Басы » Акимат » Жаңалықтар » Өзекті мәселелер ортаға салынды

Өзекті мәселелер ортаға салынды

Өзекті мәселелер ортаға салынды

 

Семей қаласының 2012-2014 жылдарға арналған бюджеті туралы шешімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, әлеуметтік көмек көрсету үшін мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарын бекіту туралы және де көше атын өзгерту туралы мәселелер сәрсенбі күні өткен Семей қалалық мәслихатының кезектен тыс алтыншы сессиясында қаралды.

Сессия жұмысына Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов, мәслихат хатшысы Жағыпарбек Елубаев қатысты. Депутат Серік Жансұлтанов төрағалақ еткен отырыста халық қалаулылары күн тәртібінде қойылған мәселелерді талқылауға кірісті. 2012 – 2014 жылдарға арналған бюджетке өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша Семей қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы Сүлеймен Медеуовтың есебі тыңдалды. Бөлім бастығы бюджеттегі қаржының игерілу барысы мен оның орындалу деңгейін айта келе, әр салаға қарастырылған қаржының қалай жұмсалып жатқандығын жіліктеп берді. ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне, және оларға теңестірілген тұлғаларға және мүгедектерге, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, ауған соғысында қаза тапқан отбасыларына материалдық көмек көрсетуге, облыстың дамуы мен өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген, еңбегі сіңген зейнеткерлерге материалдық көмек қарастырылғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, алтын және күміс алқа белгілерімен марапаттал-ған көп балалалы аналарға, «Батыр ана» атағын алған ақ жаулықты жандарға көмек көрсетуге де қаржат қарастырылған. Сүлеймен Медеуұлы айтқандай, биыл «Спартак» футбол клубына да қомақты қаржы бөлініп отыр. Семей қаласын жылумен үздіксіз қамтамасыз етуде де кешенді түрде жұмыстар атқарылуы тиіс. Бұл ретте жылу жүйесінің жағдайын одан әрі жақсартуға тиісті қаражат бөлінген. Сондай –ақ, білім беру саласын дамытуға, мемлекеттік білім беру тапсырмасын жүзеге асыруға да жергілікті билік тарапынан қолдау бар. Мемлекеттік деңгейдегі бағдарламалар бойынша да біраз істің беті қараған. «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы шеңберінде ауылдық елді мекендерді дамытуға бағытталған жұмыстарға да қаржылай көмек болды. Осы ретте халық қалаулылары да бірқатар толғандыратын сұрақтардың шетін шығарды. Депутат Руслан Шелдебаевты қаланың оң жағалауындағы Цементшілер кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің арасындағы жылу жүйелерінің жай –күйі алаңдатса, Ермек Сұлтанов қаладағы аялдамалар мен жарықтандырудағы жұмыстардың жағдайын сұрады. Қос депутаттың сауалдарына Семей қалалық ТҮКШ мамандары жауап берді. Қазір қаланың бірқатар аудандарында жарықтандыру жұмысы түпкілікті қолға алынған. Атап айтқанда,  Шығыс, Бобровка, Силикатный сынды кенттер мен қала сыртындағы саяжай алқаптарындағы жарықтандырулардың бірқатарын атап шықты. Ал, болашақта әмбебап аялдамалар да қалада қаз-қатар тізіледі. ТҮКШ мәліметіне қарағанда қазір Семейде 8 әмбебап аялдама орнатылған. 2012 – 2014 жылдарға арналған бюджетке енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды депутаттар бірауыздан қолдады.

Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов халық қалаулылары алдында биылғы жарты жылдықта жоспарлы түрде жүзеге асқан жұмыстарды айтып өтті. Қазір қаланың кіріс бөлігі де ұлғайып келеді. Әлеуметтік маңызы бар нысандардың да екінші тынысы ашылғандай. Басшылыққа келген бірінші күннен бастап жылудың жағдайын жақсартуды қолға алған Айбек Мүталапханұлы жылу жүйесіндегі бірқатар түйінді мәселелерді шешті. Тұрақты түрде облыстық және республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен әр салада сапалы істер ілгері басты.

- Қала бюджетінен, облыс және республикалық қазынадан қарастырылған қаржыны барлық бөлімдерге тең бөлеміз. Әсіресе, әлеуметтік саланың сапасын жақсартуда аса мұқиятпыз. Жылу жүйесіндегі жұмыстардың ашық және жариялы түрде екендігін білесіздер. Оң жағалаудағы көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі жылу жүйелерін жөндеу жоспарда бар. Жалпы, Семейдің коммуналдық – энергетикалық саласын жабдықтауда 100 млрд. теңге қаржы керек. Қомақты қаржы қарастырылып жатса, Семейдің осы саладағы проблемалары түпкілікті шешілетін еді. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Семейге сапарлап қайтты. Мен қала тұрғындарын толғандырып жүрген барлық мәселелерді ортаға салдым. Сәтін салса Семейде серпін берер ілкімді істер іске асырылады, - деп атап өтті Айбек Кәрімов.

Күн тәртібінде қаралған тағы бір мәселе – әлеуметтік көмек көрсету үшін мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарын бекіту. Әлеуметтік көмек көрсету құқығы бар жеке тұлғаларды анықтау да бұл күнде күн тақырыбында. Көмекке мұқтаж жандардың жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар жұмыстар бізде де бар. Атап айтқанда, ҰОС ардагерлері мен мүгедектері, көп балалы, тұрмысы төмен отбасылар, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар, жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған балалар, ең төменгі күн көріс деңгейінен төмен қамтылған азаматтар айқындалып, әлеуметтік көмек алу үшін құжаттарын жинап, тиісті мекеме бекітілген шешім бойынша жұмыс атқаратындығы айтылды сессияда. 

Күн тәртібіндегі үшінші мәселеге байланысты Набережная көшесін ішкі істер саласының ардагері, генерал-майор Долда Досболовтың атымен атау туралы ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Сессияда қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.         

Ерзат ЖАНАТҰЛЫ