Балаларды қорғау күні
Автор: Семей қаласының білім бөлімі
04-06-2018 12:31
Балаларды қорғау күні

2018 жылғы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Орталық алаңда жалпы орта, қосымша білім беру мекемелері және колледждердің музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің Шеруі өтті. Аталған мерекелік Шеру – бұл «Мәңгілік ел» жалпы ұлттық идеяны іске асыру жағдайларында мектеп оқушылары мен студенттерінің эстетикалық және патриоттық тәрбиесі факторы ретіндегі салтанатты, көше-фестивальдік шеруін қолдау және дамыту. Шеру Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бастамасы бойынша екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр.
Қаланың жалпы орта білім беретін мектептері, колледждері мен қосымша білім беретін мекемелері дабылшылар отрядын, ансамбльдерді, мажореткаларды, черлидерлерді, хор, би ұжымдарын дайындады. Шеруге 50 мектеп, 7 ұйым және колледждер қатысты.
Шеру әрқилы музыкалық аспаптар үнімен өтіп, музыкалық аспаптарда ойнау, қозғалыс, сондай-ақ музыкалық ұжымның бірыңғай үлгідегі киімдері – осының барлығы балалар мерекесін есте қалатындай, тартымды да, әсерлі қылды.
Шерудің жалғасы Ертіс өзенінің жағалауында «Нұрлы болашақ» республикалық акциясы аясында балаларға арналып өткізілетін мерекемен ұласты. Мұнда балаларға арналып спорттық және шығармашылық алаңдар ұйымдастырылды.
Балалар қызығушылықпен асфальтқа сурет салып, жас суретшілер Астана қаласының 20-жылдығына «Ең ұзын суретті» арнады. Суреттер тақырыбы Астананың мерейтойымен шектелмей, балалық шақ, патриотизм, бейбітшілік пен достықты да қамтыды.
Мектеп жанындағы лагерлердің «Мектеп әлемі», спорттық, «Караоке» сияқты сайыс алаңдары өз жұмыстарын жүргізді. Мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдар сәндік-қолданбалы өнер көрмесін ұйымдастырды.
Рубик кубигін жылдамдыққа жинап үйренгісі келгендер үшін арнайы оқытатын алаң ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, осы күні қаладағы ұйымдарда, мекемелерде, бизнес құрылымдарының кәсіпорындарында осы күнге арналған әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Балалар саябағында, Биологиялық орталықта, Достық үйінің ұлттық орталықтарында, қала кітапханаларында балалар мерекелері ауқымды түрде аталып өтті. Ал Абай және Достоевский атындағы театрларында «Жүрек іздеген қуыршақ», «Липунюшка» ертегі қойылымдары көрсетілді. Арнайы әлеуметтік көмек көрсету Орталығы өздерінің қарамағындағы балалар үшін жеке мереке ұйымдастырды. Бұл күні көптеген орындарда балалар үйінің балалары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін қайырымдылық шаралары өтті.
 

Білім бөлімі