Басы » Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі » Жаналықтар » «Қасиетті Қазақстан» арнайы жобасы аясында «Киелі мекенім - Қазақстан» атты ақпараттық семинар өткізілді
«Қасиетті Қазақстан» арнайы жобасы аясында «Киелі мекенім - Қазақстан» атты ақпараттық семинар өткізілді
Автор: Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі
05-03-2020 16:28
«Қасиетті Қазақстан» арнайы жобасы аясында «Киелі мекенім - Қазақстан»  атты ақпараттық семинар өткізілді
Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде 
өткізілген мәдени іс-шара туралы
 
 
Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қасиетті Қазақстан» арнайы жобасы аясында «Киелі мекенім - Қазақстан»  атты ақпараттық семинар өткізілді.
Іс-шараға №4 және №27 жалпы орта білім беретін мектептің кітапханашылары, «Қайнар орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ, «Мұқыр ауылының кітапханасы» КММ, «Семей қаласының зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасы» КММ, Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкерлері қатысты. 
Мақсаты: Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы және осы бағытта қабылданған бағдарламаларды жүзеге асыру,  кітапхана мамандарының шығармашылық белсенділігін арттыру, тарихи және мәдени ескерткіштерді танымал етудің жаңа тәсілдерін анықтау, рухани құндылықтарды көрсетудің озық тәжірибесін дамыту.
Ақпараттық семинар басында жүргізушілер рухани орда болып табылатын кітапхана жұмысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен бір бағытта өрбитіндігін айта келе, «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы жалпыұлттық сипатқа ие екендігін, еліміздің рухани, қасиетті жерлерін насихаттауға бағытталғанын атап өтті.
Шараға қатысушылар «Оңтүстік Қазақстанның жеті кереметі» атты жедел-ақпаратпен, сондай-ақ көрнекі және ақпараттық жұмыстың жаңа түрлерінің бірі – кітапханалық квилт (quilt) жасау әдісімен, мультимедиялық «Қызғалдақ туралы аңыздар» атты бейне-шолумен танысып, «Киелі жерлерге саяхат» атты тарихи battle сайысында бақ сынады.
Семинардың келесі бөлімінде ұйымдастырылған «Үздік библиогид» байқауына қатысушыларды бағалау үшін әділқазылар алқасы тағайындалды. Оның құрамында - Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қуанғалиева Анар Ахметқалиқызы, Туризмді дамыту секторының бас маманы Дюйсенбаев Бауыржан Тұрарбекұлы, №31 ЖОББМ кітапханасының меңгерушісі Айтуганова Алима Махмутқызы болды.
Алғашқы кезекті алған Цемент және Жоламан кентіндегі кітапхана-бөлімшелерінің қызметкерлері Ұлы Жібек жолының орталығы болып табылатын қасиетті Түркістанның киелі орындары мен көрікті жерлеріне саяхат жасауға шақырды.
Сайысты жалғастырған №12 кітапхана-бөлімшесінің қызметкері Елеусизова Айжан Касенқызы Қазақстан мен Ресей Федерациясының шекарасындағы Мұзтау тауы туралы өте қызықты ақпарат ұсынды.
«Қайнар орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ атынан қатысқан сайыскер Ережепова Гүлжан Сәменқызы Орта Азия мен Қазақстандағы теңдессіз тарихи жәдігер болып табылатын ғажайып сәулет өнерінің туындысы Шығыс мұсылман құрылыс тәжірибесін жинақтаған ғажайып ғимарат - Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жайлы жан-жақты ақпарат берді.
№6 кітапхана-бөлімшесі мен Шығыс кентіндегі кітапхана-бөлімшесінің атынан кітапханашы Стамбекова Бақыт Жұмағазықызы бүгінгі күнге дейін сақталған Ырғызбай ата тарихи ескерткішіне виртуалды саяхат жасады. Жиналғандар әйгілі емші туралы көптеген қызықты, жұмбаққа толы деректерден хабардар болды.
Балалар және жасөспірімдер кітапханасының маманы Жукенова Алтынжан Аманғазықызы ХІІ ғасырда салынған Айша бибі кесенесінің таңғажайып тарихына байланысты махаббат аңызын ұсынды.
Қоңыр-Әулие үңгірінің тарихы, суының емдік қасиеті туралы №2 кітапхана-бөлімшесінің меңгерушісі Нукушева Сәуле Камалиқызы айтып өтті.
«Қазақстанның киелі жерлер географиясы» тізіміне Шығыс Қазақстан облысынан енген санаулы ескерткіштердің қатарында ұлылар мекені атанған Жидебайдың алар орны мен тарихи маңызы айрықша. Қазаққа ұлы ақын, кемеңгер ойшыл  Абайды сыйлаған киелі жер – Жидебайға саяхат жасау мүмкіндігін Семей қаласының зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының маманы – Бейсембекова Бақытжан Бейсембекқызы берді.
Кезекті қатысушы №4 жалпы орта білім беретін мектеп кітапханашысы Жукенова Құралай Жұмабекқызы әлемдегі ең қасіретті орындардың бірі болып табылатын - Семей ядролық полигонының құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» ескерткіші жайлы ақпаратты ұсынды.
Жалғасында Ф.М.Достоевскийдің әдеби-мемориалды мұражайы туралы қызықты және жан-жақты ақпаратты №27 орта мектептің кітапханашысы Кузнецова Светлана Павловна айтып өтті.
Шара барысында Сақ дәуірінің тарихи ескерткіштерінің бірі болып табылатын құпияға толы Берел қорғанына қызықты саяхатты Мұқыр ауылының кітапханашысы Дауленова Алем Ардаққызы ұсынды. 
Келесі сайыскер Мирный кентіндегі кітапхана-бөлімшесінің қызметкері Омарханова Күлбике Мұхаметканқызы махаббат үшін жанын қиған екі ғашықтың қайғылы махаббаты жайлы ежелгі аңызды және алғашқылардың бірі болып Қазақстанның ұлттық нысандары мен кешендерінің тізіміне енгізілген Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесенесі жайлы  баяндап берді. 
Алаш жұртының ұғымында Алашорданың астанасы саналатын туған қаламыз Семейдегі қастерлі орындардың бірі «Алаш арыстары» мұражай-үйі. Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатовтың Семейде қызмет еткен жылдарына ерекше қатысы бар мекенжайға мәдени серуенді Қалалық орталық кітапхана қызметкері Ләйлә Сарқытбекқызы жүргізді.
Семинар барысында автоматтандыру бөлімінің меңгерушісі Шыңғысова Жадыра Серікбайқызы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында ұлттық асыл мұраны, оның ішінде өлкетану әдебиеттерін кең көлемде насихаттап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мақсатында ОКЖ сайтында құрылған онлайн-кітапханамен  таныстырады.
Ұпайларды есептеп, нәтижелерді шығарып, «Үздік библиогид» байқауында қай турдың ең бағалы болғанын анықтағаннан кейін қазылар алқасы және Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ақкожина Назерке Мәулітқызы жеңімпаздарды құттықтап, марапаттады.
Іс-шараны қорытындылай келе, Семей қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Молжигитова Гүлниса Төлегенқызы кітапхана рухани, мәдени, тарихи құндылықтардың орталығы болып табылатындығын және осы құндылықтарды насихаттауда кітапханашылардың үлесі зор екендігін атап өтті.
 
 
 
 
Қалалық орталық кітапхана