Акимат » Семей қаласында тілдердің дамуы 2012 жылдың 1 қаңтарына

Семей қаласында тілдердің дамуы 2012 жылдың 1 қаңтарына

 

Тілдерді дамыту бойынша іс-шаралар Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңына және Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес өткізілуде. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесіне орайластырылып, еліміздегі тіл саясатының басым бағыттарын жүзеге асыру мақсатында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі 2011 жылы ішінде бірқатар іс-шаралар өткізді. 

Бүгінгі күні мемлекеттік тілді еркін меңгерген ересек тұрғындардың үлесі басым көпшілікті құрайды. Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады» - деген Елбасының сөзі бәрімізге төтенше міндет жүктейді. Осы міндеттерді орындау мақсатында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен қала тұрғындарына арналған ақысыз курстар ұйымдастырылуда, бүгінгі күні 4 топ жұмыс атқаруда. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» көрсетілген талаптарды жүзеге асыруға үлес қосу мақсатында жасалған салалық тілашар топтамалар, оның ішінде: «Дастархан», «Кәсіп», «Шаңырақ», «Саяхат», «Денсаулық», «Спорт», «Мәдениет», «Сауда», «Білім», «Қызмет»  қала тұрғындарына ақысыз таратылуда.  

Мектепке дейінгі тәрбиеленушілерден бастап, студенттер, мемлекеттік қызметкерлер, әлеуметтік аз қамсыздандырылған азаматтарға дейін мемлекеттік тілге ынталандыру жұмыстары жүргізілуде, атап айтсақ қала бойынша 2010-2011 оқу жылында мемлекеттік тілді оқыту үйірмелерінің жалпы саны 91 құрап отыр, мұнда  5 000 жуық адам оқиды.

Ақпан айының 10-ы мен наурыз айының 10-ы аралығында ҚР Президентінің «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында «Тілім менің – тірегім, елім деп соғар жүрегім» атты айлық өткізілді.  

Үстіміздегі жылдың 1 сәуірінде мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қалалық білім бөлімімен бірігіп жоғары сынып оқушылары арасында қалалық көптілді «Полиглот» олимпиадасын ұйымдастырды. 2 кезеңнен құралған олимпиаданың қорытындысы бойынша экономикалық лицейдың оқушысы Сочнев Максим жеңімпаз деп танылды.

6 сәуірде мектепке дейінгі тәрбиеленушілер арасындағы «Бала шақтан-болашаққа мемлекеттік тілмен» атты облыстық конкурсқа Семей қаласы атынан қатысқан № 13 балабақшаның тәрбиленушісі Калюжин Максим бас жүлдемен оралды. 

Орыс тілінің коммуникативтік – тілдік кеңістіктегі қолданысын сақтау мақсатында 7 сәуір күні  мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қазақ жастары арасында орыс тілі білгірлерінің «Өзге тілдің бәрін біл...» қалалық байқауын ұйымдастырды. 14-22 жас аралығындағы жастар қатысқан бұл байқауда Семей мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Шәріпбаева Әлия жеңіске жетіп, 1 орынды қанжығасына байлады.

14 сәуірде ЖОО студенттері арасында мемлекеттік тілді білуден өткен «Тіл-достықтың кепілі» атты қалалық конкурсқа 1-2 курс студенттері команда ретінде қатысты. Әділқазылардың шешімі бойынша Семей мемлекеттік педагогикалық институтының «Достық» командасы бас жүлдені, ал ҚазИГЗУ-нің «Тамыр» командасы 1 орынды иеленіп, жеңімпаз деп танылды.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Шығыс Қазақстан облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасымен бірге ағымдағы жылдың 25-26 сәуір күндері Семей қаласында «Мемлекеттік тілді оқытудағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың маңызы» атты ғылыми-практикалық және «Өзгерген атаулар, жаңарған ұғымдар» атауымен ономастика мәселелеріне арналған өңірлік семинарлар ұйымдастырды. Бұл семинарға облыстың қалалары мен аудандарынан өкілдер қатысты. 

Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ағымдағы жылдың  12 мамыры күні Семей қаласының мемлекеттік  органдарының  «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға  арналған мемлекеттік бағдарламасын орындауда атқарған жұмыстары және оның  іске  асу нәтижесін талқылауға арналған жиын өткізді. 

20 мамырда мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қалалық білім бөлімімен бірігіп «Қазақстанның болашағы-қазақ тілінде» атты тіл фестивалін ұйымдастырып өткізді.  Аталған фестивальға 50-ден астам мектептердің оқушылары қатысып, қатысқан адамдардың саны 2000-нан асты.  

Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген өзге ұлт өкілдерінің ықыласын арттыру, отансүйгіштік сезімді арттыру мақсатында өткізілген «Мақсұтым-тіл ұстартып өнер шашпақ» атты қалалық конкурсқа педагогикалық колледж студенті Бескаравайная Лидия облыстық байқауда Семей қаласы атынан қатысып, бас жүлдені иеленді.    

Маусым айының 10 күні қаламыздың ЖОО және ООО студенттері арасындағы қазақ жастары арасында ұйымдастырылған Оралхан Бөкей атындағы қалалық көркемсөз оқу шеберлерінің конкурсы өткізілді. Конкурсқа Шәкәрім атындағы СМУ, Қазақ ИГЗУ, бизнес колледж студенттері қатысты. Ерекше талантымен танылып, көзге түскен  Семей мемлекеттік педагогикалық институтының 2 курс студенті Аймұханова Баян конкурстың жеңімпазы атанды. 

Тамыз айында мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуын көпшілікке тарату мақсатында өзге ұлт жастары арасында мемлекеттік тілді білуден «Мемлекеттік тілді білу-парызың» атты қалалық олимпиада өткізілді. Семей педагогикалық институтының студенті Либгард Мира 1 орын алып, облыстық конкурсқа қатысып, бас жүлдеге ие болды. Сондай-ақ тамыз айының 17 күні құқық корғаушы мемлекеттік органдарда қызмет істейтін мамандар арасында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты қалалық командалық конкурс ұйымдастырылды. Бұл сайыста «Шығыс» Өңірлік қолбасшылығының  «Қазақ рухы» командасы жеңімпаз деп танылып, облыстық байқауға жіберіліп, облыстан 1 орынды жеңіп қайтты. 

18-тамыз бен 18 қыркүйек аралығында Қазақстан халықтарының тілдері күніне арналған «Жалтақтамай өзге тілді ұлысқа, ен алдымен өз тіліңді дұрыста» айлығы өткізілді. Аталған айлық шеңберінде тілдің көкейкесті мәселелерін ең жақсы көтерген журналистер арасында  «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты конкурсын, сондай-ақ 13 қыркүйек күні жас ақындар арасында «Ғасырлар өскен есілім, жырлармен жеткен есімің»  атты мүшәйра өткізілді, «Тілдердің ұштұғырлығы» мәдени жобасының аясында мемлекеттік, орыс және ағылшын тілін еркін меңгерген жастар арасында «Тілдарын» қалалық олимпиадасы өткізілді, мұнда Шақаман орта мектебінің ағылшын пәні мұғалімі Ахмышева Ақерке өзінің үш тілді жетік меңгергенін көрсетті. 21-22 қазан күндері Мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының Семей қаласында өтетін «Бір Отан, бір тіл-тәуелсіз Қазақстан» атты облыстық форумы ұйымдастырылды. 7 желтоқсанда «№15 бала-бақша» ММ-де мектепке дейінгі мекемелердегі өзге ұлт өкілдері тәрбиеленушілері арасында мемлекеттік тілді білуден «Бала шақтан-болашаққа мемлекеттік тілмен» атты қалалық конкурсы өткізілді. 

14 желтоқсанда қалалық балалар және жастар шығармашылығы сарайында қала жастары арасында «Біз мемлекеттік тілде сөйлейміз!» атты акция өтіп, жастардың патриоттық сезімдерін, өз тіліне деген құрметтерін көрсетті. 21 желтоқсан күні қалалық Достық үйінде мекемелер мен кәсіпорындар арасында «Жылдың ең үздік аудармашысы» атты конкурсы өткізіліп, аудармашылар өздерінің кәсіптік біліктіліктерін көрсетуде күш сынасты. 

Өңдеу күні: 24-04-2012