Басы » Акимат » Денсаулық сақтау » Менингиттен қалай сақтануға болады?
Менингиттен қалай сақтануға болады?
Автор: Акимат
06-06-2018 10:17
Менингиттен қалай сақтануға болады?
Менингококк инфекциясы – күрделі инфекциялық ауру. Бактериялар арқылы туындап, әртүрлі клиникалық белгілер арқылы білінеді. Мәселен, симптомсыз тасымалдаудан бастап, назофарингит (мұрын мен жұтқыншақтың қабынуы), менингит (ми қабықтарының қабынуы) пен менингококк сепсисі (қанның зақымдануы) түрінде өтуі мүмкін.
Инфекцияны науқас адамдар мен дені сау таратушылар таратады. Дені сау бола тұра, қалай жұқтырушы болуы мүмкін? Ол адамдарда клиника­лық белгілер болмаса да, менингококк таратушы деп саналады. Бұл инфекция көп жағдайда қыста немесе ерте көктемде таралады.
Менингит аяқ-асты пайда болады: кенеттен бас қатты ауырып, лоқсып, 6-15 сағаттан кейін денесі бөртіп, температурасы 39-40°С-қа жетіп, қалтырап, бозарып кетеді. Әлсіреп, белі, аяқ-қолы ауырады. Науқас шөлдеп, тамаққа тәбеті төмендейді. Бір айта кетерлігі, аурудың бұл түрі ангина, тұмау, тонзиллит сияқты бо­лып көрініп, жеңіл түрде өтеді. Көп­ші­лігі басқа ауру екен деп ойлап қалып жатады. Суық тиюдің салда­ры­нан ағзаның қорғаныс күші әлсіреп, зорық­қан жағдайда менинго­кокк ми қабық­тарына жылдам еніп, қабындырады.
Мұны емдеудің жолдары жайлы айта кетейік. Аурудың алғашқы белгілері біліне бастаған бойда дереу дәрігерге барып, оның кеңестерін құлаққа құйып алу керек. Адамдар көп жүретін мәдени-бұқаралық шараларға, бассейнге, ойын-сауық орталық­тарын­дағы ойын алаңдарына бармағаныңыз жөн. Сондай-ақ жеке гигиенаны сақтау керек. Бөлменің ауасын жиі-жиі тазартып, ылғалды тазалау жүргізу қажет.
 
 
Семей қ. «Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығы» Семей қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Жалғабаева А.Ж. бірлесе отырып