Жер заңды негізде
Жер учаскесін өз бетінше иеленіп алу
 
Жер учаскесі меншік иесінің немесе жер пайдаланушының рұқсатынсыз бөтен жер учаскесін иелену, сондай-ақ мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскесін жергілікті атқарушы органның тиісті шешімінсіз иелену – жер заңнамасы саласындағы ең өрескел бұзушылықтардың бірі.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-бабы 10-тармағына сәйкес, егер облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң жер учаскесiн беру туралы шешiмiнде өзгеше көзделмесе, жер учаскесiнiң нақтылы (белгiлi бiр жердегi) шекарасы белгiленгенге дейiн және құқық белгiлейтiн құжаттар берiлгенге дейiн жер учаскесiн пайдалануға жол берiлмейдi.
Осы норманы сақтамау жер учаскесiн өз бетiнше иеленiп алу деп бағаланады және Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкiмшiлiк жауаптылықты көздейдi.
Тәжірибе жүзінде жекелеген тұлғалар заңның аталған талаптарын бұза отырып, жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын алғанға дейін және белгілі бір жерде шекаралары белгіленбестен бұрын, жер комиссиясының оң шешімі ғана (бұл – ұсынымдық сипаттағы құжат және мәні бойынша құқық белгілейтін құжат болып табылмайды) бола тұра, жер учаскесінде құрылыс, жер жұмыстары сияқты қызметтерді жүзеге асырады, осылайша, қолданыстағы жер заңнамасының нормаларын бұзады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің 136-бабына (меншiкке қол сұғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар) сәйкес, мемлекеттiк жер учаскелерiн заңсыз иеленіп алу немесе айырбастау не жерге мемлекеттiк меншiк құқығын тiкелей немесе жанама нысанда бұзатын басқа да мәмiлелер жасау, сондай-ақ уақытша иеленген мемлекеттiк жердi уақтылы қайтармау –жеке тұлғаларға – жетпіс бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жеті жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 164-1 бабы 2-тармағы негізінде мемлекет меншігіндегі және жер пайдалануға берілмеген жер құрамынан өз бетінше иеленіп алынған жер учаскесін қайтаруды талап етуді жер учаскесі орналасқан жер бойынша жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
Заңсыз иеленуші өз бетінше иеленіп алған жер учаскесін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген әкімшілік жазалар қолданылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде босатуға және өз бетінше иеленіп алған жер учаскесінде салынған (салынып жатқан) құрылысты, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, өзі немесе өз есебінен бұзуды жүзеге асыруға міндетті.
Жер учаскелерін өз бетінше иеленіп алу және құқық белгілейтін құжаттарсыз заңсыз құрылыс салу жағдайларын болдырмау үшін, азаматтар мен заңды тұлғалар жерді өз бетінше иеленіп алу қандай салдарға әкеп соғатынын түсінуі қажет.
 

Жер саласындағы алаяқтық туралы ескерту - жаднамасы

Бұл бөлімде Сіз жерді басып алу фактілері туралы сурет пен хабарлама қалдыра аласыз:
Captcha