Акимат » Қазақстан - 2050

Қазақстан - 2050

2050 - Стратегиясы - нұрлы болашаққа бастайды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  2012 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстан халқына арналған    Жолдауы – баршамызға жаңа серпіліс берді. Жолдау – еліміздің даму перспективаларына жасалған жаңа саяси  бағыт. Өткенімізді өлшеп, келешегімізді кемелдеуге көмектесер, адастырмас тарихи құжат деп білеміз. Мемлекеттілігіміздің, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың,   қоғамдық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз бен халықаралық беделіміздің жыл санап артуы – әрине, Елбасымыздың сындарлы саясатының нәтижесі.

Жолдауда: «Дәл он бес жыл бұрын біз 2030 жылдарға арналған стратегиялық бағдарлама қабылдадық», - дей келе Елбасы, мемлекетіміздің әр жылдардағы түрлі жетістіктерін атап өтті. Біз отыз үш жылдың жоспарын он бес жылда орындаппыз. Тамаша нәтиже! Дамыған 50 елдің қатарына қосылу үшін – бір ғана қадам аттасақ, жеткілікті. Бірақ, біздің әлемге танылған тәуелсіз Қазақстанымыз – мұнымен тоқталмақ емес. Оған  Елбасымыздың жолдауы кепіл.

Мемлекетіміз үшін қажетті барлық саланы қамтыған бұл жолдауды Қазақстан халқы жылы қабылдады, жоғары баға берді. Біз де құптай отыра тыңдадық. Әсіресе, тіл тағдыры, білім саласы, жастар саясатын қолдау туралы айтылған ойлар – бізді,  педагогтарды бір серпілтіп  тастады. Атап айтқанда, «Балапан» бағдарламасының 2020 жылға дейін жалғасатындығы, балаларды мектепке дейінгі білім беру және тәрбиемен 100% қамтуға қол жеткізу міндеті қойылғандығы, оқыту әдістемелерін жаңғыртужәне өңірлік мектеп орталықтарын құра отырып, білім берудің онлайн-жүйелерін белсене дамыту керектігі, инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясатын қалыптастырудың қажеттілігі – болашақта атқарылар істің жаңаша бағдары болатын.

Ал, бәрімізді толғандырар тіл мәселесі туралы: Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде! Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез-келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз - туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Тағы да қайталап айтайын, қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады. Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде ғана, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз», - деді Елбасымыз тебірене тұрып...

«Білім беру және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары» - деп жолдаудың бір тармағында аталып өтілгендей, мемлекетіміздің дамыған елдер қатарына қосылуына білім беру ұйымдарының, оның ішінде педагогикалық колледж ұжымының да  қосар үлесі мол. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауының өз ошағымызда жалғасын тауып жататындығының куәсіміз.

Әр тармағы тарам-тарам ойға жетелейтін бұл Жолдаудың жолы болсын деп тілейміз! Бәрімізге нұрын   шашқан құтты жол болғай!

 

Г.  Абылқасымова, колледж оқытушысы


Патриоттық сезім жастарға тән болуы керек

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, соның ішінде  психология мамандығының студенттері арасында да қызу   талқыланды.

Студенттердің біліктілігі мен білімділігі тек рухани-адамгершілік қасиеттердің негізінде қалыптасатыны белгілі. Психология кафедрасының профессорлық-оқытушы құрамы аталған мәселеге ерекше мән береді. Елбасының жыл сайынғы Жолдауын психология мамандығында оқитын студенттері арасында әрбір топта оқытушылардың қатысуымен талқылау жүргізілді. Жолдаудағы көптеген ұсыныстар студенттердің көңілінен орын тапты, өз пікірлерін ашық әрі нақты жеткізе отырып, ой толғауларын ортаға салды. «Патриоттық сезім – бұл тұлғаның сынын түсіретін сезім бе, әлде жоғары саналылық па?» атты пікірталас өтті. «Патриотизм» және «патриоттық сезім» туралы студентердің ұғымдары әртүрлі болды. Дегенмен өз Отанына, туған жеріне, халқына, жақындарына, туған тіліне өз көзқарастарын    студенттер үлкен сүйіспеншілік толғаумен көпшілікке ой сала жеткізді.

Қоғамдағы әлеуметтік-экономикалык өзгерістерге байланысты оқыту - тәрбие мақсаты мен мазмұнының өзгеруі, әдістер жүйесін жаңартады. Жолдауда Елбасы көтерген бәсекеге қабілеттілік идеясы ел дамуының ұлттық ауқымдағы ішкі факторларымен қатар, жаһандық жағдайда да басты идеяға айналды. Сол сияқты Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде  де білімнің бәсекеге қабілеттілігі бірінші орынға қойылып отыр.  Сондықтан, мемлекет тарапынан болып жатқан барлық оң өзгерістерге біздің жастарымыз да ат салысып жатқандығын атап өткім келеді.Қазіргі жастардың өмір сүру формасы ерекше, осыған сәйкес  жастарда психиканың жаңа және жоғары формасы – өзіндік  санасының қалыптасуы және оның дамуы қазіргі білім, оқыту, тәрбие мен  ғылымының негізгі мәселелерінің бірі болып қалуда. Патриоттық сезім – бұл тұлғаның сынын түсіретін сезім емес  жоғары саналылық пен жауапкершілік екендігін жас ұрпақ жақсы сезінуде деген ойдамын.

Шолпан САТИЕВА, психология ғылымдарының кандидаты, доцент


Жүректерге жол тапқан жолдау

Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Семей қаласындағы оқу орталығында Ішкі істер органдары кадр бөлімдерінің, тәрбие аппараттары ҚР  Президенті Н.Ә. Назарбаевтың  «Қазақстан – 2050» Cтратегиясы  - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауын іске асырудағы негізгі бағыттарды насихаттау мақсатында дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстелге Оқу орталығының бастығы полиция полковнигі С.Дәулетқожанов, «Нұр Отан» партиясының  Семей қаласындағы филиалы саяси кеңесінің бюро  мүшесі, МЖЗҚ Семей қаласындағы ЗҚ филиалының директоры Д. Даирова, сондай-ақ оқу орталығының бөлім және цикл бастықтары қатысты. Ең алдымен сөз алған оқу орталығының бастығы С.Дәулетқожанов басты мақсат  - оқу орталығында арнайы алғашқы даярлықтан өтіп жатқан болашақ құқық қорғау қызметкерлеріне лайықты тәлім-тәрбие берудің маңыздылығына тоқталып өтті. Яғни, Елбасының «Қазақстан – 2050» Жолдауында жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінгендігі оқу орталығы қызметкерлерінің жауапкершілігін одан әрі күшейте түспек деген тұжырым жасады. Жолдау барысында Президенттің жастарға, жалпы ұлтқа патриотизм туралы, қазақ елінің болашағы туралы таратқан үндеуі болашақ құқық қорғау қызметкерлерін дайындаудағы басты бағыт екенін түсіндіріп берді. «Ендігі қазақ қоғамында көпшілікті толғандыратын мәселенің бірі – діни ахуалдың жай-күйі. Әрине, біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сунниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Жастарды үлкендерді сыйлауға негізделген. Біздің ата-бабаларымыз ешуақытта қыз баланың бетін бүркемеген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ізгі дін – Ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал», – деген Елбасының сөзі қазіргі уақытта шешуі кезек күттірмейтін қоғамдағы келелі мәселелердің басын ашып бергені хақ. Жастарды ата-анасын құрметтеуге, туған жерін қадірлеуге, қандастары мен бауырластарына ізгілікпен қарауға, елі үшін адал қызмет ететін абыройлы да намысты азамат болуға тәрбиелеу баршамыздың Отан алдындағы қасиетті парызымыз екенін баса айтты. Басшының айтқан ойын сабақтай жалғастырған    Д.Даирова бүгінгі таңда Қазақстанның бағыт-бағдары баршамызға айқын екенін айта келіп, «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз  сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек»  деген Президент үндеуін басты назарға ұсынды. Елбасының жастарға орасан үміт артып, қазақ елінің жарқын болашағына деген кәміл сенімін жеткізді. Сондай-ақ, Елбасының қазақ тілінің тағдыры туралы айтқан сөзіне тоқтала келе, «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз» деген тұжырымына тереңірек тоқталды.

Бұдан кейін дөңгелек үстел оқу орталығының жалпықұқықтық және әлеуметтік пәндер циклінің оқытушысы, полиция капитаны Ж. Жұмағалиева «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тарихи рөлі» атты түсіндірме сабағымен жалғасты. Сөз басын сонау 1991 жылдың 1 желтоқсанында қазақстандықтар өздерінің тұңғыш Президенттерін сайлап, сенім артып, ел тәуелсіздігін аманат еткен сол бір тарихи белестерден бастаған баяндамашы ойын тәуелсіздік тарихынан сыр шертетін тамаша слайдтармен қатар өрбітті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып, бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де жетеді. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін», – деп айтқан сөзінің бүгінгі күні шындыққа айналғанын көріп отырмыз дей келе, тәуелсіздіктің таңсәрі шағында айтылған бұл сөздің бүгінгі таңда ақиқатқа айналуын күллі әлем мойындап отырғанын атап айтты. 

Ермек ЕРЕЖЕПҰЛЫ,«Семей таңы»


Кәсіпорындармен келісім-шарт жасалды

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «...біздің басты мақсатымыз - 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру», «...жеке бизнестің, үкіметтік емес және қайырымдылық ұйымдарының, жеке адамдардың әлеуметтік жауапкершілігі білім беру саласында айрықша көрінуі керек», білім мен кәсіби дағдыларға ие болу үшін «...біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеругедайын болуға тиіс» деген болатын. Ұлт Көшбасшысының алға қойған мақсаттарын жүзеге асыру мақсатында  Шәкәрім атындағы СМУ жыл сайын Жұмыс берушілердің Кеңесін өткізеді. Биылғы жылы да университет ректоры Ш. Әмірбековтың баста-уымен жұмыс берушілер кеңесі болып өтті. Отырыста  университеттің білім беру бағдарламалары, мамандарды даярлау сапасы және оларға деген еңбек нарығындағы сұраныс мәселелері қарастырылды. Жұмыс берушілердің біздің бітірушілерге деген сұранысы жыл сайын артып келеді. Осы мақсатта «Ромат» ФК ЖШС, «СемМикс» ЖШС, «Тамаша» ЖШС, «Семей орманы» МОТР және т.б. білім беру траекторияларын жасауға қатысуда.

Отырыс барысында «Семей машина жасау зауыты» АҚ бас директоры Нұрлан Омаров өз баяндамасында, қазіргі заманның еңбек тенденциялары жайлы, кадрларды даярлау туралы айтып өтті. «Қазіргі кезде біз Қазақстанның еңбек нарығындағы тенденцияларды білеміз. Еліміздің экономикасы  жылдан жылға дамып келе жатыр. Сонымен қатар, зауыт-фабрикаларда шетелдің сан аулан техникалары жұмыс істеуде. Ал, ол техниканы басқаратын, тілін білетін мамандар жоқтың қасы. Біздің басты қоятын талабымыз- ол мамандардың бізге сай келуі. Техниканың тілін ұғып, өз жұмысын жақсы атқаратын болса екен. Осы орайда, біз Шәкәрім атындағы СМУ-мен жұмыс істейміз. Бізге керек кадрларды даярласа, біз оларды жұмысқа алуға дайынбыз», - деді.

Сондай- ақ, жиында Семей қаласының кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Ә. Сүйчинов «Жуырда еліміздің Премьер министрі С.Ахметовтың Семей қаласындағы ресми сапарында айтқанындай, Семей - іскерліктің көзі бар қала, бұрын жұмыс істеген,қазіргі таңда жабылып қалған барлық зауыттарды қайта ашу жоспарда бар екенін айтып кетті. Және де ол үшін кәсіби мамандар қажет болады. Ал,  кадрларды даярлау оқу орындардың еншісін-де деген болатын. Мен  толықтай Үкімет басшысымен келісемін. Сонымен қатар, біз де шағын бизнесті дамыту керек. Жас кәсіпкерлерге жол көрсететін шағын бизнесті қолду орталығын ашу керек», -деп атап өтті. 

Білім беру бағдарламаларының еңбек нарығының талаптарына неғұрлым сәйкес келуі мен студенттердің практикалық машықтарын меңгеруі үшін университет кәсіпорындармен бірлесе отырып біртіндеп филиалдарды ашуда. «Техникалық физика» кафедрасының филиалы орналасқан ҚР Ұлттық ядролық орталықтың тәжірибесі көрсеткендей еңбек нарығы практикалық машығы бар маманды талап етеді. Сондықтан біздің университеттің студенттері бірінші курстан бастап кәсіп-орындарда білім ала бастайды. Осыған орай, отырыстың соңында Семей былғары-мех комбинатының бас директоры Ж.Рахымғалиев, «Прииртыш - бройлерлік құс фабрикасы» ЖШС бас директоры Б.Тастекеев пен Шәкәрім атындағы СМУ ректоры Ш. Әмірбеков - өзара меморандум-шартқа қол қойды. Екі ірі кәсіпорынмен келісім-шарттың басты мақсаты - өзара бір шешімге келе отырып, білікті де, білімді кадрлар даярлау. Отырыста университет ректоры Ш. Әмірбеков кәсіп-орын басшыларына, жұмыс берушілерге ұсыныс жасады, жыл сайын жасалынатын студенттердің оқу жоспары енгізіледі, сонда жұмыс берушілер қандай пәндерді оқытқанды қалайтын еді, болашақ білікті мамандарға қандай пәндер жетіспейді, сол жайында сөз қозғады. Қазіргі таңда көптеген студенттеріміз практикадан өткенде қаладағы кәсіп-орындарға баратыны анық. Біздің басты мақсатымыз, ел болашағының дамуына үлес қосатын жоғары деңгейдегі, технологияны жақсы меңгерген, білікті, де білімді жастарды даярлау екенін өз сөзінде айтып өтті.                                          

Қарлығаш ХАУАСБАЕВА


Жолдау жүктеген міндеттер сараланды

Жуырда Семей қалалық әкімдігі  ішкі саясат  бөлімі, ақпараттық жұмыс секторының  ұйымдастыруымен  ««Прииртыш бройлерлік құс фабрикасы»» ЖШС еңбек ұжымында Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы талқыланды.

Жиынға арнайы шақырылған қаламыздың жоғары оқу орындарының ғалымдары, ақпараттық насихат топ өкілдері қатысты.

Келелі отырысты аталмыш кәсіпорынның басшысы Бейсенғазы Тастекеев ашты. Ол Елбасы Жолдауының басты бағыттарында көрсетілгендей, кәсіпорын бойынша экологиялық таза өнім өндіру, жұмыспен қамтамасыз ету, қолжетімді баспана мәселелері бойынша қолға алынып жатқан шараларға тоқталып, құс еті шаруашылығын дамытудағы өз ойын жеткізді.

Мұнан кейін мінбеге көтерілген қалалық әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары  Ержан Сүлейменов  Шәкәрім атындағы СМУ оқытушысы, ауылшаруашылық  ғылымдарының докторы, профессор Кеңесхан  Қожанов, Қазақ қаржы – экономикалық академиясының кафедра меңгерушісі, PhD докторы Берік Кадыров жаңа Жолдаудағы Елбасы жүктеген міндеттемелерді ортаға салды.

Профессор К.Қожанов азық-түлік қауіпсіздігі, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және индустриалды-инновациялық даму бағытындағы ауқымы кең шаралардың барлығы да қоғамның заманауи қажеттіліктерге бейімделуі үшін жасалып отырғандығын атап өтіп,  ауыл шаруашылығы өніміне, сапалы маман кадрларға қазір жаһандық сұраныс артуда деген пікір білдірді. Сондықтан,    Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында          агроөндірістік кешенді дамытудың жаңа бағыттарын атап көрсеткендігіне тоқталды.

Жүздесуде экономика бағыты бойынша  PhD докторы Берік Кадыров инновациялық экономика, «Үшінші индустриалдық революция» идеяларының  түпкі мән-маңызын анықтап берді. Бұл ретте, экономиканың нақты секторында жұмыс жасайтын қарапайым еңбекші қауымға, жастарға үлкен үміт артылатындығына тоқталды.

Отырыс қонақтары өз кезегінде еңбек ұжымын, жастарды жаңа заман талабына сай үнемі ізденісте болып, білімге ұмтылып, біліктілікті арттыруда ешқашан қалыс қалмауға шақырды.

Семей қаласы әкімдігінің ақпараттық насихат секторы


Елбасы Жолдауы- болашаққа бағдар

ҚР Президентінің  «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Жолдауы ұзақ мерзімді әрі тәуелсіздік туын бойтұмар етіп ұстайтын  болашаққа арналған стратегиялық бастамалар мен ерекшеліктері айқын жаңа жеті  басымдықты бүкіл әлемдік тенденциялармен байланыстырды. Бұл аталған оқиға тәуелсіз тұғыры биік еліміздің, қуатты да табысты мемлекетіміздің бәсекеге қабілетті жаңа экономикалық прагматизмді қалыптастыратын, құқықтық сауаттылығы жоғары ел болатындығын нақтылады. Сонымен қатар әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері    әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілікке баса назар аударуды талап етеді. Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту мәселелері  бойынша да алға сенімді мақсат қойды.

Елбасы  Жолдауының бір тармағы сот және құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғырту екендігі белгілі. Құқықтық саясаттың маңызды мәселесі деп азаматтардың Конституция кепілдік беретін сот арқылы қорғалу құқығын жүзеге асыруды тапсырды. Құқықтық мемлекетіміздің белгісінің бірі болып осы – Сот билігінің заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарына тәуелсіз қызмет атқаруы болып табылады. Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі еліміз Конституциясымен және 2000 жылғы 25 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңмен және басқа да заң актілерімен белгіленетіні анық. Сот билігі және оның ұлттық заңнаманы жетілдірудегі  әрі дамытудағы рөлі жылдан-жылға мемлекеттілікті және құқықтық саясатты нығайтудың жаңа міндеттеріне сай ұштасып отыр.

Жолдауда сот төрелігінің жүзеге асыру процесін оңайлату, оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылту және жаңа ақпараттық технологияларды белсенді енгізу мәселесі де маңызды алғышарттарды қалыптастыруға баса ден қойып отыр. Сонымен қатар соттардың жұмысын жеңілдету мақсатында болмашы мәселелер бойынша дауларды соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру қажет деп есептеп, Қазақстандағы сот билігінің мәртебесін арттыруды және   судьялардың сот төрелігін жүргізген кезде дербес, тәуелсіз,  тек заңға бағынатын сот жүйесін дамытуды көздейді. Сот билігінің беделін көтеру және сот төрелігін жүзеге асыратын соттарға әділ шешімдер мен Қазақстан Республикасы азаматтарының     сенімдерін қалыптастыратын  шаралар қабылдануға тиіс деп, Қазақстан Республикасының Соттарына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.

Сот билігі мен судьялардың   алдында тұрған басты міндет – өзіндік құқықтық білімі жоғары,  белсенді сот тәрбиелеп, жоғары сапалы маман шығару. Қоғамдағы түбегейлі өзгерістер заң жүйесінің қарқынды дамуына, құқықтық саналы адамды қалыптастыру, дамыту мақсаттары басты орында. Құқықтық білім алушылардың заң шығармашылығын дамытуға бет бұру, ой-пікірінің дербестігі мен еркіндігін кеңейту, құқықтық санасын арттыру, олардың өз бетімен білім алуға деген көзқарасын кеңейту, өз тәжірибесінде жаңа жағдайларға байланысты әлемдік озық тәжірибелерді қолдана алу, яғни біліктіліктерін қалыптастыру және дамыту  да бірінші кезектегі мәселе. Құқықтық сауаттылық – әділ сот төрелігін жүзеге асырушы соттардың білімділігі жаңа Қазақстан мен ортақ еңбектің, халықтың, мықты мемлекеттің бірлігі.

Елбасымыз  «Өлшем біреу ғана – өте жоғары этика және кәсібилік. Ел бірлігі  -ең асыл қасиет. Бірлік, ынтымақ, сабырлық пен парасаттылық ең алдымен өзімізге – қазақтарға керек» деп атап өтті. Болашаққа арналған стратегиядағы басымдықтардың жүзеге асуына ат салысу, қолдау көрсету соттар мен құқық қорғау жүйесінің үлкен міндеті. Соттардың мерейін үстем етіп, беделін көтеретін, келешектен зор үміт күттіретін Стратегиядағы міндеттердің орындалуына өз үлесімізді қосамыз.

 Еркебұлан ЖАСҰЛАНОВ, Семей қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының кеңсе бас маманы


 

Өңдеу күні: 16-10-2013