Акимат » 2013 жылдың 9 айында мемлекеттік сатып алу заңдылығының сақталуына жүргізілген бақылаудың нәтижелері туралы хабарлама

2013 жылдың 9 айында мемлекеттік сатып алу заңдылығының сақталуына жүргізілген бақылаудың нәтижелері туралы хабарлама

ШҚО бойынша Қаржылық бақылау Инспекциясы Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламаның Шығыс Қазақстан облысында 2013-2015 жылдары іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарының 20 тармағын орындауда, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың сақталуына жүргізілген бақылау нәтижелері бойынша келесі ақпаратты хабарлайды.

2013 жылдың 9 айына 245 тексеру жүргізіліп, жалпы сомасы 7078,0 млн. теңгеге мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың бұзушылықтары (қорытындысына әсер еткен) анықталды, соның ішінде: жергілікті бюджеттің ұйымдары мен мекемелері бойынша жалпы сомасы 4955,8 млн. теңгеге мемлекеттік сатып алу туралы заңнама бұзушылықтары анықталды немесе өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2993,4 млн. теңгеге кем (7949,2 млн. теңге).  Ағымдағы жылы бюджеттік бағдарламалар әкімгерлері тұрғысында бұзушылықтардың ең көп сомасы төмендегі мекемелерде анықталды:

- сәулет, қала құрылысы және құрылыс – 3461,3 млн. теңге, ол бұзушылықтардың анықталған жалпы сомасынан 69,8% құрайды;

- білім беру – 631,4 млн.теңге (12,7%), ағымдағы жылы мектептер мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінің басым көпшілігін бақылаумен қамту есебінен өткен жылмен салыстырғанда бұзушылықтар сомасы 498,7 млн.теңгеге артқан;

- ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары –  415,6 млн.теңге (8,4%).

Алайда облыстың қалалары мен аудандарында да бұзушылықтың өсуі алаңдатушылық туғызады. Бақылау объектілері тұрғысында, мысалы, бұзушылықтардың елеулі сомасы «Күршім ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» ММ - 658,0 млн.теңге, «Риддер қаласының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» ММ (569,8 млн.теңге), «Бесқарағай ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» ММ (502,1 млн.теңге), «Аягөз ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» ММ (355,8 млн.теңге), «Тарбағатай ауданының құрылыс бөлімі» ММ (269,5 млн.теңге), «Жарма ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» ММ (263,5 млн.теңге), «Бесқарағай ауданының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ (165,1 млн.теңге), «Күршім ауданының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ (162,6 млн.теңге) көлемінде анықталды. Бұл келтірілген мысалдар қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдарында бұзушылықтар сомасының артып келе жатқанын растайды. Тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік сатып алу рәсімі бұзушылықтарының ең көп мөлшері облыстың аудандары (қалалары) бюджеттерінің орындалуына Инспекциямен кешенді бақылау жүргізу кезінде, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу мониторингінің нәтижелері бойынша жоспарлы және жоспардан тыс бақылау іс-шараларын өткізу кезінде анықталады. 

Жалпы, ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңы талаптарының бұзылуына жол бергені үшін ағымдағы жылы 114 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды (2012 жылдың 9 айында – 98 лауазымды тұлға); 33 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды (өткен жылы – 30), 10 бақылау материалы процессуальды шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына тапсырылды. 

Мемлекеттік сатып алу саласында құқық бұзушылыққа жол бермеу және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында, Инспекция өз бастамасы бойынша ағымдағы жылы ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының нормаларын дұрыс қолдану және түсіндіру бойынша бақылау объектілері өкілдерінің қатысуымен 84 семинар-кеңес өткізді (бірақ Инспекция заң жүзінде бақылау функциясына ғана ие болса да), өйткені көп жағдайларда мемлекеттік сатып алу бойынша заңнаманы білмеу (жеткіліксіз білу) салдарынан бұзушылықтарға жол беріледі. Алайда, Заңды білмеу немесе жеткіліксіз білу бұзушылықтарға жол беруге және кінәлі тұлғаларды жауапкершіліктен босатуға негіз болып табылмайды. 

Тәртіптік және әкімшілік сипатта қабылданған шаралар, құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыстар, бюджеттік бағдарламалар әкімгерлерімен және бақылау объектілерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізу өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, ағымдағы жылы бұзушылықтар санының азаюына әкеліп соқты, бұл жоғарыда айтылғандай, жалпы, оңды фактор болып табылады.

 

Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың бұзушылықтарына жасалған талдау, бақылау объектілерімен (мемлекеттік мекемелермен, мемлекеттік кәсіпорындармен және мемлекеттік сатып алу процесіне енгізілген басқа ұйымдармен) мемлекеттік сатып алу процесінің келесі бұзушылықтарына жиі жол берілетіндігін көрсетті:

1) заңнамамен көзделмеген жағдайларда, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүзеге асырудан негізсіз бас тарту – яғни, тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүзеге асырусыз сатып алу: орындалған рәсімдер болмаса да тауарларға (жұмыстарға, қызметтерге) қаражат аудару немесе қолма қол есеп айырысу, өнім берушіні таңдау, жоспарлау (электрондық веб-портал немесе сатып алудың басқа  тәсілдері арқылы).

2) ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 4 бабын негізсіз қолдану -  яғни, негіздемелер болмаса да, Заңның 4 бабына сүйене отырып мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды негізсіз жасау, атап айтқанда: шарттарды ведомстволық бағынысты кәсіпорындармен қызметтің негізгі мәні бойынша жасамау. 

3) бір көзден тәсілімен сатып алу бойынша бұзушылықтар – өнім берушіні негізсіз таңдау, әлеуетті өнім берушінің біліктілігі бойынша құжаттары болмауы, әлеуетті өнім берушінің баға негіздемесі бойынша құжаттарының болмауы;

4) баға ұсыныстарына сұрау салу тәсілімен сатып алу бойынша бұзушылықтар – хабарландыруларда өнім берушілерге негізсіз талаптар белгілеу, тауарларды сатып алу кезінде сауда атауларына нұсқама жасау (фирмалық белгісі, тауарлық белгісі және өзгелер);

5) жоспарлау бойынша – нақты күнтізбелік кезеңге мемлекеттік сатып алу жоспарына тиісті өзгертулер енгізусіз тауарлар (жұмыстар, қызметтер) сатып алу (қаржыландыру жоспарына өзгерістер енгізгенде, кірістер мен шығыстар сметасын өзгерткенде).

6) ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 44 бабы бойынша отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау шаралары бойынша бұзушылықтар – Заңның 44 бабының талаптарын сақтамай, яғни жалпы негіздерде отандық тауар өндірушілерден сатып алу үшін тізбеге енгізілген тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру (СТ-КЗ сертификаттарымен, мүгедектердің қоғамдық ұйымдары және өзгелер).

7) электрондық конкурс тәсілімен сатып алу бойынша – аталмыш тәсіл бойынша бұзушылықтар әр түрлі:

- конкурстық құжаттама жасау кезіндегі бұзушылықтар (негізінде «Техникалық ерекшелік» қосымшасында – өнім берушіге негізсіз талаптар қою), мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға «жаңалықтар» қолданысқа енгізілуіне байланысты конкурстық құжаттамаға өзгерістерді дер кезінде енгізбеу;

- әлеуетті өнім берушілердің конкурстық өтінімдерін бағалау бойынша бұзушылықтар (өтінімдерді қабылдамау үшін негізсіз себептер көрсету, материалдар мен қаржы ресурстарын игеру бойынша біліктілік талаптарына жауап бермейтін өнім берушілерді конкурсқа қатысқанға дейін негізсіз жіберу, өнім берушілерді «ойдан шығарылған» негіздемелер бойынша конкурсқа қатыстырудан негізсіз бас тарту);

- «Жұмыс тәжірибесі», «Жергілікті/Қазақстандық мазмұн» сияқты критерийлер бойынша өнім берушілердің шартты бағасына пайыздық ықпалды есептеу кезіндегі бұзушылықтар – растайтын құжаттарсыз «нақты» өнім берушілер үшін пайызды арттыру.

  Жоғарыда аталған барлық бұзушылықтар көп жағдайда мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы жеткіліксіз зерделеу және сақтау; тапсырыс берушілердің «өз адамдарына» қарай ыңғай танытып, сатып алудың айқын жеңімпаздарымен шарт жасасуға ниет білдірмеуі салдарынан болған.

Мемлекеттік сатып алуды Ұйымдастырушыларға ұсыныс ретінде, конкурс тәсілімен сатып алуды өткізу кезінде Электрондық конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес және сатып алу бағыттарын есепке ала отырып, конкурстық құжаттама әзірлеуді ұсынамыз. Сондай-ақ, қаражатты жедел игеру және конкурс тәсілімен қайтадан рәсімдер өткізу фактілерін болдырмау мақсатында, міндетті түрде әлеуетті өнім берушілермен конкурстық құжаттаманың қағидаларын түсіндіру бойынша заңнамамен көзделген кездесуді өткізу қажет. 

Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша тапсырыс беруші болып штаттарында заңгерлері жоқ мемлекеттік ұйымдар (соның ішінде мектептер, балабақшалар, мүгедектер үйі) қатысатындығын ескере отырып, өнім берушілерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары деп тану бойынша талап арыздардың үлгісін әзірлеу қажет деп санаймыз.

Бұдан басқа, ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңы талаптарының бұзылуына жол бермеу, сондай-ақ осы салада сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын болдырмау бойынша алдын алу шаралары ретінде: 

1. Кәсіпорындардың,  мекемелердің және ұйымдардың басшыларына арнайы білімі (қаржыгер, экономист, бухгалтер) бар тұлғаларды таңдай отырып, мемлекеттік сатып алуды өткізумен айналысатын мамандардың сапалы құрамын жақсартуды; 

2. Мемлекеттік сатып алуды өткізу жөніндегі комиссияның құрамына міндетті түрде заңгерлерді және мемлекеттік сатып алу мәселелерінде анағұрлым құзыретті тұлғаларды енгізуді;

3. Барлық комиссия мүшелерінің қатысуымен, енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды дер кезінде ескере отырып, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы зерделеу бойынша жүйелі түрде техникалық оқыту жүргізуді; 

4. Мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының тексеру жүргізу нәтижесінде анықталған, ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңы талаптарының бұзылуы бойынша әр тексерудің қорытындысын басшының қатысуымен өткен өндірістік кеңесте қарауды және бақылау объектісінің кінәлі лауазымды тұлғаларын міндетті түрде тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұсынамыз.                 

 

 

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қаржылық бақылау Инспекциясының баспасөз қызметі

Өңдеу күні: 19-02-2014