Акимат » Семей қаласындағы жастар саясаты 2016 жылдың 1 қаңтарына

Семей қаласындағы жастар саясаты 2016 жылдың 1 қаңтарына

Жергілікті атқарушы билік органдарының ішкі саясат саласындағы барлық жүргізілетін жұмыстары бірінші кезекте ішкі саяси тұрақтылықты, ұлтаралық және дінаралық келісімді нығайту, “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты  Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі бағыттарын жүзеге асыру арқылы азаматтық қоғам институттарымен өзара әрекеттесудің жаңа нысандарын табуға бағытталады.
Cемей қаласында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастар қоғамдық бірлестіктерінің, білім беру  мекемелерінің және еңбек ұжымдарындағы, ұйымдар мен кәсіпорындарындағы активтерінің мемлекеттік жастар саясатын іске асыру саласындағы қызметін үйлестіру; жастардың азаматтық бастамаларын, рухани-адамгершілік, зияткерлік, шығармашылық және дене күш-қуатының әлеуетін дамыту, қазақстандық отансүйгіштікті қалыптастыру мақсатында  "Жастар Орталығы"  КММ жұмыс атқарады. 
Жастардың бойында мәдениет, ұлттық дәстүр және рухани ұстаным негізінде отбасылық құндылықтарды құрметтеу сезімін тәрбиелеуге, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету және ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттау негізінде мақсатты іс-шараларды жүзеге асыру бойынша, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Семей қаласында 2015 жылы мәдени-көпшілік, спорттық іс-шаралар, акциялар мен дөңгелек үстелдер, семинар-тренингтер, жастармен кездесулер және т.б іс-шаралар өткізілді.
Семей қаласы әлеуметтік-демографиялық құрылымы тұрғысынан, негізінен жастар қаласы болып табылады. Статистикалық  мәліметтерге сәйкес, 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны 100 мыңнан астам немесе тұрғындардың жалпы санының  30%-ын құрайды. 
Жастардың басым бөлігі жоғары оқу орындары мен колледж студенттері.  4 жоғары оқу орны (2 мемлекеттік – Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, Семей қаласының мемлекеттік медицина университеті; 2 мемлекеттік емес – Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті, Қазақстан инновациялық университеті), 29 колледж (14 мемлекеттік, 15 мемлекеттік емес) бар. Студенттердің саны 32373, оның 12543-і жоғары оқу орынының, 19830- і колледж студенттері. 
Семей  қаласында тіркелген  24 жастар  ұйымдарының  17 белсенді жұмыс жасайды (Семей қалалық "Жас Отан" ЖҚ, ШҚО "Жасыл ел" жастар студенттік еңбек жасақтары, «Қазақстан жастарының қолдау» ШҚО ЖҚБ, «Сана»  ШҚО ЖҚБ, «Қазақстан студенттерінің альянсы» ресубликалық қозғалысының ШҚО филиялы, «Салауат» ШҚО ЖҚБ, «АМиДО» бірлестігі және т.б.). 2015 жылы жастар ұйымдарын қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен 17 млн. 495 мың теңге  қаражат бөлінеді, оның ішінде 4 млн. теңге 6 әлеуметтік қызмет пен жобаларды ұйымдастыруға жұмсалған:    
1. Жастар арасындағы ішімдік пен нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптасыру және денсаулықты сақтау мен күшейтудің тиісті шараларын жасау бойынша әлеуметтік қызмет;
2. Жастар кәсіпкерлігін дамыту бойынша әлеуметтік қызмет;
3. Семей қаласы жастары арасында зияткерлік және ораторлық әлеуетті арттыруға бағытталған әлеуметтік қызмет;
4. Семей қаласының Жаcыл ел және студенттік құрылыс жасақтары студенттік еңбек жасақтары штабының әрекет етуі бойынша әлеуметтік қызмет;
5. Жастардың мемлекеттік саясатпен ақпараттану деңгейін анықтау, жергілікті атқарушы билік органдарының жұмыстары туралы ақпаратты республикалық жетекші интеренет-ресурстарда орналастыру бойынша әлеуметтік қызмет. Контент-сараптама;
6. Мемлекеттік жастар саясатына Семей жастардың қанағаттану деңгейін зерттеуге және жастар ұйымдары қызметінде жастардың қатысу үлесін анықтауға бағытталған әлеуметтік зерттеу. 
Жылдың басынан бастап, жастар арасында ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» халыққа Жолдауын және елімізде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар жайында ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар «Жастар орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен, қаладағы жоғарғы оқу орындарында, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде өткізілуде.
Шығыс Қазақстан облысы студенттер Альянсы және «Mansory Club Semey» автоәуесқойлар  қозғалысының  белсенді жастары Қазақстан халқы Ассамблеясының мерзімінен бұрын Қазақстан Республикасының Президенті сайлауын өткізу туралы бастамасын қолдау және қала тұрғындарын сайлауға бірауыздан  қатысуға  шақыру  мақсатында  автошеру өткізді. 
2015 жылы  мемлекеттік тапсырыс аясында «Армысың әз Наурыз»,   «Жас Ұлан» әскери-патриоттық ойындары, «Жігіт сұлтаны» сайысы, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» сайысы, «Семей аруы» сайысы, «Кадеттер  балы», «Патриоттар форумы, «Жастар күні», «Арғы атам ер-түрк, біз қазақ еліміз» театрлық қойылымы, «Менің мамандығым – менің болашағым!» жұмысшы жастар форумы, мемлекеттік және орыс тілдерінде «Жайдарман» ойындары, «Дін және дәстүр» үгіт насихат шарасы, «Дін және жастар» республикалық семинары, «Қалалық жастар театрлары байқауы - 2015», студенттер күні, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Жастар бірлік үшін» форумы, Абай Құнанбаевтың 170 жылдығына арналған жас ақындар мүшәйрәсі, Семей қалалық жастар форумы,   пікір-талас турнирлері, олимпиадалар, спорттық және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды.
Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру саласында «Армысың, әз Наурыз» мерекелік іс шарасын өткізу және ұйымдастыру бойынша мемлекеттік тапсырыс аясында «Жастар орталығы» КММ, «Қазақстан жастарын қолдау» қоғамдық бірлестігі, «Нұр Отан» партиясының жанындағы «Жас Отан» ЖҚ, Қазақстан студенттері альянсының Семей қалалық филиалы бірлесе отырып орталық алаңда киіз үй тікті, концерттік бағдарлама, ұлттық ойындар ұйымдастырды. «Жастар» киіз үйінде мерекелік дастархан жайылып, ұлттық тағамдар, наурыз көже ұсынылды. Сонымен қатар, жастар қала тұрғындарына көп ұлтты Қазақстан халқының бірлігін насихаттайтын ұлттық оюлы ленталарды мейрамнан естелік ретінде сыйға тартты.
Халықаралық шахмат күніне орай Жастар орталығы қалалық спорт бөлімімен бірлесе отырып, шахмат және «Тоғыз құмалақ» ұлттық ойыны бойынша сайыс ұйымдастырды. Бұл сайысқа жастар, ардагерлер және т.б қала тұрғындары қатысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халқына Жолдауы аясында жастар ұйымдарының және жастардың жұмыс стратегиясы мен тактикасын анықтау мақсатында  9 қазан күні  «Жастар орталығы» КММ ұйымдастыруымен "Студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының Слеті", 16 қазан күні «Жастар орталығы» КММ  мамандары жоғарғы оқу орындарының Жастар ұйымдары көшбасшыларымен  кездесуі өткізілді.
13 қазан күні Семей қаласы «Жастар орталығы» КММ қолдауымен «Қазақстан жастарын қолдау» Шығыс Қазақстан облыстық жастар қоғамдық бірлестігінің  ұйымдастыруымен  Қазақ хандығының 550 жылдық мерей тойына орай «Арғы атам ер – түрік, біз қазақ еліміз» тақырыбында «Керей - Жәнібек» 2 бөлімді 11 көріністі тарихи драмасы ұйымдастырылды. Тарихи пьесаға қаламыздың ЖОО мен орта арнаулы оқу орындарының студенттерінен жасақталған ұжым жұмыс атқарды.
25 қазан күні Семей қаласының «Жастар орталығы» КММ ұйымдастыруымен және Ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Серпін 2050»  бағдарламасымен білім алушылармен өзге өңірлерден келген студенттердің қажеттілігін қамтамасыз етіп, бос уақытын ұйымдастыру және құқықтық, әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында кездесу ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы  аумағында «Мәңгілік ел жастары индустрияға» атты әлеуметтік жобасы аясында «Серпін 2050» әлеуметтік бағдарламасы қабылданып, еліміздің көптеген аймақтарында іске асырылуда.  Аталған бағдарлама аясында Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде 292 студент білім алуда.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай, қаланың орталық көшелерінде автошеру мен орталық саябақта  мерекелік концерт өткізілді. 16 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнінде «Халық қаһарманы» Қ. Рыскұлбековтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өткізілді. «Қазына» ойын-сауық кешенінде жастардың патриоттық флеш-мобы мен орталық саябақта мерекелік концерт ұйымдастырылды.
28 желтоқсан күні қалалық мәдениет сарайында Жастар форумы өткізіліп, форум барысында жастар саясатын іске асыруға қосқан үлестері үшін белсенді жастар 7 номинация бойынша қала әкімінің сыйлығымен марапатталды.
Семей қаласының Жаcыл ел және студенттік құрылыс жасақтары студенттік еңбек жасақтары штабының әрекет етуі бойынша әлеуметтік қызметін жүзеге асыру барысында Семей қалаласында жұмыс объектілерінде (Семей орманы, Қарттар үйі, №8 Балалар үйі, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі) көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары бойынша   16-29 жас аралығында - 1070 адам (маусым айында -435, шілде айында – 635)  жұмыспен қамтылды.  
Өткен жылы «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» және «Жұмыспен қамту орталығы» КММ берген ақпаратына сәйкес, 16-29 жас аралығында - 2256 адам («Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында – 382 адам) жұмыспен қамтылды.
 
Семей қаласы ІІБ ақпаратына сәйкес жылдың басынан 20 профилактикалық алдын-алу іс шаралары («Заңсыз тасымалдаушы», «Условник», «Қауіпсіз жол», «Қару», «Браконьер», «Мас жүргізуші» және т.б.), сондай-ақ жастардың шоғырлануы орындарында (ойын-сауық, жол қауіпсіздігі мен қала маңындағы алаптарында) 7 акция, 78 рейдттік іс-шаралар  ұйымдастырылды. 
Аталмыш іс-шаралардың нәтижесінде, алдын алу және одан әрі бақылау мақсатында, 16 – 29 жас аралығындағы - 1845 азамат  Семей қ. ІІБ тіркелді, бұл 2014 жылдың көрсеткіштерінен 20 тұлғаға көп (2014 жылы - 1825).
Талдау көрсеткендей, құқық бұзушылықтардың басым көпшілігі жоғары және орта арнаулы оқу орындарының аумағында студенттермен жасалған. Осыған байланысты, басты назар студенттік жастармен жұмысқа аударылуда.
Ұқсас жағдайлардың алдын алу үшін оқу орындарының басшыларымен бірлесе отырып, 20 студенттік топтар (жалпы мүшелер саны 128 адам) құрылды. Аталмыш студенттік топтар оқу орындарында қоғамдық тәртіпті қорғау ұйымдастыру үшін көмек көрсетіп, рейдттік іс шараларда, ЖОО, колледж және мектеп оқушыларына аранлған лекцияларға қатысты. 
2015 жылдың 10 ай мерзімінде кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар көрсеткіші 73,8% (2015ж. – 13 факт, 2014ж. – 56 факт), ал құқықбұзушылықтар көрсеткіші 0,06% (2015ж. – 3793 факт, 2014ж. – 3783 факт) төмендеді.
 
 
Ішкі саясат бөлімі
 

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
Өңдеу күні: 15-04-2016