Басы » Акимат » Мәдениет » «Туған жерге ту тіккендер» атты жинақтың тұсаукесері өткізілді
«Туған жерге ту тіккендер» атты жинақтың тұсаукесері өткізілді
Автор: Акимат
16-05-2018 17:44
 «Туған жерге ту тіккендер» атты жинақтың тұсаукесері өткізілді
16 мамыр күні Абай кітапханасында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында  журналист - қаламгер, тарихшы, ұстаз Теміров Бекен Нұғыманұлының құрастыруымен «Туған жерге ту тіккендер» атты жинақтың тұсаукесері өткізілді. Кешке зиялы қауым өкілдері, Абай ауданының белгілі тұлғалары, кітапхана пайдаланушылары қатысты.
Шара Қазақстан Республикасының мәдениет министрлігінің мақтау грамотасымен Бекен Нұғыманұлын марапаттаумен басталды. Алғы сөз ретінде  «Туған жерге ту тіккендер» жинағының бас сарапшысы филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еспенбетов Арап Слямұлы 4 бөлімнен тұратын кітап жайлы ой-пікірін білдіріп, жинақтың тұсаукесер рәсімін жасау еңбек ардагерлері Арғынбек Ахметжанұлы мен Совет Сапаұлы және Семей қаласының құрметті  азаматы, профессор Арап  Слямұлы және ғалым Ерғали  Қабдоллаұлына   бұйырды.
Қалалық мәдениет үйінің директоры, әнші Нұриден Құсманұлы «Біздің ауылдың жігіттері» әнін, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Баян Сағынбаева тұсаукесер рәсіміне «Ауылыма барамын» атты тамаша ән шашуларын көпшілікке тарту етті.
Тұсаукесер рәсімінде «Ауыл тарихы - ел тарихы»  атты кең көлемді  кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде мерзімді басылым беттеріне жарияланған  Бекен Нұғыманұлының «Тарих тұғыры Таразда», «Өнегелі өмір», «Өңірдегі тарихи орындар жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр» және т. б. мақалалары оқырман қауымының  назарына  ұсынылып,  «Туған жерге ту тіккендер» атты жинақтың мазмұнына шолу жасалынды. Аягөз аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Аңсаған Мұхаметқалиқызы экраннан құттықтау лебізін білдіріп, Саржал ауылының тумасы Айбек Бекбосынның «Саржал күйі» бейнебаяны  тақырыпты толықтырып,  шара мазмұнының шырайын келтірді. 
Шара соңында қонақтар мен студент жастар кеш иесімен пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.
 
Абай атындағы кітапхана