Басы » Семей қаласының білім бөлімі » Жаңалықтар » «МҰҒАЛІМ КҮНІН» МЕРЕКЕЛЕУГЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРА
«МҰҒАЛІМ КҮНІН» МЕРЕКЕЛЕУГЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРА
Автор: Семей қаласының білім бөлімі
02-10-2019 09:42
«МҰҒАЛІМ КҮНІН» МЕРЕКЕЛЕУГЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРА

Жыл сайын, қазан айының бірінші жексенбісінде еліміздің ұстаздар қауымы өзінің төл мерекесін атап өтеді. Білім беру мекемелерінде апта бойы «Ұстазға тағзым!» ұранымен әртүрлі іс-шаралар өткізіледі.  

Қаланың білім беру мекемелерінде 4466 педагог жұмыс істейді, өткен оқу жылы ішінде 1700 мұғалім  қалалық, облыстық, республикалық әртүрлі кәсіби конкурстарға қатысты.

Қаланың педагогикалық жұртшылығын құттықтау үшін № 49 орта мектепте қала әкімінің, білім беру қызметкерлерінің қалалық кәсіподағының, педагогикалық еңбек ардагерлері мен жас мамандардың қатысуымен мерекелік іс-шара өтті.   

Дәстүр бойынша қаланың білім беру саласына елеулі үлестерін қосқан үздік педагогтерге қала әкімі Е. Сәлімов грамоталар табыстады. Қалалық мәслихат хатшысы  
Б. Ақжалов қалалық «Үздік жыл педагогі» конкурсының жеңімпаздарын грамоталармен,  ал білім беру қызметкерлерінің аумақтық кәсіподақ ұйымының қалалық комитетінің төрағасы С. Ибраев кәсіподақ қозғалысын қолдап, әлеуметтік әріптестікті дамытқаны және өңірдің қоғамдық өміріне қатысқаны үшін белсенді педагогтерді марапаттады.

Аталмыш іс-шара барысында екі ауылдық мектептің директорлары құрметті демалысқа шығарып салынды, олар: «Қазақ КСРО ағарту ісінің үздігі» Б. Д. Сембаев және «Ыбырай Алтынсарин» белгісінің иегері С. К. Көпбаев.

Қаламызда педагог мамандығы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, династиялары қаланың білім беру жүйесінің тарихына енген педагогтер аз емес. Іс-шара кезінде педагогикалық еңбек өтілі 276 жылды құрайтын Мұхаметқазы Мұхамедиұлы династиясы мен еңбек өтілі 136 жылды құрайтын Н. А. Степанованың династиялары аталып өтілді. Қазіргі уақытта олардың ұрпақтары қаланың, республиканың оқу орындарында еңбек етуде.

Осы мерекенің шарықтау шегі – ол әр жылғы мектеп түлектері – қалалық мәслихат депутаты Р. С. Хазипов, С. Б. Қайрамбаев, кәсіпкерлер А. Е. Машимов, А. А. Егизеков, мәдениет қызметкері Б. Омаров, дәрігер В. В. Назаренко, Қазақстан барысы жүлдесінің екі дүркін күміс жүлдегері Е. Қажыбаев өздерінің алғашқы ұстаздарымен бірге келіп және оларға сахнадан өздерінің тілектерін білдіріп, барлық мұғалімдерге олардың мейірімділігі, төзімділігі және мамандығына берілгендігі үшін алғыс айту кезі болды.

Мереке биылғы жылы қала мектептеріне келген 62 жас педагогті мамандыққа қабылдаумен аяқталды.

Қонақтар үшін мерекелік концерт дайындалып, оған қаланың белгілі мәдениет қайраткерлері және Балалар мен жастардың шығармашылық Сарайының тәрбиеленушілері қатысты.