Жер комиссияларының жұмысы туралы
Автор: Семей қаласының ішкі саясат бөлімі
09-11-2018 16:28
Жер комиссияларының жұмысы туралы
Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 4 мамырдағы Заңымен Жер кодексіне бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Осы мақалада жер комиссиясының жұмысына қатысты түзетулерге тоқталғым келеді. 
Жер комиссиясы – жергілікті атқарушы орган (бұдан әрі – әкімдік) жанындағы алқалы орган, ол жер учаскелеріне құқықтар беру туралы, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс жеңімпазын айқындау туралы, жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы және су қорының жерін басқа санаттардағы жерге ауыстыру туралы өтініштерді (өтінімдерді) қарайды және қорытындыларды дайындайды. 
Осылайша, рәсім айтарлықтай жеңілдетілді, егер бұрын әртүрлі комиссиялар болса, енді бекітілген және тұрақты жұмыс істейтін бір комиссия.
Әкімдіктер жер комиссиясының оң шешімі және бекітілген жерге орналастыру жобасы негізінде жер учаскелерін беру туралы шешім қабылдайды, жер комиссиясының теріс шешімі болған жағдайда әкімдіктер жер учаскесін беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Жер комиссиясының құрамы әкімдікпен қалыптастырылады және тиісті мәслихатпен бекітіледі. Жер комиссиясының құрамына мәслихат депутаттары, сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің, қоғамдық кеңестердің, мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері енгізіледі. Әкімдіктің қалауы бойынша жер комиссиясының құрамына басқа да тұлғалар енгізілуі мүмкін. 
Жер комиссиясы тұрақты негізде жұмыс істейді. Жер комиссиясы мүшелерінің саны тақ болуы және 9 адамнан кем болмауы тиіс. Бұл ретте қоғамдық кеңестер, мемлекеттік емес ұйымдар, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің саны жер комиссиясы мүшелерінің жалпы санының кемінде 50% - ын құрауы тиіс. Жер комиссиясының отырысы, егер оған оның құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі. Бұл ретте қоғамдық кеңестердің, мемлекеттік емес ұйымдардың, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысып отырған өкілдерінің саны жер комиссиясының қатысып отырған мүшелерінің жалпы санының кемінде 50% - ын құрауы тиіс. Жер комиссиясының мүшелері оның отырысына ауыстыру құқығынсыз қатысады.
Жер комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады, егер оған жер комиссиясы мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, шешім қабылданды деп есептеледі.
Жер комиссиясының оң қорытындысының бір данасы 5 жұмыс күні ішінде жерге орналастыру жобасын дайындау үшін өтініш берушіге беріледі.
Жер кодексінің жаңа редакциясында жер комиссиясының оң қорытындысының нақты қолданылу мерзімі белгіленді, ол қабылданған күннен бастап 1 жылды құрайды. Осы мерзімді өткізіп алу әкімдіктің жер учаскесіне құқық беруден бас тарту туралы шешім қабылдауы үшін негіз болып табылады. 
Енгізілген түзетулермен жер комиссияларының отырыстарын міндетті түрде аудио және бейне жазбалар арқылы жазып алу регламенттелген. Бұл әкімдікпен жүзеге асырылады және материалдар белгілі бір уақыт сақталатын болады. 
Бұл материалдар жер комиссиясының шешіміне сотта шағымданған кезде пайдаланыла алады. Сотқа өтініш беру жер комиссиясының хаттамалық шешімінің орындалуын тоқтата тұрады.
 
 
«Шығыс Қазақстан облысының жер қатынастары басқармасы» ММ