Аңыздан туған өмір жемісі
Автор: Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі
02-10-2019 17:34
Аңыздан туған өмір жемісі
Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде №10 мектептің 6 «Б» сынып оқушыларының қатысуымен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы бойынша «Аңыздан туған өмір жемісі» атты таным сағаты өтті. 
Шара басында оқушылар «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласының негізгі бағыттарымен танысып, «Қазақстан - алма мен қызғалдақтың отаны» атты бағытына ерекше назар аударылды. Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені, Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны болып саналатындығы және  дәл осы тұқым әлемге ең көп таралған  жемісті тарту  еткендігі туралы айтылды.
Оқушылар назарына «Алманың пайда болуы немесе Эдем жұмақ бақтары» атты бейнефильм ұсынылды. Қатысушылар 2006 жылдың басында ғалымдар ДНК сараптамасын жасай отырып барлық алманың арғы атасы Сиверс алмасы екенін анықтағанын, археологиялық қазба жұмыстары бұл алма ағашының ежелгі дәуірде болғанын, оның жасы шамамен 165 млн. жыл екенін дәлелдегенін, сонымен қатар «Алма-Ата» деп аталған жабайы алманың бұл түрі  Алматы қаласының тау бөктерінде өсетіндігін білді.
Қатысушылар таным сағатында  әр елде алмамен байланысты өз дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары бар екендігін білді. Алма бейнесі мифтер мен ертегілерде жиі кездеседі, халық тарихына тамырымен тараған бұл символ оның дүниетанымы мен мәдениетін, даналығын көрсетеді.
Алма мақал-мәтелдер мен афоризмдерде кездеседі. Оқушылар кітапханашымен бірлесе отырып «Алма алмадан алыс құламайды» және «Алма түсер жер жоқ» сияқты афоризмдердің мағынасын талқылады. 
Іс-шара соңында  қазақ жазушыларының шығармалары мен халық ертегілеріндегі алма бейнесінің ерекшеліктері ұсынылды. Мысалы: Ә.Кекілбаевтің «Аңыздың ақыры» романында сипатталған қызыл алма болмыстың өзгеруін, опасыздықты бейнелесе, А.С.Пушкинің ертегілерінде  философиялық бейне түрінде ұсынылады. 
Шара соңында «Алма - мәңгілік жастық пен өмірдің символы» атты  ашық кітап көрмесінде ұсынылған әдебиеттерге шолу жасалды.
 
 
 
Қалалық орталық кітапхана