Акимат » Семей қаласында тілдердің дамуы 2014 жылдың 1 қаңтарына

Семей қаласында тілдердің дамуы 2014 жылдың 1 қаңтарына

Қаламыздағы тілдерді дамытуға байланысты  іс-шаралар  ҚР «Тіл туралы» Заңы ҚР Үкіметінің биыл бекіткен «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес өткізілуде.

2011 жылы қабылданған Мемлекеттік бағдарламада мемлекеттік тілдің дамуының нақты кезеңдері мен бағыттарын көрсетілген. Бүгінгі мақсат - ел азаматтарын Президент қойған талапты орындауға жалпыға бірдей тарту «Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді меңгеруі қажет, еліміздің тұрғындары 2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 80%, 2020 жылға қарай - 95% мемлекеттік тілді білуі қажет».  Бүгінгі күні қала халқының 72% мемлекеттік тілді, 89% орыс тілін, 2,2% ағылшын тілін меңгерген. Осы Жолдауда көрсетілген көрсеткішке жету мақсатында мектеп жасына дейінгі тәрбиеленушілер, мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындары студенттері  және ересек тұрғындар (мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, ұстаздар, банк мекемесі қызметкерлері) арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылуда.     

Мемлекеттік тілде оқытудың инфрақұрылымын дамыту, қала халқының лингвистикалық капиталын арттыру мақсатында 2013 жылы тілдерді оқыту орталығын ашу туралы қала әкімінің қаулысы қабылданып, қыркүйек айында Қазақстанда  тұратын  барлық этностардың тілдерін сақтау арқылы ұлттық бірлікті нығайтудың негізгі факторы ретінде мемлекеттік және өзге де тілдердің кең көлемді қолданысын қамтамасыз ететін  үйлесімді тілдік саясатты жүзеге асыру мақсатында Семей қаласында тілдерді оқыту орталығы  ашылды. Оқыту орталығы тұрғындардың мемлекеттік, ағылшын және ана тілдерін оқуына мол мүмкіндік береді. 2013-2014 оқу жылының 1 жартыжылдығында барлығы 335 тыңдаушы мемлекеттік, ағылшын және басқа да тіл оқыту курстарынан өтті, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер – 78 адам, қала тұрғындары – 257 адам. 4 ұлттық-мәдени орталық жанында жексенбілік мектептер қызмет атқарады, мұнда неміс, татар, корей және иврит тілдері оқытылады. Жексенбілік мектептерде барлығы 67 оқушы оқытылады. 

Мемлекеттік қызметкерлердің 89,1% мемлекеттік тілді өз қызметінде қолдануда. Бұл құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлес салмағын көтеруге мүмкіндік берді және де 2013 жылы қала әкімі аппараты мен дербес бөлімдердің шығыс құжаттарының 99,6 % мемлекеттік тілде орындалады. 

Жергілікті атқарушы органдардың тіл заңнамаларын сақтауын бақылау мақсатында Семей қаласы әкімдігінің «Қала әкімі аппараты мен жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын дамыту мен кеңейту туралы» 2012 жылғы 28 желтоқсанда № 1867 қаулысы қабылданды. Бөлім мамандары тоқсан сайын жергілікті мемлекеттік мекемелердегі көрнекі ақпараттарға тексеру жүргізіп, анықталған сәйкессіздіктер бойынша әдістемелік көмектер көрсетеді. 

Қала әкімдігінің 2011 жылғы 18 қарашадағы №1277 «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша 2011-2013 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, Қазақстан халықтарының рухани және ұлттық бірлігінің басты факторы ретіндегі мемлекеттік тілдің рөлін арттыру мақсатында көптеген іс-шаралар өткізілді. 

Мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мен түсіндіруде бұқаралық ақпарат құралдарының алар орны ерекше екені мәлім. Жергілікті БАҚ-да 2013  жыл ішінде 43 мақала жарияланып, элдектронды БАҚ-да 18 бейнематериал, 11 тақырыптық хабар эфирге шыққан. 

2013 жылдың қаңтар айынан бастап  2 фестиваль, 9 конкурс, 2 семинар, 3 айлық, пікір-сайыс турнирі, жастар акциясы  өткізілді. 

Мемлекеттік бағдарлама шеңберіндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, қалада 2013 жылдың 18-ақпан – 18 наурыз аралығында  бөлімнің ұйымдастыруымен «Ұлттық тегіміз – ұлттық нышанымыз»  атты  ұлты қазақ азаматтарының тегін, әкесінің атын және жалқы есімдерін реттеу мақсатында, «Нұр Отан» ХДП, «Пікір-сайыс клубатырының бірлестігі» қоғамдық қоры, «Жас Отан» жастар қанатынан», қалалық АХАЖ бөлімі, білім бөлімінің мамандары, оқушылар мен студенттердің қатысуымен айлық өткізілді. Айлық барысында № 16, № 32 және №47 орта мектептері базасында дөңгелек үстелдер өткізіліп, жастарға аталған айлықтың мақсат-міндеттері жөнінде кеңінен насихатталды. Қала мектептерінде аталған айлық аясында түрлі насихаттық жұмыстар жүргізілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 2 сәуірдегі «Ұлты қазақ азаматтарының тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығына сәйкес  тегін өзгертуге тілек білдірген азаматтар саны 64 жетті. 

22 ақпанда қазақ жастарының арасында «Тіл – барлық білімнің кілті» тақырыбында орыс тілін білуден қалалық конкурсы өткізіліп, қаламыздың 9 колледжінен студенттер сынға түсті. Нәтижесінде Семей қаласының Семей Мемлекеттік Медицина Университетінің 1 курс студенті Деменова Гаухар жеңімпаз атанып, ағымды жылдың 15 наурызында өткен облыстық байқауда  II орынды иеленіп қайтты.  

25 наурыз – 25 сәуір аралығында қаламыздағы көрнекі ақпараттың тілін «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының 21-бабына сәйкестендіру, мазмұнын ұлттық мағынада беру бағытында жүйелі жұмыстар атқару мақсатында «Сауатты тіл – сауатты жарнама» атты айлық өткізілді. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандарымен аталған акция аясында қала ішінде тексеру рейдтерін жүргізіп барлығы 273 нысан тексеріліп, 101 бұзушылық анықталды. Бүгінгі күні бұл қателіктердің 93 түзетілді. Бөлім мамандары әр аптаның  сәрсенбі күні қала ішіндегі жарнамаларды тексеру мақсатында рейдтерге шығып отырады.  

29 наурызда қалалық білім бөлімімен бірігіп жоғары сынып оқушылары арасындағы қалалық көптілді «Полиглот» олимпиадасын ұйымдастырылып, олимпиадаға  қаламыздың жоғары сынып оқушылары қатыстырылды. 

12 сәуірде іс-шаралар жоспарына сәйкес қаламызда алғаш рет «Тіл шебері» атты жастар арасында қалалық  конкурс өткізілді. Байқау мақсаты: үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарға қолдау көрсету, мемлекеттік тілдің қолдану мәртебесін арттыру, іскерлік және халықаралық қарым-қатынас құралы ретіндегі тілдерді жастардың меңгеру деңгейін анықтау. Аталған байқауда қаламыздың жоғары және орта оқу орындарынан 18 бен 30 жас аралығындағы 17  үміткер білім және өнер сайысына түсті. Қалалық байқауда М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің студенті Құндыз Сериканова  I орынды иеленіп, Өскемен қаласында өткен облыстық байқауға қатысып, I орынды иеленіп қайтты.

18 сәуірде өзге ұлт жастары арасында қазақ тілі білгірлерінің «Тіл – халық жанын танудың кілті» атты  қалалық  конкурс өткізілді. Байқау мақсаты: мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгерген өзге ұлт  жастарын анықтау және ынталандыру. Конкурсқа 14 – 22  жас  аралығындағы жоғары және орта оқу орындарының жастары қатысты. Конкурс қорытындысы бойынша I орынды Шәкәрім атындағы СМУ студенті Андрей Остапенко, Өскемен қаласында өткізілген облыстық байқауда қаламыздың намысын қорғап,  1 орынды иеленді. 

26 сәуірде Қазақстан халқының бірлігі күні аясында «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деген фестиваль ұйымдастырылды. Фестивальға қала мектептерінен барлығы 2000-дай оқушы қатысты. Сонымен қатар, жексенбілік мектептер арасында «Народа каждого язык и прекрасен и велик...» атты фестиваль өткізілді. 

22 мамыр күні мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мақсатында «Мақсұтым тіл ұстартып, өнер шашпақ...» атты қалалық Абай оқулары байқауы өткізілді. Қалалық байқаудың жеңімпазы болған М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің студенті Алиса Шмидт ағымды жылдың маусым айында облыстық конкурсқа қатысып қайтты.  

24 мамыр күні қалалық Достық үйінде орыс әлеуметтік-мәдени орталығымен, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжімен, Семей мемлекеттік педагогикалық институтымен бірлесіп  «Славян мәдениеті мен жазбасының күндері» өткізілді.

29 мамырда «Тілдің көкейкесті мәселелерін ең жақсы көтерген журналистер арасында  «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты байқау өткізіліп, байқау қорытындысы бойынша «Тілдер шеруі» айлығының салтанатты жабылу салтанатында «Үздік басылым» номинациясы бойынша жергілікті «Ертіс өңірі» газеті, «Үздік автор» номинациясы бойынша «ТВК-6» теларнасының тележүргізушісі- тілшісі Шынар Жанабаева және жергілікті «Семей таңы» газетінің тілшісі Сәтжан Қасымжанұлы марапатталды. Облыстық деңгейде өткізілген тілшілер арасындағы конкурсқа «Семей таңы» газетінің тілшісі Әйгерім Сарсенғали «Үздік автор» номинациясы бойынша жүлделі орынға ие болды.

31 мамырда қалалық О. Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің конкурсы өткізіліп, қалалық байқаудың жеңімпазы Нұрлан Хасихан облыстық байқауға қатысты. 

13 қыркүйекте Қазақстан халқы тілдері күні шеңберінде өткізілген «Тілдер шеруі» айлығының жабылу салтанатында жыл бойы мемлекеттік тіл саясатының басым бағыттарын жүзеге асыруда қосқан үлестері, көп жылдық еңбектері, мемлекеттік тілге үлкен қолдау көрсетіп жүрген қызметкерлер мен жастар марапатталып, оларға алғыс хаттар мен ескерткіш сыйлықтар табыс етілді. 

Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін, ана тіліміздің деңгейін, айтыс өнері арқылы асқақтатып, ұлттық мәдениетімізді кеңінен дамыту мақсатында ағымды жылдың 10 қыркүйегінде қаламыздың жас ақындары арасында «Туған тілім – сарқылмайтын қазынам» атты жас ақындар айтысы өткізілді. Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдені сөз шеберлігін асқақтата білген Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің студенті Серік Қуанған иеленді. 

25 қыркүйек күні Семей қаласының тілдерді оыту орталығы базасында үш тілді - қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік  меңгерген  қабілетті жастарды  анықтау және қолдау мақсатында қалалық «Тілдарын» олимпиадасы ұйымдастырылды. Олимпиадаға ЖОО мен қала мектептерінен барлығы 23 қатысушы қатысып, 1 орынды № 20 жалпы орта білім беретін дамыта  оқыту мектебінің тәлімгері Тоғжан Торыбаева иеленді. Т. Торыбаева ағымды жылдың 17 қазанында Өскемен қаласында  өткен облыстық олимпиадаға қатысып, 1 орынды иеленді. 

Ағымды жылдың 25 қазанында Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің оқу ғимаратында, Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Ономастика – қоғамның толғақты мәселелері» тақырыбында семинар-кеңес отырысы өткізілді. Семинар-кеңеске Семей, Риддер, Курчатов қалаларының,  Абай, Аягөз, Бесқарағай, Жарма, Зайсан, Катонқарағай, Көкпекті, Күшім, Тарбағатай, Үржар аудандары әкімдерінің орынбасарлары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің бастықтары мен мамандары, Семей қаласының жергілікті атқарушы органдарының, жоғары оқу орындарының ғалымдары, қоғамдық ұйымдардың және БАҚ-тың өкілдері қатысты. 

1 қараша күні  мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, жергілікті әскери бөлімдерде қызмет істейтін әскери қызметшілер арасында «Мемлекеттік  тіл - мемлекеттік  қызметте» атты қалалық командалық конкурс  ұйымдастырылды.   Байқауға әрқайсысы 3 әскери қызметшіден  жасақталған № 32355-Қ, 28738, 44793, 54770, 16752, 16443 әскери бөлімдерден 6 команда қатысты. Байқау қорытындысы бойынша 1 орынды             № 44793 әскери бөлімінің «Айбын» командасы жеңіп алды. 

14 қараша күні Өскемен қаласында ұйымдастырылған «Туған тілім-сарқылмайтын қазынам» атты облыстық жазба ақындар мүшайрасына Семей қаласының жас ақындары да қатысып, Бас жүлдені (сыйлық қоры  - 70 мың теңге)  жерлесіміз Бауыржан Игілік иеленді.  

11 қарашада қалалық Мәдениет сарайында жастар арасында көркем әдебиет оқу мәдениетін қалыптастыру, соның ішінде жергілікті қаламгерлер шығармашылығын насихаттау мақсатында жазушы, драматург Медеу Сәрсеке оқулары өткізілді. Байқауда Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің студенті Лаура Әубәкірова І-ші орынды иеленді. 

20 қарашада Шемонаиха ауданында облыс әкімі Б. Сапарбаевтың қатысуымен «Бір Отан, бір тіл-Тәуелсіз Қазақстан» атты мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының V облыстық форумы өткізіліп, аталған форумға Семей қаласынан 8 өзге ұлт өкілі қатыстырылды. Фоурм аясында Семей қаласының М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің студенті, қалалық, облыстық, республикалық Абай оқуларының жүлдегері Юлия Соснинаға мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге үлес қосқаны үшін облыс әкімінің алғыс хаты мен сыйлығы табыс етілді.

6 желтоқсан күні «№2  Айдана» ясли бақшасы» мемлекеттік мекемесінің ғимаратында қалалық балабақшаларда тәлім алып жүрген  5-6  жас аралығындағы  кішкентай өзге ұлт бүлдіршіндері арасында «Біз қазақша сөйлейміз!» атты байқау ұйымдастырылды.  Байқауға қаламыздың 10 балабақшасы қатысты. Дәл осындай іс-шара қазақ тілінде тәрбиеленетін мекемелер арасындағы қазақ балалары арасында 13 желтоқсанда өткізілді.

Желтоқсан айының 7-8 күндері  Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің оқу ғимаратында  қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Пікір-сайыс клубтарының бірлестігі» Қоғамдық Қорының бірлесіп ұйымдастыруымен «Үш тұғырлы тіл негізі – жастардың жарқын болашағы» атты оқушылар мен студенттер арасындағы пікір-сайыс турнирін өткізді. «Қазақстан Республикасындағы  тілдерді дамыту мен қолданудың  2011-2020 жылдарға арналған»  мемлекеттік  бағдарламасын және  Елбасының Жолдауын іске асыру барысында жастар арасында мемлекеттік тіл саясатының басым бағыттарын жүзеге асыру мақсатында өткізілген турнирге қаламыздың мектеп оқушылары, орта және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. 

Семей қаласының тілдерді оқыту орталығы бойынша: 

Қала әкімінің 2013 жылғы 12 сәуірдегі №564 қаулысының негізінде «Семей қаласының тілдерді оқыту орталығы» құрылды. 3 қыркүйекте орталықтың ашылу салтанаты болып өтті. Бұл шараға ШҚО Лингвистикалық орталығының, Бесқарағай, Бородулиха, Зырян, Ұлан, Глубокое, Шемонаиха аудандары мен Курчатов, Риддер қалаларындағы Тілдерді оқыту орталықтарының директорлары, қаламыздағы ЖОО басшылары, оқытушылары, зиялы қауым өкілдері және мәдениет мекемелерінің қызметкерлері қатынасты.  

09 қыркүйекте әкімдіктің 60 мемлекеттік қызметкеріне,  15 қала тұрғынына ағылшын тілін оқыту курсы басталды.  

12 қыркүйектеТілдерді оқыту орталығы «Қазақстан жолы» тәрбие-білім орталығымен бірлесіп, тілші, педагог, психолог, саясаттанушы ғалымдардың қатысуымен «Ересектерге тіл меңгертудің өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Нәтижесінде Семей мемлекеттік медицина университетінің оқытушылары ақысыз оқытылатын мемлекеттік тіл курсына және Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті мен ҚазИГЗУ-дың оқытушылары ағылшын тілін ақылы түрде оқыту курстарына қатысып жүр.

16 қыркүйекте Семей қаласының тілдерді оқыту  орталығы қала әкімінің қолдауымен әкімдіктің 200 мемлекеттік қызметкерін қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтайтын ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша байқау сынағынан өткізуді  ұйымдастырды.

20 қыркүйекте Семей өңірлік онкологиялық диспансерінде мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі оқытушыларға арналған қалалық семинарда орталық директорының ұсынысымен қаладағы денсаулық сақтау мекемелерінде қазақ тілі бірлестігі құрылды.

01 қазанда 30 мемлекеттік қызметкерге және 55 қала тұрғынына мемлекеттік тілді меңгерту курсы басталды. 

Мемлекетіміздегі тіл саясатын және Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыстар әлі де жалғасын табады.

Өңдеу күні: 18-07-2014