Басы » Акимат » Қаланың басқа жаңалықтары » ЭЛЕКТРОНДЫ ҚАЗАҚ ҮЙ – ҚАЗАҚЫ ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ
ЭЛЕКТРОНДЫ ҚАЗАҚ ҮЙ – ҚАЗАҚЫ ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ
Автор: Акимат
08-08-2014 05:10
ЭЛЕКТРОНДЫ ҚАЗАҚ ҮЙ – ҚАЗАҚЫ ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ
Әлем әдебиетінің классигі, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп айтқандай, ертеңгі елдің болашағы - бүгінгі бүлдіршін. Еліміздің келешегі – бүгінгі бүлдіршіндеріміздің бойына ұлттық тәрбиені сіңіру мақсатында Алматы қаласындағы «Ұлас-Электрон» ЖШС компаниясы «Электронды қазақ үй» жобасын жасап, көпшілік назарына ұсынған. Сәрсенбі күні қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен қалалық ақпараттық орталықта электронды қазақ үй өнімінің таныстырылымы өтті. 
Арнайы қорабы мен кітапшасы бар, қазақы ою-өрнекпен безендіріліп, кішірейтіліп жасалған қазақ үйінің, яғни, ұлттық заманауи өнімнің таныстырылымына мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілері, кітапханашылар және БАҚ өкілдері қатысты. Алматыдан арнайы келген аталмыш жобаның жауапты редакторы Жарқын Сәленұлы жиналғандарға ұлттық өнім жайлы кеңінен таныстырды. 
- Электронды қазақ үй – исі қазақтың  игілігіне жарайтын, бабаларымыздан бізге жеткен бай рухани мұраларын бүгінгі және келешек ұрпаққа жалғайтын дәстүрлі үлгідегі таңдаулы заманауи тәрбие құралы. Әдебиетіміз бен мәдениетіміздің, дәстүрлі дүниетанымымыз бен музыкалық мұрамыздың жауһарларын жалпақ жұртқа насихаттайтын ұлттық өнімнің тәрбиелік, тағылымдық қызметі басым, сапасы жоғары деңгейде, мазмұны бай. Ол әр қазақтың тілдік, сөздік қорын байытуға, ұлттық музыкаға деген ықыласын арттырып, рухын көтеріп, танымын арттыруға септігі мол. Сондықтан, бұл ұлттық өнім әр қазақтың шаңырағының төрінде тұруға тиісті, - дейді Жарқын Сәленұлы. 
Жарқын Сәленұлының сөзіне сүйенсек, қазақ үйдің кішірейтілген нұсқасына елімізге белгілі актер, мәдениет саласының майталманы Айдос Бектемір мен дауысын танымал  диктор Сауық  Жақанова оқыған 150 ертегі, сонымен қатар, 7 бесік жыры, балаларға арналған 167 ән, 114 халық әні, 62 терме-толғау, 26 отаншылдық рухтағы ән және домбыра, қобыз, сыбызғы, сазсырнай, жетіген, шаңқобыз, адырна, шертер сынды аспаптармен, сол сияқты оркестрдің сүйемелдеуімен орындалған 400-ге жуық күй, сондай-ақ, хакім Абайдың 45 қара сөзі, жалпы, 1200 шығарма енгізілген. Бұл, әлбетте, әр адамның санасына салт-дәстүрлерімізді сіңіріп, ұлттық рухын оятуға таптырмайтын құрал екені даусыз. 
- Ұлттық нақышта безендірілген бұл өнім патенттелген, авторлық құқығы қорғалған. Сонымен қатар, Елбасының жақсы бағасына ие болып, ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің сараптауынан өткен. Жобаның жүзеге асуына 3 жыл уақыт жұмсалды. Ал, оның сәтті шығуына Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, танымал әнші-компазиторлар, ақындар, қаламгерлер кеңес беріп, қолдау көрсетуде. Электронды қазақ үйі электр тогы ар-қылы қуатталады. Ұялы телефонның флэш – картасын салып басқа да әуендер тыңдауға, тіпті, радио тыңдауға да мүмкіндік бар. Автокөлікте де алып жүруге ыңғайлы, - дейді жобаның жауапты редакторы.   
Жарқын Сәленұлы электронды қазақ үй Ғалымбек Қызырбекұлының арнайы жобасы екенін, бұл өнімді жоба авторы алғашында өз қаржысына шығарғанын, кейіннен ҚР Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті көбірек шығаруға тапсырыс бергенін айтып өтті. Айтуынша, ұлттық өнімнің бағасы да қолжетімді көрінеді. Ел арасында насихаттау жұмыстары да қарқынды түрде жүргізіліп жатыр екен. Сұраныстың да аз емес екендігін, тіпті, алыс-жақын шетелдерден де тапсырыстардың түсіп жатқанын, өзге ұлт өкілдерінің де бұл өнімге қызығушылық танытып отырғанын айтады. Сонымен қатар, Жарқын Сәленұлы сапалы өнімнің әзірге Қытай еліндегі зауыттардың бірінде өндіріліп жатқанын, болашақта дәл осы өнімді өз елімізде шығаруды ойластырып жүргендерін жеткізді. Сондай-ақ, жылдар бойы өнімді өндіруге жұмсалған барлық шығындарды өз орнына келтірген соң «Ұлас - Электрон» ЖШС болашақта балалар үйіне, көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетуді де жоспарлап отырған көрінеді. 
Жаңа өнімнің мүмкіндіктеріне тәнті болған жиынға қатысушылар ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын заманауи құрал жайлы жобаның жауапты редакторына өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Таныстырылым соңында Жарқын Сәленұлы электронды қазақ үйдің бір нұсқасын қаладағы зағип жандарға арналған арнайы кітапхана ұжымына сыйға тартты. 
 
                                                                                                                               Нұрдәулет КӘКІШЕВ
Суретті түсірген Дархан АХМЕТОВ