Басы » Акимат » Қоғам » Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті Жолдауының міндеттерін түсіндіру үшін Шығыс Қазақстан облысына келді
Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті Жолдауының міндеттерін түсіндіру үшін Шығыс Қазақстан облысына келді
Автор: Акимат
10-10-2018 17:45
Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті Жолдауының міндеттерін түсіндіру үшін Шығыс Қазақстан облысына келді
Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына келді. Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында алға қойған негізгі міндеттерді түсіндіру мақсатында Семей және Өскемен қалаларында активпен және жұртшылықпен кездесулер өтті.
Семей қаласында активпен және жұртшылық өкілдерімен Президент Жолдауының негізгі бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, халықтың табыс деңгейін арттыру, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын жақсарту, тұрғын үйдің қолжетімділігі мәселелері қаралды. Бұған қоса, Премьер-Министр бірқатар әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандарды аралап, солардың негізінде өңірде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Денсаулық» және т.б. мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуымен танысты.
Өңірге жасалған жұмыс сапары Семей қаласынан басталды. Премьер-Министр ұшып-қону жолағы мен аэровокзалды реконструкциялау нәтижесімен танысты. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметовтың баяндауынша, әуежайды жаңғырту рейстер мен жолаушылар санын ұлғайтуға, сондай-ақ, ұшу кезіндегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға жол ашады.
2016 жылғы желтоқсанда «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында басталған әуежайды реконструкциялау жұмыстары биыл аяқталады. Жобаны іске асыру ұшу-қону жолағын, жер үстімен жүру жолдарын және перронды, сондай-ақ, аэровокзал ғимаратын жөндеуді қамтыды. Ұшу-қону жолағына қатысты жұмыстар толықтай аяқталған: бүгінгі таңда аталған жолақ облысаралық және облысішілік авиарейстердің әуе кемелерін қабылдап, жөнелтеді. Осы жылдың 2 қыркүйегінен бастап ұшу-қону жолағы «Өскемен — Семей — Үржар», «Семей — Алматы», «Семей — Астана» бағыттары бойынша Ан-24 типіндегі ұшақтарды қабылдайды. Аэровокзалға қатысты жалпы аяқталған жұмыстар бүгінде 93% құрайды.
Жаңғырту қорытындысы бойынша әуежай «В» санатындағы халықаралық әуежайларға арналған ИКАО (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) талаптарына сай болады. Ал бұл 300 жолаушыға дейін тасымалдай алатын Boeing, Airbus, ИЛ-76 типіндегі әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Яғни, тәулігіне 25-30 рейске дейін, сағатына 200 адамға дейін қызмет көрсетуге жол ашылады. Жолаушылар терминалының ғимараты қауіпсіз пайдалану талаптарына жауап беретін болады, ал ол жолаушыларға қызмет көрсету сапасын едәуір жақсартады.
- «Scat, Qazaq air, Bek air, Air Astana секілді отандық авиакомпанияларды тартумен қатар, Ресей Федерациясына, Түркияға, Мысырға, Біріккен Араб Әмірліктеріне халықаралық рейстерді ұйымдастыруға мүмкіндік туады. Аэровокзалда халықаралық және ішкі әуе қатынастарының жекелеген залдары пайда болады, заманауи тексеру жабдығы орнатылады. Жалпы, кешенде 250-ден астам адамға жұмыс орны ашылады», — деп баяндады Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары С. Ақтанов.
Еске сала кетейік, Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел өңірлерін жұмыс сапарымен аралап жүр. Осыған дейін Бақытжан Сағынтаев Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан), Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарында жұмыс сапарларымен болды.
 
Дереккөз: primeminister.kz