушылар қызметкерлерінің келу және оларды тіркеу тәртібін айқындайды;
      8) оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарын құрады;
      9) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2013 № 151-V(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.12.2013 № 153-V(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

 

      8-1-бап. Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік
              саясатты қалыптастыру мәселелері жөніндегі
              уәкілетті органның құзыреті

 

      Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мәселелері жөніндегі уәкілетті орган:
      1) халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады;
      2) құзыреті шегінде шет мемлекеттердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен көші-қон процестерін реттеу саласындағы ынтымақтастықты ұйымдастырады және жүзеге асырады;
      2-1) Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысушылардың және (немесе) қатысушылар қызметкерлерінің келу және оларды тіркеу тәртібін әзірлейді;
      3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 2-тарау 8-1-баппен толықтырылды - ҚР 13.06.2013 № 102-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 03.12.2013 № 151-V(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

 

      9-бап. Ішкі істер органдарының құзыреті

 

      Ішкі істер органдары:
      1) құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, көшіп келушілердің паспорттарын тіркеу, олардың орын ауыстыру, сондай-ақ шетелдіктердің баруы үшін жабық жекелеген жерлерге (аумақтарға) келу тәртібін, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жол жүру тәртібін айқындайды;
      3) шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың келуі мен кетуін есепке алудың бірыңғай дерекқорын қалыптастырады, мәліметтердің жүйелі түрде жаңартылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен және ұлттық қауіпсіздік органымен уақтылы ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
      4) Қазақстан Республикасының аумағындағы көшіп келушілерге Қазақстан Республикасынан кетуге және Қазақстан Республикасына келуге виза береді;
      5) шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды есепке алуды және тіркеуді жүзеге асырады;
      6) көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келудің, Қазақстан Республикасынан кетудің, Қазақстан Республикасында болудың және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жол жүрудің белгіленген қағидаларын сақтауын бақылайды;
      7) заңсыз көшіп келудің жолын кесу жөнінде шаралар қолданады;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында болу мерзімін қысқарту туралы шешім қабылдайды;
      9) көшіп келушілерге шекаралық аймаққа келу құқығын беретін құжаттарды ресімдейді;
      10) шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру тәртібін айқындайды және рұқсаттар береді;
      11) босқын мәртебесін беру туралы шешімдер қабылдайды;
      12) Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдейді;
      13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуіне рұқсаттар беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды;
      14) Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке алуды және тіркеуді жүзеге асырады;
      15) Қазақстан Республикасының азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тіркеуді және тіркеуден шығаруды жүзеге асырады;
      16) уақытша тұрғылықты жерге келген Қазақстан Республикасының азаматтарын уақытша болатын жері бойынша есепке қоюды жүзеге асырады;
      16-1) еңбекші көшіп келушіге рұқсаттар береді және оларды кері қайтарып алады;
      17) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 13.06.2013 № 102-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 10.12.2013 N 153-V(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

 

      10-бап. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер
              министрлігінің және Қазақстан
              Республикасының шетелдегі мекемелерінің
              құзыреті

 

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері:
      1) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
      2) Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаты туралы ақпараттың шетелде таратылуына жәрдемдеседі;
      3) бұрынғы отандастармен және этникалық қазақтармен байланысты және қарым-қатынасты дамытуға жәрдемдеседі;
      4) шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың келуіне визалар беру есебінің бірыңғай дерекқорын қалыптастырады, мәліметтердің жүйелі түрде жаңартылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ ішкі істер және ұлттық қауiпсiздiк органдарымен уақтылы ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
      5) оралман мәртебесін беру туралы өтініш берген этникалық қазақтарды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған оралмандарды қоныстандыру өңірлері туралы хабардар етеді, Қазақстан Республикасына келу туралы өтiнiш берген көшiп келушiлердiң құжаттарын қабылдап, тiркейдi, оларды ұлттық қауiпсiздiк органына жiбередi, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру үшін келуге визалар ресімдейді;
      6) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 13.06.2013 № 102-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.12.2013 № 153-V(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

 

      11-бап. Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті
              органның құзыреті

 

      Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган:
      1) құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
      2) құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың халықтың көші-қоны мәселелері бойынша қызметін ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;
      3) халықтың көші-қоны саласында жергiлiктi атқарушы органдарды үйлестіруді және оларға әдiстемелiк басшылық жасауды жүзеге асырады;
      4) ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квоталарын, шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квоталарды қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдайды және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді;
      4-1) Қазақстан Республикасының Үкіметіне оралмандарды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау туралы ұсыныстар енгізеді;
      5) iшкi көшiп-қонушылардың қоныс аудару квоталарын және шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған квоталарды облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана арасында бөледі;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшіп-қонушыларды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етеді;
      7) көші-қон процестерін мониторингілеуді жүзеге асырады;
      8) көші-қон процестерін реттеу және мониторингілеу саласында шаралар жүйесін әзірлейді;
      9) оралман мәртебесін беру тәртібін айқындайды;
      10) оралман мәртебесін беруден бас тарту туралы шағымдарды қарайды;
      11) оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары, уақытша орналастыру орталықтары қызметінің тәртібін айқындайды;
      12) еңбекші көшіп-қонушылардың және этностық қазақтардың бірыңғай дерекқорын қалыптастырады және ішкі істер органдарының, ұлттық қауіпсіздік органының, Сыртқы істер министрлігінің тиісті ақпараттық жүйелерімен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;
      13) құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны туралы заңнамасының сақталуын бақылайды;
      14) құзыреті шегінде шет мемлекеттердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен көші-қон процестерін реттеу саласындағы ынтымақтастықты ұйымдастырады және жүзеге асырады;
      15) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР 13.06.2013 № 102-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 10.12.2013 N 153-V(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

 

      12-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті
              органның құзыреті

 

      Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган:
      1) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
      2) көшіп келушілерге медициналық көмек көрсетудің тәртібін бекітеді;
      3) шетелдіктерде және азаматтығы жоқ адамдарда болуы олардың Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салатын аурулардың тізбесін бекітеді;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында, уақытша орналастыру орталықтарында шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізеді;
      5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

      13-бап. Білім беру саласындағы уәкілетті органның
              құзыреті

 

      Білім беру саласындағы уәкілетті орган:
      1) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
      2) этникалық қазақтар мен оралмандарға техникалық және кәсіптік білім берудің, ортадан кейінгі және жоғары білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарына оқуға түсу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген квотаға сәйкес білім гранттарын бөледі;
      3) Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес шетелдегі жалпы білім беру мекемелерінде оқып жүрген этникалық қазақтарды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етеді;
       4) алып тасталды - ҚР 13.06.2013 № 102-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2013 № 102-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

 

      14-бап. Ұлттық қауіпсіздік органының құзыреті

 

      Ұлттық қауіпсіздік органы:
      1) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
      2) шетелдiктердің және азаматтығы жоқ адамдардың келуі мен кетуін есепке алудың бірыңғай дерекқорын қалыптастырады, мәліметтердің жүйелі түрде жаңартылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ ішкі істер органдарымен және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен уақтылы ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
      3) көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына және шетелдіктердің баруы үшін жабық жекелеген жерлерге (аумақтарға) келуін келіседі;
      4) көшіп келушілерге Қазақстан Республикасына келген кезде көші-қон карточкаларын беруді және Қазақстан Республикасынан кеткен кезде оларды алып қалуды жүзеге асырады;
      5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2013 № 102-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

 

      15-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті

 

      1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары:
      1) өз құзыретi шегiнде халықтың көшi-қоны саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
      2) оралмандар мен көшiп келушiлердiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық көмек алуын қамтамасыз етедi;
      3) халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға еңбек ресурстарының қажеттiлiгiн ескере отырып, iшкi көшiп-қонушылардың қоныс аудару квотасын қалыптастыру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
      4) халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған квотаны қалыптастыру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
      5) еңбекші көшіп-қонушыларды есепке алуды және тiркеудi жүзеге асырады;
      6) Қазақстан Республикасының азаматтарынан қоныс аударушы мәртебесiн беруге және iшкi көшiп-қонушылардың қоныс аудару квотасына енгiзуге қажеттi құжаттарымен қоса берген өтiнiштi қабылдайды;
       7) РҚАО-ның ескертпесі!
      ҚР 10.12.2013 № 153-V Заңымен 7) тармақша көзделген (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
      8) қоныс аударушы куәлiктерiн бередi;
      9) оралмандарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарының, уақытша орналастыру орталықтарының қызметiн ұйымдастырады;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшiп-қонушылардың балаларының бiлiм алу құқығын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдайды;
      11) жұмыс берушiлерге тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірлік аумағында еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бөлген квота шегiнде шетелдiк жұмыс күшiн тартуға рұқсаттарды бередi, сондай-ақ көрсетiлген рұқсаттарды тоқтата тұрады және қайтарып алады;
      12) тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын шетелдiк қызметкерлерге халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бөлген квота шегiнде тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірлік аумағында жұмысқа орналасуға рұқсаттарды бередi, сондай-ақ көрсетiлген рұқсаттарды тоқтата тұрады және қайтарып алады;
      13) бизнес-көшiп келушiлердiң уақытша тұруға арналған рұқсаттарының қолданылу мерзiмiн ұзартуға немесе қысқартуға өтініш хат бередi;
      14) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      2. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары:
      1) өз құзыретi шегiнде халықтың көшi-қоны саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
      2) Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес халықтың нысаналы топтарына жататын оралмандарға жұмысқа орналасуға, кәсiптiк даярлықтан өтуге, қайта даярлаудан өтуге және бiлiктiлiгiн арттыруға жәрдем көрсетедi;
      3) көшiп-қонушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мектептерден, мектепке дейiнгi ұйымдардан, сондай-ақ медициналық-әлеуметтiк мекемелерден орын бередi;
      4) оралмандарға қазақ тiлiн және өздерiнiң қалауы бойынша орыс тiлiн үйрену үшiн жағдай жасайды;
      5) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      3. Оралмандарды қоныстандыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерде осы баптың 1 және 2-тармақтарында айқындалған құзыреттен басқа, жергілікті атқарушы органдар:
      1) оралмандарды есепке алуды және тiркеудi жүзеге асырады;
      2) этникалық қазақтардан оралман мәртебесiн беру туралы қажеттi құжаттарымен қоса берген өтiнiштi қабылдайды;
      3) оралман мәртебесін беру туралы шешім қабылдайды;
      4) оралман куәліктерін береді;
      5) оралмандарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік көмек көрсетеді;
      6) оралмандарға жеке қосалқы шаруашылығын жүргiзу, бағбандықпен айналысу және саяжай құрылысын, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер учаскелерiн бередi.
      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - ҚР 10.12.2013 № 153-VЗаңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 

   3-тарау. ТАРИХИ ОТАНЫНА ОРАЛУ МАҚСАТЫНДА КӨШІП КЕЛУ

 

      16-бап. Оралмандардың көшіп келу квотасы

 

      Ескерту. 16-бап алып тасталды - ҚР 10.12.2013 № 153-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 

      17-бап. Оралмандардың санаттары

 

      Ескерту. 17-бап алып тасталды - ҚР 10.12.2013 № 153-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 

      18-бап. Оралман мәртебесiн беруге өтiнiш берудiң тәртiбi

 

      1. Қазақстан Республикасының аумағына өз бетiнше келген және Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алған этникалық қазақтар осы Заңның 15-бабының 3-тармағында көрсетілген жергілікті атқарушы органдарға оралман мәртебесiн беру туралы өтiнiш бередi.
      2. Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде тұратын этникалық қазақтар Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне оралман мәртебесін беру туралы өтініш береді.
      3. Оралман мәртебесін беру осы Заңның 20 және 21-баптарына сәйкес жүргізіледі.
      4. Өтiнiште Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын барлық отбасы мүшелерi:
      1) жұбайы (зайыбы);
      2) өтiнiш берушiнiң және жұбайының (зайыбының) ата-аналары;
      3) балалары (оның iшiнде асырап алған балалары) және олардың отбасы мүшелерi;
      4) некеде тұрмайтын, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi (қарындастары) көрсетiледi.
      Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - ҚР 10.12.2013 № 153-VЗаңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 

      19-бап. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу
               жөніндегі комиссия

 

      Ескерту. 19-бап алып тасталды - ҚР 10.12.2013 № 153-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 

      20-бап. Қазақстан Республикасының аумағына келгенге
               дейiн бұл туралы өтiнiш жасаған этникалық
               қазақтарға оралман мәртебесiн беру

 

      1. Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi этникалық қазақтардан оралман мәртебесін беру туралы өтiнiштер мен құжаттарды қабылдап алады және оларды тiркеген күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннiң iшiнде халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға жiбередi.
      2. Қазақстан Республикасының аумағына келгенге дейiн оралман мәртебесін беру туралы өтiнiш жасаған үмiткердiң ұлты жеке басын куәландыратын құжаттарындағы жазба негiзiнде белгiленедi. Мұндай жазба болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға жiберiлетiн құжаттарға үмiткердiң ұлтын растайтын басқа да құжаттардың көшiрмелерiн қоса бередi.
      3. Халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган этникалық қазақтардың оралман мәртебесін беру туралы өтiнiштерi мен құжаттары келiп түскен күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде оларды оралман мәртебесін беру туралы шешім қабылдау үшiн осы Заңның 15-бабының 3-тармағында көрсетілген жергілікті атқарушы органдарға жiбередi.
      Шешім қабылдау үшін осы Заңның 15-бабының 3-тармағында көрсетілген жергілікті атқарушы органдар этникалық қазақтардың өтініштері мен құжаттары келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оларды оралман мәртебесін беру туралы өтініш жасаған үміткерлердің Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстар немесе құқық бұзушылықтар жасағаны туралы әшкерелейтін мәліметтердің және олардың террористік немесе экстремистік ұйымдарға тиесілігі туралы өзге де ақпараттың бар не жоғы тұрғысынан тексеру үшін тиісті өңірлердің ішкі істер органдарының, ұлттық қауіпсіздік, прокуратура органдарының аумақтық бөлімшелеріне жібереді.
      Ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелері, ұлттық қауіпсіздік, прокуратура органдары этникалық қазақтардың өтініштері мен құжаттары тіркелген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде этникалық қазақтарға оралман мәртебесін беруге кедергі келтіретін, осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген негіздердің бар немесе жоқ екені туралы ақпаратты осы Заңның 15-бабының 3-тармағында көрсетілген жергілікті атқарушы органдарға жібереді.
      Осы Заңның 15-бабының 3-тармағында көрсетілген жергілікті атқарушы органдар ақпарат келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оралман мәртебесін беру туралы өтініш берген этникалық қазақтарға оралман мәртебесін беру туралы не одан бас тартудың негізделген дәлелді себептерімен оралман мәртебесін беруден бас тарту туралы шешімді дайындайды.
      4. Үмiткер осы Заңның 1-бабының 13) тармақшасында белгiленген шарттарға сай болған кезде оралман мәртебесін беру туралы шешім қабылданады.
      5. Оралман мәртебесін беру туралы не одан бас тартудың негiзделген дәлелдi себептерімен бас тарту туралы шешім екi жұмыс күнi iшiнде халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға жiберіледi. Халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бұл шешімді өтiнiш берушiге жеткiзу үшiн Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiне жiбередi.
      6. Этникалық қазақтардың оралман мәртебесін беру туралы өтiнiшiн қараудың жалпы мерзiмi халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға ол келiп түскен күннен бастап үш айдан аспауға тиiс.
      7. Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi оралман мәртебесін беру туралы шешімді алғаннан кейiн оны бiр айдың iшiнде этникалық қазаққа жiбередi және оның Қазақстан Республикасына қоныс аударуына жәрдем көрсетедi не оралман мәртебесін беруден бас тартылғаны туралы хабарлайды.
      8. Осы Заңның 15-бабының 3-тармағында көрсетілген жергілікті атқарушы органдар оралман мәртебесін беру туралы өтініш берген этникалық қазақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын қоныстандыру өңірлеріне келгеннен кейін өтініш жасалған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бұдан бұрын қабылданған шешiмді ескере отырып, өтiнiш берушi мен оның отбасы мүшелерiне оралман мәртебесiн бередi.
      9. Оралмандардың және олардың отбасы мүшелерiнiң өздерi өтiнiш жасаған кезден бастап он жұмыс күнi iшiнде тұрақты тұруға рұқсат алуға, тұратын жерi бойынша тiркелуге және оралман куәлігін алуға құқығы бар.
      Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - ҚР 10.12.2013 № 153-VЗаңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 

      21-бап. Қазақстан Республикасының аумағына келген
               этникалық қазақтарға оралман мәртебесiн беру

 

      1. Осы Заңның 15-бабының 3-тармағында көрсетілген жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасына келген және онда тұрақты тұруға рұқсат алған этникалық қазақтардың оралман мәртебесiн беру туралы өтiнiштерiн өтініштер тiркелген күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрмейтiн мерзiмде қарайды және олар бойынша шешiм қабылдайды.
      Оралман мәртебесiн беру үмiткер осы Заңның 1-бабының 13) тармақшасында белгiленген шарттарға сай болған кезде жүзеге асырылады.
      Оралман мәртебесiн беру туралы шешiм қабылданған жағдайда осы Заңның 15-бабының 3-тармағында көрсетілген жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының аумағына келген этникалық қазаққа және оның отбасы мүшелерiне оралман куәлiгiн бередi.
      2. Оралман мәртебесiн алуға үмiткердiң ұлты жеке басын куәландыратын құжаттарындағы жазбаға сәйкес расталады. Мұндай жазба болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның сұратуы бойынша үмiткердiң ұлтын растайтын басқа құжаттардың көшiрмелерiн жiбередi.
      Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - ҚР 10.12.2013 № 153-VЗаңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 

      22-бап. Этникалық қазақтардың жекелеген отбасы
              мүшелерін оралмандардың көшіп келу квотасына
              енгізудің ерекшеліктері

 

      Ескерту. 22-бап алып тасталды - ҚР 10.12.2013 № 153-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 

      23-бап. Оралмандарға, этникалық қазақтарға және олардың
               отбасы мүшелерiне берiлетiн жеңiлдiктер мен
               әлеуметтiк көмектiң басқа да түрлерi

 

      1. Оралмандарды қоныстандыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге келетін этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу кезінде өздерiнiң төлем қабiлеттiлiгiн растаудан босатылады.
      2. Оралман мәртебесiн алған адамдар мен олардың отбасы мүшелерi:
      1) оралмандарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегiн  бейiмдеу және ықпалдастыру қызметтерiн көрсетумен;
      2) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық көмекпен;
      3) Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең жағдайда мектептерде және мектепке дейiнгi ұйымдарда орындармен, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын көлемде техникалық және кәсiптiк, орта білімнен кейiнгi және жоғары бiлiм беретiн оқу ұйымдарына оқуға түсуге бөлiнген квотаға сәйкес бiлiм алу мүмкiндiгiмен;
      4) Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең жағдайда әлеуметтiк қорғалумен;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесумен қамтамасыз етiледi.
      3. Оралмандарға жеке қосалқы шаруашылығын жүргiзу, бағбандықпен айналысу, саяжай құрылысы үшiн Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес ауылдық елдi мекендердiң жерлерінен, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, иммиграциялық жер қорынан, арнайы жер қорынан және босалқы жерлерден уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен жер учаскелерi берiледi.
      Оралмандарға шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, арнайы жер қорынан, иммиграциялық жер қорынан және босалқы жерден уақытша жер пайдалану құқығымен жер учаскелерi берiледi.
      4. Осы Заңның 15-бабының 3-тармағында көрсетілген жергiлiктi атқарушы органдар оралмандар мен олардың отбасы мүшелерiне тұрақты тұрғылықты жерiне жол жүру және мүлкiн тасымалдау шығындарын қамтитын бiржолғы жәрдемақыларды белгiлей алады.
      5. Оралмандарды қоныстандыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге келген оралмандар мен олардың отбасы мүшелерiне, осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарында көзделген жеңiлдiктерден және әлеуметтiк көмектiң өзге де түрлерiнен басқа, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен тұрғын үй салуға, оны қалпына келтiруге немесе сатып алуға жеңiлдiктi кредиттiк қарыз ұсынылады.
      6. Осы баптың 5-тармағында көрсетілген оралмандар:
      1) Қазақстан Республикасында тұрған алғашқы бес жылдың iшiнде оралман мәртебесін алған кезде қоныстандыру үшiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңiрден тыс жерлерге өзiнiң ерiк қалауымен өз бетiнше iшкi көшiп-қонған;
      2) Қазақстан Республикасының шегiнен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кеткен жағдайларда тұрғын үй салу, оны қалпына келтiру немесе сатып алу үшін өздері алған жеңiлдiктi кредиттiк қарызды мерзімінен бұрын толық көлемде өтеуге мiндеттi.
      Ескерту. 23-бап жаңа редакцияда - ҚР 10.12.2013 № 153-VЗаңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 

      24-бап. Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру

 

      1. Оралмандарды қоныстандыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерде этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерiн оралман мәртебесiн алғанға дейiн алғашқы қоныстандыру олардың қалауы бойынша уақытша орналастыру орталықтарында халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен және мерзiмге жүзеге асырылады.
      2. Бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету үшін оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары құрылады.
      Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында тұруының тәртібі мен мерзімдерін, сондай-ақ оларға бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсетудің тәртібін халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 10.12.2013 № 153-VЗаңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 

      25-бап. Оралман мәртебесінің тоқтатылуы

 

      Оралман мәртебесi:
      1) оралман Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн;
      2) осы Заңның 49-бабында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаттың күші жойылған жағдайда;
      3) егер ол Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтiнiш бермеген болса, оралман мәртебесiн алған күннен бастап жеті жыл өткен соң;
      4) Қазақстан Республикасында тұрған алғашқы бес жылдың iшiнде оралман мәртебесін алған кезде қоныстану үшiн белгiленген өңiрден тыс жерге оралман өзiнiң ерiк қалауымен өз бетiнше iшкi көшiп-қонған жағдайда тоқтатылады.
      Ескерту. 25-бап жаңа редакцияда - ҚР 10.12.2013 № 153-VЗаңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 

      26-бап. Оралмандардың құқықтары мен міндеттері

 

      1. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің:
      1) жеңілдетілген (тіркелген) тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға;
      2) жеңілдіктерді, өтемақыларды және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін алуға;
      3) Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін қолда бар құжаттарының негізінде атын, әкесінің атын (ол болғанда) және тегін қазақ тілінде дұрыстап жазуға құқығы бар.
      2. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелері:
      1) Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне, сондай-ақ  жергілікті атқарушы органдарға олардың оралман мәртебесін беру туралы өтініштерін қарауға қажетті анық мәліметтерді ұсынуға;
      2) денсаулық сақтау органдарының талап етуі бойынша медициналық қарап-тексеруден өтуге, екпелерді алуға, емдеу курсынан өтуге, сондай-ақ денсаулық сақтау органдарының нұсқамаларын орындауға;
      3) оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығына жолдама алған жағдайда, күнтізбелік үш күннің ішінде сонда қоныстануға және халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген болу кезеңі аяқталғаннан кейін берілген үй-жайды босатуға;
      4) уақытша орналастыру орталықтарында және оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында болудың белгіленген тәртібін сақтауға міндетті.
      Ескерту. 26-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 13.06.2013 № 102-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.12.2013 № 153-V(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

 

   4-тарау. ОТБАСЫН БІРІКТІРУ МАҚСАТЫНДА КӨШІП КЕЛУ

 

      27-бап. Шақырушы адамдар және шақырушы адамдардың
              отбасы мүшелері

 

      1. Мына адамдар:
      1) Қазақстан Республикасының азаматтары;
      2) Қазақстан Республикасының аумағында уақытша тұрып жатқан этникалық қазақтар мен бұрынғы отандастар;
      3) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрып жатқан көшіп келушілер мен бизнес-көшіп келушілер шақырушы адамдар болуы мүмкін.
      2. Шақырушы адамдардың отбасын біріктіру мақсатында шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар болып табылатын өз отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасына келуі туралы қолдаухат беруге құқығы бар.
      3. Мыналар:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасымен танылатын некеде кемінде үш жыл тұрған жұбайы (зайыбы);
      2) он сегіз жасқа толмаған, некеде тұрмайтын және шақырушы адамның асырауындағы және (немесе) қамқоршылығындағы (қорғаншылығындағы) балалар, оның ішінде асырап алған балалары;
      3) он сегіз жастан асқан, некеде тұрмайтын, денсаулық жағдайына байланысты себептер бойынша өзін-өзі қамтамасыз етуге қабілетсіз балалар, оның ішінде асырап алған балалары;
      4) шақырушы адамның асырауындағы еңбекке жарамсыз ата-аналары;
      5) оларды күтіп-бағу шақырушы адамның міндеті болып табылатын, отбасының өзге де мүшелері отбасын біріктіру мақсатында Қазақстан Республикасына келетін шақырушы адамның отбасы мүшелері болып табылады.
      4. Шақырушы адамның мына отбасы мүшелері отбасын біріктіру мақсатында Қазақстан Республикасына жіберіледі:
      1) егер Қазақстан Республикасының азаматы шақырушы адам болса – осы баптың 3-тармағында аталған барлық адамдар.
       Аталған адамдарға уақытша тұруға арналған рұқсат кейіннен жыл сайын ұзарту құқығымен үш жылға дейінгі мерзімге беріледі;
      2) егер уақытша (кемінде екі жыл мерзімге) тұруға рұқсат алған этникалық қазақ немесе бұрынғы отандас шақырушы адам болса – осы баптың 3-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында аталған адамдар.
       Аталған адамдарға уақытша тұруға арналған рұқсат шақырушы адамның уақытша тұруына арналған рұқсаттың қолданылу мерзіміне беріледі;
      3) егер Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын көшіп келуші немесе Қазақстан Республикасында кемінде екі жыл үзіліссіз тұратын бизнес-көшіп келуші шақырушы адам болса – осы баптың 3-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында аталған адамдар.
      Тұрақты тұруға арналған рұқсаты бар шақырушы адамның отбасы мүшелеріне уақытша тұруға арналған рұқсат жыл сайын ұзарту құқығымен бір жылға беріледі.
      Бизнес-көшіп келуші болып табылатын шақырушы адамның отбасы мүшелеріне уақытша тұруға арналған рұқсат жыл сайын ұзарту мүмкіндігімен бір жылға беріледі. Бұл ретте шақырушы адамның отбасы мүшелеріне уақытша тұруға арналған рұқсат шақырушы адамның уақытша тұруына арналған рұқсаттың қолданылу мерзімінен аспауға тиіс.
      5. Қазақстан Республикасының аумағындағы көшіп келушілердің мынадай санаттарының:
      1) оқу, кәсіптік даярлықтан өту және (немесе) тағылымдамадан өту кезеңіне білім алу мақсатында көшіп келушілердің (жалпы білім беретін мектептердің оқушылары, студенттер мен тағылымдамадан өтушілер);
      2) маусымдық шетелдік қызметкерлердің;
      3) гуманитарлық уәждер бойынша көшіп келушілердің отбасы мүшелеріне қатысты отбасын біріктіру мақсатында көшіп келуге жол берілмейді.

 

      28-бап. Отбасын біріктіру мақсатында Қазақстан
               Республикасына келуге виза алудың тәртібі

 

      1. Отбасын біріктіру мақсатында Қазақстан Республикасына келуге виза шақырушы адамның отбасын біріктіру туралы қолдаухатының негізінде беріледі.
      2. Шақырушы адамның отбасы мүшелері Қазақстан Республикасына келуге виза алу үшін Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне өтініш пен мынадай құжаттарды:
      1) шақырушы адамның қолдаухатын;
      2) Қазақстан Республикасының азаматтарын қоспағанда, шақырушы адамның уақытша тұруға арналған рұқсатының нотариатта куәландырылған көшірмесін;
      3) шақырушы адамның және отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың нотариатта куәландырылған көшірмесін;
      4) шақырушы адамда отбасының әрбір мүшесін күтіп-бағуға айына, республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген ең төмен жалақыдан кем емес мөлшерде ақшасының болуы растамасын;
      5) шақырушы адамда Қазақстан Республикасының аумағында отбасының әр мүшесіне шаққанда көлемі белгіленген ең төмен нормативтерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген санитариялық және өзге де нормаларға сәйкес келетін тұрғын үйдің болуы растамасын;
      6) шақырушы адамның отбасы мүшелері үшін медициналық сақтандыруды;
      7) шақырушы адаммен отбасылық қатынастарын растайтын, Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің осыған уәкілетті мемлекеттік органдары ұсынған құжаттардың нотариатта куәландырылған көшірмелерін;
      8) отбасының кәмелетке толған мүшелерінің соттылығы болуын не болмауын растайтын құжатты ұсынады.
      3. Отбасын біріктіру мақсатында Қазақстан Республикасында тұруға құқығы бар көшіп келушілерге, уақытша тұруға арналған рұқсаттың берілуі солардың болуына байланысты болатын мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылған жағдайларда (кәмелетке толуы, біріктіруді сұраған адамның қайтыс болуы, соның негізінде біріктіру жүргізілген некенің бұзылуы немесе күшінің жойылуы), осы баптың 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген осыған қажетті қаржы қаражатының болуы расталған жағдайда, ішкі істер органдары олардың өтініштері негізінде алты айға дейінгі кезеңге рұқсатты ұзартады.
      Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2013 № 102-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

 

      29-бап. Отбасын біріктіру мақсатында келген көшіп
               келушілердің құқықтары мен міндеттері

 

      1. Отбасын біріктіру мақсатында Қазақстан Республикасына келген балалардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен білім алуға құқығы бар.
      2. Отбасын біріктіру мақсатында келген көшіп келушілердің мынадай:
      1) Қазақстан Республикасының азаматтары шақырушы адамдары болып табылатын, осы Заңның 27-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында аталған отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарымен жалпы жағдайларда еңбек қызметін жүзеге асыратын;
      2) осы Заңның 27-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында санамаланған адамдар шақырушы адамдары болып табылатын отбасы мүшелері жергілікті атқарушы органдар шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушіге Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын квота шегінде және тәртіппен шетелдік жұмыс күшін тартуға беретін рұқсаттың негізінде еңбек қызметін атқаратын жағдайларда, еңбек қызметін жүзеге асыруға құқығы бар.
      3. Отбасын біріктіру мақсатында келетін көшіп келушілер:
      1) Қазақстан Республикасының аумағында болатын көшіп келушілерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген міндеттерді атқарады;
      2) Қазақстан Республикасында уақытша болуға арналған рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін, егер оның бұдан әрі болуына заңды негіздері болмаса, Қазақстан Республикасынан кетіп қалуға міндетті.

 

   5-тарау. БІЛІМ АЛУ МАҚСАТЫНДА КӨШІП КЕЛУ

 

      30-бап. Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілер

 

      Қазақстан Республикасының аумағына білім алу мақсатында келетін көшіп келушілерге жалпы орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына, оның ішінде оқушылар алмасудың және даярлық курстарынан өтудің ұйымдастырылған бағдарламалары бойынша қабылданған білім алушылар жатады.

 

      31-бап. Білім алу мақсатында келетін көшіп
              келушілердің келу шарттары

 

      Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілер:
      1) этникалық қазақтарды қоспағанда, көшіп келуші мен қабылдаушы білім беру ұйымдарының арасындағы шартқа сәйкес тұруына, сондай-ақ оқуына ақы төлеуге қажетті өзінің төлем қабілеттілігінің растамасын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және мөлшерде ұсынуға;
      2) таңдаған мамандығы бойынша білім алуға кедергі келтіретін ауруларының жоқ екенін растайтын медициналық анықтаманы ұсынуға және медициналық сақтандыруы болуына;
      3) соттылығының болуы не болмауы жөніндегі растаманы ұсынуға;
      4) оқу орнына оқуға қабылданғаны туралы растаманы табыс етуге және (немесе) Қазақстан Республикасына келгенге дейін кәсіптік даярлықтан өтуге шақырған тараптың келісімін растауға міндетті.

 

      32-бап. Білім алу мақсатында келетін көшіп
              келушілерге келуге виза берудің шарттары

 

      1. Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілердің келуіне рұқсатты ата-аналарының немесе қамқоршыларының, қорғаншыларының келісімімен қабылдаушы білім беру ұйымының қолдаухаты негізінде айқындалатын бір жылдан аспайтын мерзімге оқу орнының немесе білім беру жөніндегі уәкілетті органның қолдаухаты негізінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері береді.
      Білім алу мақсатында келген көшіп келушілерге уақытша тұруына арналған рұқсатты қабылдаушы білім беру ұйымының қолдаухаты негізінде айқындалатын оқу мерзіміне оқу орнының қолдаухаты негізінде ішкі істер органдары береді.
      2. Білім алу мақсатында келген көшіп келушілердің келуіне визаны және уақытша тұруға арналған рұқсатты ішкі істер органдары қабылдаушы білім беру ұйымы растаған жағдайда оқуды аяқтауға қажетті, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге жыл сайын ұзартып отырады.
      3. Қабылдаушы білім беру ұйымдары білім алу мақсатында келетін көшіп келушілерге олардың Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құқықтары мен міндеттерін уақтылы түсіндіруді және оларды іске асыру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді, сондай-ақ уақытша тұруға арналған рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталған соң олардың Қазақстан Республикасында болу, ел аумағы бойынша жүріп-тұру және Қазақстан Республикасынан кету құқықтарына арналған құжаттарды уақтылы ресімдемегені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
      4. Келудің және болудың визасыз тәртібі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден білім алу мақсатында келген көшіп келушілердің уақытша тұруына арналған рұқсатты Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес ішкі істер органдары береді.
      Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2013 № 102-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

 

      33-бап. Білім алу мақсатында келетін көшіп
              келушілердің негізгі құқықтары мен міндеттер

 

      1. Шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі тегін білім алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалады.
      Қазақстан Республикасына білім алу мақсатында келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейін тұрақты тұруға және Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдау туралы өтініш беруге құқылы.
      2. Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілер:
      1) Қазақстан Республикасының аумағында болатын көшіп келушілерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген міндеттерді атқарады;
      2) оқудың және (немесе) кәсіптік даярлықтың толық курсын аяқтағаннан кейін, егер одан әрі болу үшін заңды негіздері болмаса, Қазақстан Республикасынан кетіп қалуға міндетті.

 

   6-тарау. ЕҢБЕК ҚЫЗМЕТІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ МАҚСАТЫНДА КӨШІП КЕЛУ

 

      34-бап. Еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында
              келетін көшіп келушілердің санаттары

 

      Еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келетін көшіп келушілер мынадай санаттарға бөлінеді:
      1) шетелдік қызметкерлер – Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келген немесе жұмыс берушілер тартатын көшіп келушілер;
      2) бизнес-көшіп келушілер – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында келген көшіп келушілер;
      3) маусымдық шетелдік қызметкерлер – климат немесе өзге де табиғат жағдайларына байланысты белгілі бір, бірақ бір жылдан аспайтын кезеңнің (маусымның) ішінде атқарылатын маусымдық жұмыстарды орындау үшін жұмыс берушілер жұмысқа тартатын көшіп келушілер;
      4) еңбекші көшіп келушілер – еңбекші көшіп келушіге берілген рұқсаттың негізінде жұмыс беруші жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) мақсатында Қазақстан Республикасына үй қызметкері ретінде келген көшіп келушілер.
      Ескерту. 34-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 10.12.2013 № 153-VЗаңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 

      35-бап. Шетелдік қызметкерлердің келу шарттары

 

      Өз бетінше жұмысқа орналасу үшін келетін немесе жұмыс берушілер тартатын шетелдік қызметкерлер:
      1) кәмелеттік жаста болуға;
      2) жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушінің шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының аумағынан кету үшін қажетті өзінің төлем қабілеттілігінің растамасын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және мөлшерде ұсынуға;
      3) алдағы атқарылатын жұмысты орындау үшін қажетті білімі, біліктілігі мен тәжірибесі болуға;
      4) соттылығының болуы не болмауы жөніндегі растаманы ұсынуға;
      5) таңдаған мамандығы бойынша еңбек қызметіне кедергі келтіретін ауруларының жоқ екенін растайтын медициналық анықтаманы ұсынуға;
      6) медициналық сақтандыруының болуына міндетті.

 

      36-бап. Шетелдік қызметкерлерге келуге виза беру
              шарттары

 

      1. Шетелдік қызметкерлерге келуге визаны шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттың негізінде және қолданылу мерзіміне Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері береді.
      2. Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының аумағына келетін шетелдік қызметкерлерге келуге виза олар Алматы қаласының халықаралық әуежайына келген кезде беріледі.
      3. Келудің және болудың визасыз тәртібі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден келген шетелдік қызметкерлерге уақытша тұруға арналған рұқсатты Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес ішкі істер органдары береді.
      4. Шетелдік қызметкерлерге келуге визаны және уақытша тұруға арналған рұқсатты, шетелдік қызметкердің жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушінің алдағы жылға шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаты болған жағдайда, ішкі істер органдары бір жылға ұзартады.
      Ескерту. 36-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2013 № 102-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

 

      37-бап. Шетелдік қызметкерлерге жұмысқа орналасуға
              және жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін
              тартуға арналған рұқсатты берудің тәртібі

 

      1. Шетелдік жұмыс күшін тарту Қазақстан Республикасының Үкіметі кәсіптік және біліктілік санаттары бойынша жыл сайын белгілейтін квотаның негізінде жүзеге асырылады.
      Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота экономикалық тұрғыдан белсенді халық санына пайыздық қатынаспен айқындалады және (немесе) еңбек нарығындағы сұраныс жағдайының алдағы жылға арналған болжамына сәйкес басым жобалар бойынша және (немесе) шығу елдері бойынша абсолюттік мәнде белгіленеді.
      2. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкілетті орган облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың арасында бөледі.
      Жергілікті атқарушы органдар белгіленген квота шегінде:
      1) жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға;
      2) шетелдік қызметкерлерге жұмысқа орналасуға арналған рұқсатты береді және оны ұзартады.
      3. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың еңбек қызметін жүзеге асыруы шетелдік қызметкердің жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушінің шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты алуынсыз жүргізіледі.
      4. Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны белгілеудің тәртібін, шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға және жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты берудің шарттары мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      5. Осы Заңның шетелдік жұмыс күшін квоталау туралы және шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға және жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты беру туралы нормалары «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда қолданылмайды.
      Ескерту. 37-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2013 № 102-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

 

      38-бап. Этникалық қазақтар мен бұрынғы отандастар
               қатарындағы шетелдік қызметкерлердің еңбек
               қызметін реттеудің ерекшеліктері

 

      Жергілікті атқарушы орган шетелдік қызметкерлерге жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушілерге этникалық қазақтар мен бұрынғы отандастар қатарынан шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын жеңілдетілген тәртіппен береді.

 

      39-бап. Бизнес-көшіп келушілердің келу және оларға виза
               беру шарттары

 

      1. Келуге виза алу үшін бизнес-көшіп келуші:
      1) кәмелеттік жаста болуға;
      2) еңбек қызметіне кедергі келтіретін ауруларының жоқ екенін растайтын медициналық анықтаманы ұсынуға;
      3) медициналық сақтандыруының болуына;
      4) соттылығының болуы не болмауы және сот шешімі негізінде кәсіпкерлік қызметпен айналысуына тыйым салынбағаны жөніндегі растаманы ұсынуға;
      5) кәсіпкерлік қызмет тәжірибесінің болуына міндетті.
       2. Бизнес-көшіп келушілерге Қазақстан Республикасына келуге визаны Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері екі жылға дейінгі мерзімге береді.
      3. Этникалық қазақтар қатарындағы, оның ішінде келудің және болудың визасыз тәртібі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден келген бизнес-көшіп келушілердің келуіне виза және уақытша тұруына арналған рұқсат үш жылға дейінгі мерзімге беріледі.

 

      40-бап. Бизнес-көшіп келушілердің Қазақстан
               Республикасының аумағында болу және олардың
               кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру шарттары

 

      1. Бизнес-көшіп келушілердің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының аумағында болуының міндетті шарты болып табылады.
      2. Бизнес-көшіп келуші Қазақстан Республикасының аумағына келген күнінен бастап екі ай мерзім ішінде:
      1) Қазақстан Республикасында коммерциялық ұйымды тіркеуге немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қызметті жүзеге асырушы коммерциялық ұйымдар қатысушыларының (акционерлерінің) құрамына енуге;
      2) заңды тұлғаны тіркеу кезінде оның жарғылық капиталын қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен мөлшерден кем емес ақша сомасын Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкіне енгізуге міндетті.
      Бизнес-көшiп келушiлер осы бапта белгiленген мiндеттердi орындамаған жағдайда ішкі істер органдары жергілікті атқарушы органдардың қолдаухаты негізінде бизнес-көшіп келушілердің болу мерзімін олардың ерікті түрде кетуіне қажетті мерзімге қысқарту туралы шешім қабылдайды.
      Бизнес-көшіп келуші ретінде келуге виза алмаған шетелдіктердің заңды тұлға құруына, сондай-ақ заңды тұлға қатысушыларының құрамына кіру арқылы коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталына қатысуына тыйым салынады.
      3. Бизнес-көшіп келушінің Қазақстан Республикасының аумағында кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру үшін жабдықтар әкелуі Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалатын шарттарда және тәртіппен жүзеге асырылады.
      4. Бизнес-көшіп келушілер Қазақстан Республикасының шетелдіктердің баруына ашық аумақтары бойынша еркін жүріп-тұра алады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес тұрғылықты жерін таңдай алады.
      Ескерту. 40-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 36-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

 

      41-бап. Маусымдық шетелдік қызметкерлердің келу және
              болу шарттары

 

      1. Маусымдық шетелдік қызметкерлерге келуге визаны шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттың негізінде Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері береді.
      2. Келудің және болудың визасыз тәртібі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден келген маусымдық шетелдік қызметкерлерге уақытша тұруға арналған рұқсатты ішкі істер органдары береді.
      3. Маусымдық шетелдік қызметкерлер:
      1) кәмелеттік жаста болуға;
      2) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының аумағынан кету үшін қажетті өзінің төлем қабілеттілігінің растамасын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіп пен мөлшерде ұсынуға;
      3) еңбек қызметіне кедергі келтіретін ауруларының жоқ екенін растайтын медициналық анықтаманы ұсынуға;
      4) медициналық сақтандыруының болуына міндетті.
      Ескерту. 41-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2013 № 102-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

 

      42-бап. Маусымдық шетелдік қызметкерлерді тарту
              шарттары

 

      1. Маусымдық шетелдік қызметкерлер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес немесе жұмыс берушілерге жергілікті атқарушы органдар беретін квота шегінде шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттың негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын шарттарда және тәртіппен экономиканың жекелеген салаларындағы жұмысқа тартылады.
      2. Маусымдық шетелдік қызметкерлерді тартатын жұмыс берушілер оларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген санитариялық және өзге де нормаларға сай келетін уақытша тұрғын үй беруге міндетті.

 

      43-бап. Еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында
              келген көшіп келушілердің негізгі құқықтары
              мен міндеттері

 

      1. Еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келген көшіп келушілер:
      1) Қазақстан Республикасының аумағында болатын көшіп келушілерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген міндеттерді атқарады;
      2) рұқсаттың мерзімі аяқталғаннан кейін, егер одан әрі болуына заңды негіздері болмаса, Қазақстан Республикасынан кетіп қалуға міндетті.
      2. Қазақстан Республикасына еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келген маусымдық қызметкерден басқа шетелдік қызметкер:
      1) жұмысқа орналасуға рұқсат алған қызметкер, рұқсаттың мерзімі аяқталғаннан кейін - оның мерзімін ұзартуға өтініш беруге;
      2) еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс беруші тартқан қызметкер, рұқсаттың мерзімі аяқталғаннан кейін - жұмысқа орналасуға рұқсат алу туралы өтініш беруге құқылы.

 

      43-1-бап. Еңбекші көшіп келушілердің келу және болу
                 шарттары

 

      Еңбекші көшіп келушілердің мынадай талаптарға сай келуі:
      1) Қазақстан Республикасында кемінде үш ай мерзімде визасыз болу мүмкіндігін көздейтін визасыз келу және болу тәртібі туралы Қазақстан Республикасы келісім жасасқан елдердің азаматтары болып табылуы;
      2) кәмелеттік жаста болуы;
      3) еңбекші көшіп келушіге берілген рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының аумағынан кету үшін қажетті өзінің төлем қабілеттілігінің растамасын ұсынуы;
      4) соттылығының бар не жоқ екендігінің растамасын ұсынуы;
      5) таңдаған мамандығы бойынша еңбек қызметіне кедергі болатын ауруларының жоқ екендігін растайтын медициналық анықтамасын ұсынуы;
      6) медициналық сақтандыруының болуы тиіс.
      2. Еңбекші көшіп келушілерге уақытша тұруға арналған рұқсатты ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен береді және еңбекші көшіп келушіге берілген рұқсаттың қолданылу мерзіміне ұзартады.
      Еңбекші көшіп келушінің Қазақстан Республикасында үзіліссіз уақытша тұруының ең ұзақ мерзімі он екі айдан аспауға тиіс.
      Ескерту. Заң 43-1-баппен толықтырылды - ҚР 10.12.2013 № 153-VЗаңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 

      43-2-бап. Еңбекші көшіп келушіге рұқсат беру тәртібі

 

      1. Рұқсат беру туралы өтініште көрсетілген мерзімге еңбекші көшіп келушіге рұқсат беріледі және ол бір, екі немесе үш айды құрауы мүмкін.
      Еңбекші көшіп келушіге рұқсат берудің ең ұзақ мерзімі он екі айдан аспауға тиіс.
      Еңбекші көшіп келушіге жаңа рұқсат алдыңғы рұқсаттың мерзімі аяқталғаннан кейін кемінде күнтізбелік отыз күн өткен соң беріледі.
      Еңбекші көшіп келушіге рұқсат оның Қазақстан Республикасының аумағында болуының заңдылығын, сондай-ақ рұқсат алуға берілген өтініште көрсетілген кезеңге жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемнің төленгенін растайтын құжаттар ұсынылған кезде беріледі.
      Еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттар беру кезінде еңбекші көшіп келушілерді тіркеу, дакто-, фото есепке алуды қалыптастыру жүргізіледі.
      2. Еңбекші көшіп келушінің өтініші бойынша еңбекші көшіп келушіге рұқсат өтініште көрсетілген мерзімге бірнеше рет ұзартылады және ол бір, екі немесе үш айды құрауы мүмкін.
      Еңбекші көшіп келушіге рұқсат алдыңғы кезеңде жұмыс беруші жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыстарды орындағанын (қызметтер көрсеткенін), сондай-ақ еңбекші көшіп келушіге берілген рұқсат ұзартылатын кезеңге жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемнің төленгенін растайтын құжаттар ұсынылған кезде ұзартылады.
      3. Еңбекші көшіп келушіге рұқсатты беру, ұзарту және кері қайтарып алу тәртібін, сондай-ақ еңбекші көшіп келушілерді тіркеу, дакто-, фото есепке алуды қалыптастыру және жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі айқындайды.
      4. Еңбекші көшіп келушіге берілген рұқсат көшіп келушінің жұмыс беруші жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) бойынша еңбек шартын жасасуы үшін негіз болып табылады.
      5. Бір жұмыс беруші жеке тұлғаның бір мезгілде бестен көп еңбекші көшіп келушімен үй шаруашылығында жұмыстар орындау (қызметтер көрсету) бойынша еңбек шарттарын жасасуына жол берілмейді.
      6. Еңбекші көшіп келушіге рұқсат еңбекші көшіп келушіге ол берілген әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында жұмыс беруші жеке тұлғаның үй шаруашылығында жұмыстар орындауға (қызметтер көрсетуге) құқық береді.
      Ескерту. Заң 43-2-баппен толықтырылды - ҚР 10.12.2013 № 153-VЗаңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 

   7-тарау. ГУМАНИТАРЛЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ УӘЖДЕР БОЙЫНША КӨШІП КЕЛУ

 

      44-бап. Гуманитарлық уәждер бойынша келетін көшіп
               келушілердің санаттары

 

      Гуманитарлық уәждер бойынша келетін көшіп келушілерге:
      1) волонтерлер – Қазақстан Республикасына білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік көмек саласында өтеусіз негізде қызмет көрсету үшін келетін көшіп келушілер;
      2) Қазақстан Республикасына қайырымдылық, гуманитарлық көмек көрсету және гранттар беру мақсатында Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың шеңберінде келетін көшіп келушілер жатады.

 

      45-бап. Саяси уәждер бойынша келетін көшіп келушілер

 

      Саяси уәждер бойынша келетін көшіп келушілерге:
      1) босқындар;
      2) саяси пана берілген адамдар жатады.

 

      46-бап. Гуманитарлық уәждер бойынша келетін көшіп
              келушілердің келу және келуіне виза беру
              шарттары

 

      1. Қазақстан Республикасына гуманитарлық уәждер бойынша келетін көшіп келушілердің келуіне визаны Қазақстан Республикасында аккредиттелген халықаралық ұйым өкілдігінің не ол орналасқан елде осы елдің заңнамасына сәйкес ресми тіркелген шетелдік үкіметтік емес қоғамдық ұйымның (қордың) қолдаухаты негізінде Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері бір жылға дейінгі мерзімге береді.
      2. Гуманитарлық уәждер бойынша келген көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағында келудің мақсаттарында көзделмеген қызметпен айналысуға құқығы жоқ.

 

      47-бап. Саяси уәждер бойынша келудің және болудың
              шарттары

 

      1. Пана іздеп жүрген адамдардың келу және болу шарттары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға пана беру және оларға босқын мәртебесін беру жөніндегі қатынастар, босқындардың Қазақстан Республикасының аумағындағы құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының босқындар туралы заңнамасымен реттеледі.
      2. Саяси пана берудің тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

 

   8-тарау. КӨШІП КЕЛУШІНІҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНА КЕЛУІНЕН БАС ТАРТУ ҮШІН ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ТҰРАҚТЫ ТҰРУҒА АРНАЛҒАН РҰҚСАТТЫ АЛУ ҮШІН ЖАЛПЫ НЕГІЗДЕР

 

      48-бап. Көшiп келушiнiң Қазақстан Республикасына келуiне
               рұқсат беруден бас тарту үшiн негiздер

 

      Көшіп келушінің Қазақстан Республикасына келуіне:
      1) ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті және халықтың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету мүддесі үшін;
      2) егер оның iс-әрекетi конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталса;
      3) егер ол Қазақстан Республикасының егемендiгi мен тәуелсіздігіне қарсы шықса, оның аумағының бiрлiгi мен тұтастығын бұзуға шақырса;
      4) егер ол ұлтаралық және дiни араздықты тудырса;
      5) егер бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса;
      6) егер ол террористік немесе экстремистік ұйымдарға тиесілі болса, террористiк немесе экстремистік іс-әрекетi үшiн сотталған болса не оның іс-әрекетін сот аса қауіпті рецидив ретінде таныса;
      7) егер ол Қазақстан Республикасында алдыңғы болған кезеңде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін қолданылған жазаны өтемеген болса;
      8) егер жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайда, Қазақстан Республикасында алдыңғы болған кезеңде ол мұндай декларацияны табыс етпеген болса;
      9) егер ол, этникалық қазақтарды, Қазақстан Республикасында немесе Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасында туған немесе бұрын оның азаматтығында болған адамдарды және олардың отбасы мүшелерiн қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен Қазақстан Республикасында болу және одан кету үшiн қажеттi қаражатының бар екендiгi туралы растауды ұсынбаса;
      10) егер ол келу туралы өтiнiш хат жолдаған кезде өзi туралы жалған мәлiметтер хабарлаған болса немесе қажеттi құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмде табыс етпесе;
      11) онда Қазақстан Республикасына келу үшін қарсы айғақтар болып табылатын аурулары болған кезде тыйым салынады.
      Бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жiберiлген көшіп келушілерге шығарып жiберу туралы шешiм шығарылған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.
      Қабылдаушы тұлғалардың көшіп келушілерді Қазақстан Республикасына шақыру туралы өтініштері, егер мұндай өтініш берілгенге дейін бір жыл ішінде қабылдаушы тұлғалар көшіп келушілерді уақтылы тіркеу, олардың Қазақстан Республикасында болу, ел аумағында жүріп-тұру құқығына құжаттарды ресімдеу және болудың белгілі бір мерзімі өткеннен кейін Қазақстан Республикасынан кетуін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершілікке тартылса, қаралмайды.
      Ескерту. 48-бап жаңа редакцияда - ҚР 10.12.2013 № 153-VЗаңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 

      49-бап. Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасында
               тұрақты тұруға арналған рұқсатты беруден бас
               тарту не оның күшін жою үшін негiздер

 

      Мынандай:
      1) заңсыз келген, сондай-ақ қылмыс жасағаны үшiн өздерi шыққан елдердiң заңнамасы бойынша қудалауға ұшыраған;
      2) сотталғанға дейiн тұрақты тұрғылықты жерi Қазақстан Республикасынан тыс болған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған;
      3) адамзатқа қарсы қылмыс жасаған;
      4) оралмандарды қоныстандыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге келген этникалық қазақтарды, Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасында немесе Қазақстан Республикасында туған немесе бұрын оның азаматтығында болған бұрынғы отандастарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының негізінде Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға құқығы бар адамдар мен олардың отбасы мүшелерін қоспағанда, өзiнiң төлем қабiлеттiлiгiнің растамасын Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайтын тәртiппен және мөлшерде ұсынбаған;
      5) Қазақстан Республикасында шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнаманы бұзған;
      6) ұлтаралық және дiни араздықты өршіткен;
      7) іс-әрекеттерi конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталған;
      8) Қазақстан Республикасының егемендiгi мен тәуелсiздiгiне қарсы шыққан, оның аумағының бiрлiгi мен тұтастығын бұзуға шақырған;
      9) террористiк әрекетi, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн соттылығы болған;
      10) Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу туралы қолдаухатпен өтiнiш жасаған кезде жалған құжаттарды ұсынған не өзі туралы көрінеу жалған мәлiметтер хабарлаған немесе қажеттi құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмде дәлелді себепсіз ұсынбаған;
      11) Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты берген кезге дейін бес жылдың ішінде Қазақстан Республикасынан шығарып жiберiлген;
      12) егер бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса;
      13) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұруға рұқсат алған және тұрақты тұруға рұқсат берілген күннен бастап ретімен келетін кез келген он екі айлық кезең шегінде күнтізбелік бір жүз сексен үш күннен аз тұрып жатқан;
      13-1) Қазақстан Республикасында тұрған алғашқы бес жылдың iшiнде оралман мәртебесін алған кезде қоныстандыру үшiн белгiленген өңiрден тыс жерлерге оралман өзiнiң ерiк қалауымен өз бетiнше iшкi көшiп-қонған жағдайда;
      14) Қазақстан Республикасының азаматтарымен некелескен, осы некесі тұруға ықтиярхат алу үшін негіз болған, егер бұл неке заңды күшіне енген сот шешімімен жарамсыз деп танылса;
      15) Қазақстан Республикасына келуге қарсы айғақ болып табылатын аурулары бар көшіп келушілерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тартылады не бұрын берiлген рұқсаттың күші жойылады.
      Тұруға ықтиярхатты немесе азаматтығы жоқ адамның куәлiгін беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
      Ескерту. 49-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 10.12.2013 № 153-VЗаңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

 

   9-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ІШКІ КӨШІП-ҚОНУШЫЛАР

 

      50-бап. Ұйымдасқан түрде қоныс аударатын және өз
              бетінше қоныс аударатын ішкі көшіп-қонушылар

 

      Қазақстан Республикасында ішкі көшіп-қонушылар:
      РҚАО-ның ескертпесі!
      1) тармақша 01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі (63-баптықараңыз).
      1) ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасына сәйкес ұйымдасқан түрде қоныс аударатындар (қоныс аударушылар) немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қоныс аударылатындар;
      2) өзінің ерік қалауымен өз бетінше қоныс аударушылар болып бөлінеді.

 

      51-бап. Ішкі көшіп-қонушылардың негізгі құқықтары
              мен міндеттері

 

      1. Ішкі көшіп-қонушылардың:
      1) Қазақстан Республикасының заңында жазылған жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында еркін жүріп-тұруға, тұрғылықты жерін еркін таңдауға;
      2) тұрғылықты жерінен немесе болатын жерінен мәжбүрлі түрде қоныс аудартудан қорғалуға;
      3) жұмысқа орналасуда жәрдем көрсетілуге құқығы бар.
      Жеке тұлғаларды Қазақстан Республикасының заңында көзделмеген негіздер бойынша мәжбүрлі түрде қоныс аудартуға жол берілмейді.
      2. Ішкі көшіп-қонушылар Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен тіркелуге міндетті.

 

      РҚАО-ның ескертпесі!
      10-тарау 01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі (63-баптықараңыз).

 

       10-тарау. ІШКІ КӨШІП-ҚОНУШЫЛАРҒА ЖӘРДЕМ КӨРСЕТУ

 

      52-бап. Ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару
              квотасын белгілеу және қоныс аударушы
              мәртебесін алу

 

      1. Ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасын халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
      2. Ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасы ұйымдасқан түрде қоныс аударылатын Қазақстан Республикасының азаматтары отбасыларының санын және экологиялық жағдайы аса қолайсыз әкімшілік-аумақтық бөліністерді айқындайды, олар осы әкімшілік-аумақтық бөліністерден қоныс аударушыларды қабылдау үшін белгіленген экономикалық тұрғыдан перспективалы елді мекендерге қоныс аударылады.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      3-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 13.06.2013 № 102-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      3. Ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасына енгізу және қоныс аударушы мәртебесін беру кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біреуінің Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға берген өтінішінің негізінде жүзеге асырылады.

 

      53-бап. Ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару
              квотасына енгізілген Қазақстан
              Республикасының азаматтарына әлеуметтік
              көмек көрсету

 

      Ішкі көшіп-қонушылардың квотасына енгізілген Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен тұрақты тұрғылықты жеріне жол жүру және мүлкін тасымалдау шығындарын қамтитын біржолғы жәрдемақы төленеді және тұрғын үй салу, оны қалпына келтіру немесе сатып алу үшін жеңілдікті кредиттік қарыздар беріледі.

 

   11-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ АЗАМАТТАРЫНЫҢ ЕЛДЕН ТЫС ЖЕРГЕ КЕТУІНІҢ ШАРТТАРЫ МЕН ТӘРТІБІ. ЗАҢСЫЗ КӨШІП КЕЛУДІҢ АЛДЫН АЛУ

 

      54-бап. Елден тыс жерге кететін Қазақстан
              Республикасы азаматтарының санаттары

 

      Елден тыс жерге кететін Қазақстан Республикасының азаматтары:
      1) басқа мемлекетке тұрақты тұру үшін кететін Қазақстан Республикасының азаматтары;
      2) басқа мемлекетке уақытша тұру үшін кететін Қазақстан Республикасының азаматтары болып екі санатқа бөлінеді.
      Басқа мемлекетке уақытша тұру үшін кететін Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің персоналы, Қазақстан Республикасына бекітіп берілген квоталарға сәйкес халықаралық ұйымдар жанындағы лауазымдарға тағайындалған, шетелде уақытша еңбек қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматтары, бітімгершілік парызын орындаушы әскери қызметшілер, сондай-ақ, ұйымдар мен жеке адамдардың шақыруы бойынша оқуда, емделуде, туристік және жеке сапарда, шет елдерде қызметтік іссапарда жүрген адамдар жатады.

 

      55-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының елден
              тыс жерге кетуінің шарттары мен тәртібі

 

      1. Әркімнің Қазақстан Республикасынан тыс жерге кетуге құқығы бар. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасына кедергісіз қайтып оралуға құқығы бар.
      2. Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кету  ішкі істер органдары кетуге арналған құжаттарды ресімдегеннен кейін жүзеге асырылады.
      3. Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтінішті ішкі істер органдарына:
      1) әрекетке қабілетті азаматтар - өздері;
      2) балалар мен сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар атынан олардың заңды өкілдері береді.
      4. Ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтініш берген азаматтардың Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кетуінен бас тарту үшін негіздердің болмауына тексеру жүргізеді.
      Мүдделі мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтініш берген азаматтарға қатысты ішкі істер органдарының сауалдарын он күн мерзімде қарайды.
      Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу туралы шешім барлық құжаттар ұсынылған күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен қабылданады.
      5. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасынан басқа мемлекеттерге тұрақты тұрғылықты жерге кетуімен байланысты шығындарды қаржыландыру кетушілердің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады, сондай-ақ, егер бұл Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, басқа да көздерден жүзеге асырылуы мүмкін.
      6. Қазақстан Республикасынан басқа мемлекетке тұрақты тұрғылықты жерге кететін Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өздеріне және өздерінің отбасы мүшелеріне меншік құқығымен тиесілі мүлікті өз қаражаты есебінен әкетуге құқылы.
      7. Азаматтардың мемлекет үшін мәдени, тарихи немесе өзге де құндылығы бар заттарды Қазақстан Республикасының шегінен тыс әкетуі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен реттеледі.
      8. Қазақстан Республикасынан басқа мемлекеттерге тұрақты тұрғылықты жеріне кеткен адамдардың Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлікке құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
      Ескерту. 55-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2013 № 102-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

 

      56-бап. Қазақстан Республикасының азаматына елден
              тұрақты тұрғылықты жеріне кетуге рұқсат
              беруден бас тарту үшін негіздер

 

      Қазақстан Республикасының азаматына мынадай жағдайларда, егер ол:
      1) мемлекеттік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді білетін болса және өзінің Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кету фактісі туралы тиісті уәкілетті органдарды хабардар етпеген болса – осы мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылғанға дейін;
      2) қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған не кінәлі ретінде жауапқа тартылған болса – іс бойынша шешім шығарылғанға дейін немесе сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін;
      3) қылмыс жасағаны үшін сотталған болса – жазасын өтегенге дейін немесе жазадан босатылғанға дейін;
      4) өзіне сот жүктеген міндеттемелерді орындаудан жалтарған болса – осы мән-жайлар тоқтатылғанға дейін;
      5) мерзімді әскери қызметін өткеріп жүрген болса – осы қызметті өткеру аяқталғанға дейін немесе «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес одан босатылғанға дейін;
      6) Қазақстан Республикасынан кету үшін құжаттарды ресімдеу кезінде өзі туралы көрінеу жалған деректерді хабарлаған болса – бас тартуға және беруге негіз болған себептер жойылғанға дейін және дәйекті деректерді ұсынғанға дейін;
      7) азаматтық сот ісін жүргізуде жауапкер болып табылса – сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жеріне кетуге рұқсат беруден уақытша бас тартылады.
      Қазақстан Республикасы азаматының салық берешегі болған жағдайда, оған Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге рұқсат беруден бас тартылады.
      Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кету құқығын шектеудің барлық жағдайларында ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының азаматына хабарлама береді, онда шектеудің негіздемесі мен мерзімі және осы шешімге шағымданудың тәртібі көрсетіледі.
      Ескерту. 56-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.16 № 562-IV(алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

 

      57-бап. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге
              барған Қазақстан Республикасы азаматтарының
              құқықтары мен міндеттері

 

      Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге барған Қазақстан Республикасы азаматтарының барлық құқықтары мен бостандықтары бар, сондай-ақ олар Конституцияда, заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген міндеттерді атқарады.
      Қазақстан Республикасы өз азаматтарын одан тыс жерде қорғауға және оларға сүйеу болуға кепілдік береді.

 

      58-бап. Заңсыз көшіп келудің алдын алу және құқықтық
               мәртебесі реттелмеген көшіп келушілерді
               заңдастыру шаралары

 

      1. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағына келуі, олар келу, кету, болу және транзиттік жол жүру тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасы заңнамасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарын орындаған жағдайда мүмкін болады.
      2. Уәкілетті мемлекеттік органдар көші-қон бақылауын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдардың есебін жүргізуді Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.

 

   12-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛЫҚТЫҢ КӨШІ-ҚОНЫ САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ. ДАУЛАРДЫ ШЕШУ

 

      59-бап. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны
              саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін
              жауаптылық

 

      Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

 

      60-бап. Заңсыз көшіп келушілерді шығарып жіберу

 

      1. Заңсыз көшіп келушілер Қазақстан Республикасының шегінен тыс өздерінің шыққан мемлекетіне (шетелдік азаматтығын алған немесе азаматтығы жоқ адам тұрақты тұратын елге) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шығарып жіберілуге жатады.
      Шығарып жіберу туралы шешімді сот қабылдайды.
      Заңсыз көшіп келушілерді кідіртіп ұстауға және оларды Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу үшін қажетті мерзімге ішкі істер органдарының арнаулы мекемелерінде ұстауға Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен жол беріледі.
      2. Шығарып жіберу бойынша шығыстарды шығарып жіберілетін заңсыз көшіп келушілер, заңсыз көшіп келушіні Қазақстан Республикасына шақырған жеке немесе заңды тұлғалар көтереді. Аталған адамдардың шығарып жіберу бойынша шығыстарды өтеуге қаражаты болмаған не жеткіліксіз болған жағдайларда, тиісті іс-шараларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
      Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес келу құқығынсыз келген адамдарды Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге осы адамдарды алып келген көлік ұйымы жауапты болып табылады.

 

      61-бап. Дауларды шешу

 

      Уәкілетті органдардың және (немесе) олардың лауазымды адамдарының шешімдері мен іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған мемлекеттік органдарға (жоғары тұрған лауазымды адамға) және (немесе) сотқа Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағым жасалуы мүмкін.

 

   13-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

      62-бап. Осы Заңның қолданылу тәртібі

 

      1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенінен кейін туындаған халықтың көші-қоны саласындағы қатынастарға қолданылады.
      2. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін уәкілетті мемлекеттік органдар берген құжаттар өзінің күшін сақтайды.

 

      63-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

 

      1. Осы Заң, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 8-баптың 3) тармақшасын, 50-баптың 1) тармақшасын және 10-тарауды қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. «Халықтың көші-қоны туралы» 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 24, 341-құжат; 2001 ж., № 8, 50-құжат; № 21-22, 285-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 6, 76-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 3, 23-құжат; № 15, 106-құжат; № 20, 152-құжат; 2008 ж., № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 23, 117-құжат; 2010 ж., № 24, 149-құжат) күші жойылды деп танылсын.

 

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

№ 08-06/8471

11.06.2015 ж.

 

       Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы дайындалуда.

       Заң жобасы оралмандарды қоныстандыру өңірлерді анықтау мен өңірлік квотаны бекітуді көздейді. Бұдан өзге, заң жобасы ішкі көшіп қонушылардың жұмыс қолы көп өңірлерден ҚР Үкіметімен анықталған өңірлерге еркін қоныс аударуды қарастырады. Мемлекеттік қолдау көрсету, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және оралмандар мен ішкі қоныс аударушыларға қызыметтік үй беру «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде іске асыру болжануда.

        Сонымен қатар, Қазақстан Республикасның индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы щеңберінде Шығыс Қазақстан облысында 9 жобаның іске асырылуы жоспарланған.

       Осыған орай Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне Шығыс Қазақстан облысы бойынша облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлетіру басқармасынан 2015-2017 жылдарға  оралмандарды қабылдау туралы ақпарат кестесі жіберілген.

Қазіргі уақытта ШҚО бойынша облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасында оралмандарды қабылдау және оларға оралман мәртебесін беру қолданыстағы ҚР «Көші-қоны заңының» шеңберінде жүргізіуде

Оралмандарға қарасты әлеуметтік көмектер Қазақстан Республикасының азаматтарымен  тең деңгейде көрсетіледі.

 

 

 

 

Бөлім басшысының орынбасары                                                   Ж. Нүкішев

 

 

Орынд. Қ. Құндақов

 

 тел. 56-23-14     

Өңдеу күні: 27-01-2014