«Бала сері – 2019»
Автор: Семей қаласының білім бөлімі
09-04-2019 11:24
«Бала сері – 2019»

Балалар мен жастардың шығармашылық сарайында тұңғыш Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, «Бала сері – 2019» сайысы  өтті. Қала мектептерінің  арасынан үздік 10 оқушы іріктеуден өтіп үлкен бәсекеге, өзара додаға түсті. 

Байқау жалпы орта білім беретін мектептердің 7-сыныптың ер балалары арасында өткізілді.

Сайыстың басты мақсаты жас ұрпақты ана тілін, тарихын құрметтеуге шақыру, әрі патриоттық рухта тәрбиелеу болып табылады.

Сайыскерлеріміз төрт кезең бойынша бақтарын сынады. «Жеті атасын білген ер – жеті рудың қамын жер» деген таныстыру кезеңінде барлық қатысушылар сайысқа жоғары деңгейде дайындықпен келгендерін байқатты.  «Өнерлі өрге жүзер» бөлімінде  жас серілер  әр түрлі жанрда өнер көрсетті.  Бірі домбыраның қоңыр үнімен құлақ құрышын қандырса, енді бірі әнімен тамсантты. Нағыз қазақ елінің рухты, өр тұлғалы ұрпағы өсіп келе жатқанын байқатты. «Күш атасын танымас» кезеңі көрерменнің ұлттық ойындарға деген қызығушылығын арттырды. «Білімді мыңды жығар» бөлімінде қатысушылар  халқымыздың салт-дәстүрінен, тарихынан берілген сұрақтарға жауап беріп, білімдерін сынға салды.

Байқау қортындысы бойынша жоғары ұпай санымен алдыға оза шығып, бас жүлдеге «Бала сері» номинациясына Бұлақ жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Мәдениетов Абылай ие болды. Қалған барлық сайыскерлер естелік сыйлықтар мен  әр түрлі номинациялар бойынша  дипломдармен марапатталды.